«Азаматтарға арналған үкіметтің» міндеттері

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жетекшілігімен мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстарын табысты атқаруда.

Бүгінде реестрдегі 741 мемлекеттік қызметтің 454-і, яғни 61% электрондық форматта қолжетімді. Жыл өткен сайын электрондық жолмен көрсетілетін қызмет саны өсіп отырады, 2020 жылы оның үлесі 90% құрауы тиіс.

Мәжілісте өткен үкімет сағатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов «Цифрлық мемлекет қалыптастыру барысында азаматтардың цифрлық жаңашылдықтарға деген қызығушылығын тудырып,  оларға оның қыр-сырын үйретіп, үнемі еліктіріп отыру қажет. Сондықтан да бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды – өзіне жаңа міндет қылып қойып отыр», — деп атап өтті.

Көрсетілетін электрондық қызметтер санының артуына байланысты мемлекеттік корпорация халық арасында қызметтерді онлайн алуды үйрететін шаралар өткізіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруда. Бұл мақсатта республикамыздағы барлық ХҚО жаңғыртылып жатыр. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторының аймағы 60%-ға дейін ұлғайтылуда, онда кеңес беруші мамандар азаматтарды электрондық портал қызметін өз бетінше пайдалануды үйретеді.

Сонымен қатар биылдан бастап цифрлық ХҚО-лар ашыла бастады, онда оператор мамандар қызмет көрсетпейді, тек кеңес берушілер өздігінен қызмет алушы азаматтарға бағыт-бағдар береді. Цифрлық ХҚО-лар Астана, Алматы, Шымкент және Қостанай қалаларында жұмыс істейді.

Цифрлық фронт-офистер барлық облыс орталығында ашылуы тиіс. Онда қазақстандықтар қызметтерді өздігінен алып қана қоймай, арнайы жабдықталған оқу кластарында цифрлық сауаттылығын арттыра алатын болады.

Аблайхан Оспановтың айтуынша, мемлекеттік корпорация Астанада 12 желтоқсанда ХҚО-ның жаңа буыны болатын, Қазақстандағы ең алғашқы Электрондық қызметтер орталығын ашады.

Анықтама:

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 598 мемлекеттік қызмет қолжетімді, бұл мемлекеттік тізілімде бекітілген мемлекеттік қызметтердің 80%.

11 ай ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 30 млн-нан астам қызмет көрсетті, оның 16 млн-ға жуығы электрондық форматта.

10 желтоқсан 2018 ж.      

 Астана қ.