Ұрпағымыз саналы, намысты әрі арлы болсын десек…
Қазақстан- Zаман газетіміздің өткен (28 қаңтар, 2016ж. №4) санында ҚР. еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының: “Азғындық — мемлекетімізді күйрететін зауал. Оны бәріміз бірлескенде ғана жеңеміз, ағайын!” атты мақаласы жарияланды. Көп те жаза бермейтін, бір жазса, ең күрделі көкейкесті мәселені егжей-тегжейлі сараптап, салмақтап жазатын қайраткердің осы мақаласын оқып, өз ой-пікірімді ортаға салуды жөн көрдім. Ел анасының бұл мақаланы аналық мейірлі жүрегін сыздата отырып, күпті көңілімен күңірене жазғандығына ешкім де шүбә келтірмесі белгілі. Бүгінгі қоғамымызда орын алып отырған аса қатерлі жағдайларды алға тартқан бұл мақаладағы аталмыш жағдайларға, еліміздегі бүкіл саналы адамдардың бей-жәй қарамасы анық деп ойлаймын.
Міне, осы мақалада еліміздің болашақ иелері саналатын бүгінгі жастарымыздың қазіргі жағдайының қандай екендігін автор ашына жазыпты. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, біз ащы болса да бұл шындықты мойындауымыз керек. Мойындап қана қоймай, оны түзетудің қандай жолдары бар екендігін, халық болып талдау жасап, талқыға салып, оның дұрыс жолға қойылуына ықпал етуіміз керек. Ал сол дамытқан, көркейткен еліміздің болашақ иелерін тәрбиелеуде тым салғырттық таныттық-ау деген ой келеді. Олай деуіме осы мақаладағы аталмыш жағдайлар дәлел болып отырған жоқ па? Иә, бұл, өзіңіз айтып отырғандай, ұлтымыздың, қоғамымыздың әрі отбасымыздың қасіреті! Бұл қасіреттің осыншама өршуіне имансыздығымыз басты себеп десек те, ұрпағымызды ұлттық тәрбиемен сусындата алмаған, яғни олардың санасына қазақы тәрбиені әу бастан сіңіріп өсіре алмаған ата-аналар өзіміз кінәліміз. Әрбір ата-ана ұрпағы үшін өз міндетін абыроймен атқарған болса, бүгінде бұл қасірет жайлы сөз қозғалмаған болар еді. Біз осыған бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамымызды, заңды, билікті кінәлаймыз, түптеп келгенде, ол да бекершілік. Пайғамбарымыз: «Бес нәрсе келместен бұрын мына бесеудің қадірін біліңдер. Қаусаған қарттықтан бұрын желкілдеген жастықтың; Сырқаттанбастан бұрын денсаулықтың; Кедейліктен бұрын байлықтың; Қарбаластан бұрын бос уақыттың; Өлместен бұрын өмірдің қадірін біліңдер», — деген екен. Міне, сол айтқандай, біз жастықтың қадірін білсек, қайта оралмас жастық шақты осындай азғындықпен өткізбес едік. Денсаулықтың қадірін білсек, уыздай жас денемізді түрлі азғындықпен уламас едік. Ал өмірдің қадірін жастарды қойып, өзіміз қаншалықты деңгейде біле аламыз?.. Қазақта «Қарты бар үй — қазыналы» деген бір аталы сөз бар. Ол рас. Ата-әженің тәрбиесін көріп өскен жастардан имандылық, ибалылықтың, ізеттіліктің нышаны “мен мұндалап” тұрады. Осыны ойласақ, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін әуелі өзімізге сын көзбен қарап, кемшілігімізді түзетіп, кемімізді толтыруымыз керек. Бір ғана мысал айтайын, «еркегі үйіне қонбайтын үйдің қызы етегін жаппайды, еркіндік сақтайды. Қылық сақтап, қымсынбайды» дейді. Міне, азғындық осындайдан бастау алады… Ал “жігіттен намыс кетті, қыздан ар кетті” депсіз. Ол да шындық. Алайда, түптеп ойласақ, оған да өзіміз кінәлі болып шығамыз. Есейіп қалған ер балаларымызды ер-азаматқа лайық етіп тәрбиелеуден адамыз. Бүгінгідей баршылықтың арқасында “ақ саусақ” болып өскен ұлдарымыздың ұсақталып кетуіне сол себеп. Жігіттерімізде жігіттік ірілік жоқ, отбасы, ошақ қасынан аспаған жігітсымақтарымызда қайдан ондай намыс, жігер қайрат болсын. Ал қыздарымыздан ар кеткелі қашан. Ең қауіпті де ең өзекті мәселе осында! Өзіңіз айтқандай, «Қызға қырық үйден тыйым салатын» бұрынғы қазақы дәстүрден бүгінде жұрдаймыз. Бүгінгі қыз бала болашақ ана екенін білсек те, оны қыздарымыздың құлағына құйып, санасына сіңіріп отырған кім бар? Қыз балалардың әрнеге әуестеніп, қызығушылығы оянатын өтпелі жасының олар үшін аса қатерлі екенін білсек те, соған мән беріп, жүріс-тұрысын қадағалап келген қаншамыз бар? Міне, бұл мәселенің түп-тамыры осыдан бастау алады. Өтпелі жасында тәрбиесі бұзылған баланы қайта қалпына келтіру екіталай. Кәмелетке толмай жатып жүкті болатындар да солар екенін көріп жүрген жоқпыз ба? Бірақ оларды кезінде қадағалап, дұрыс тәрбие бере алмағандығымызға қарамастан, оларды барынша айыптап, «жерден жеті қоян тапқандай» жар салып жабыла кінәлаймыз. Өзіміздің осындай іс-әрекеттеріміз оларды далада босануларына, шақалақтарын қоқысқа тастап кетулеріне, тіпті, өздеріне қол жұмсауға дейін итермелейтінін білсек те, сол баяғы жар салып жәбірлеуден басқаны білмейміз. Сондай-ақ, бүгіндері тәнін сатқан қыздарымыз күн санап көбеюде. Бұл да, жоғарыда айтқанымдай, қиындық көрмегендіктен, бардың қадірін білмегендіктен, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге дағдыланғандықтан туындаған сорақылық… Өмірде қателеспейтін кім бар? Бәріміз де ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Бәріміз де солар сияқты жас болғанбыз. Олардың жастықтың буымен немесе білместікпен шоқ басатын сәттері аз емес. Соған бола оларды жәбірлеп, кінәлағанша, мейлінше мейірімділік танытып, қателерін түзетулеріне көмектесуіміз керек. Сөйткен жағдайда ғана біз бірден жіберіп алған екіжақты қателігімізді түзете аламыз…
Ал асыл дініміз бен уағыз-насихатқа кедергі келтірмей, имандылық сабақтарын қолға алу әсте экстремизм мен терроризмнің таралуына жол беру емес! Кедергі мен қарсылық керісінше қарсы әрекетті туғызады. “Кеңес үкіметі кезінде дінге қысым болды, тыйым салынды. Ақыры не болды? Адамдар намазын жасырын оқыды, оразасын ұстады, үкіметке іштей қарсы болып, наразылық танытты” депсіз. Әрине, жастарымыздың бойына сіңіретін тәрбиеміздің әуелгі қайнар бұлағы осы дініміз арқылы берілетін имандылық екендігі рас. Ал сол имандылық туралы дәрістер мен қазақы салтымыздағы ұлттық тәрбиемізді ұштастыра отырып жастарды тәрбиелесек, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда, өзіңіз атап өткендей, бұл жерде заңның да солқылдақтығы бірден-бір кедергі болып отырғандығын көреміз. Мысалы, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 7-бабында: «Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, құралымдардың, сот және құқық қорғау орындарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді» делінген. Міне, осыдан кейін мектептегі жастарымызға қалайша имандылық тәрбие бере аламыз. Сайып келгенде, жастарымыздың тәрбиесіне қатысты бір-біріне кереғар осындай әрекеттерді бір арнаға тоғыстырудың қажеттігі туындайды. Ал олай ету үшін көп болып жұмыла кірісіп, әрбір мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп жұмыс жасауымыз қажет. Жастарымыздың болашағы жарқын болсын десек, біз олардан еш нәрсені аянып қалмауымыз керек.
Бағдал Ақынұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.