Желтоқсанда жарқылдаған өр намыс 32 жылдан кейін сөйлеген сурет сыры
Кеше ғана күркіреп өткен Желтоқсан көтерілісіне де 32 жыл болыпты! Қылышынан қан тамған қызыл империяның қабырғасын қақыратып, шаңырағын шайқалтқан көтеріліске қолында қаруы болмаса да жүрегінде жалыны, санасында өр намысы бар өрендер, жап-жас қазақ жігіттері мен қыздары жұмылған жұдырықтай бірігіп, қаймықпай атой салды емес пе?! Екі күнге созылған канды оқиғаға 50 мыңға жуық жастар қатысыпты! Мұздай қаруланған жендеттер отряды «Қазақ еліне — қазақ басшы сайлансын!», «Лениннің ұлт саясаты жасасын!» деген ұран көтерген өр намысты ұл-қыздарды сапер күректерімен, дубинкалармен аяусыз соққыға жығып, қасқыр тұқымдас овчарка иттерге талатып, ес-түссіз студенттер мен жұмысшы жастарды Алматы қаласының шетіндегі қорым зираттарға жүк машиналарымен қоқыс төккендей ғып төгіп, тірідей қорлады! Ер балалардың белдіктерін кесіп, қыздарды жартылай жалаңаш мұзға отырғызып қорлаған!
Мына суреттегі сұр күртке, құлақшын киген, қолын алға созып, замандастарына рух бере сөйлеп тұрған азамат — менің туған інім, сол кездегі Алматы қаласындағы «СУ Алма-Ата-ЭнергоГорстрой» деп аталатын мекеменің ағаш-бетон шебері болып жұмыс істеген Тойбазаров Солтанбек Шүкірханұлы болатын. Ол озат жұмысшы ретінде бірнеше рет сол кездегі Қазақстан ЛКСМ Алматы қалалық бөлімшесінің грамоталарымен марапатталған екен. Оның негізгі мақсаты жоғарғы оқу орнының дайындық курсына түсу болатын… Ол көтеріліске үш күн бойы қатысқан, сол үшін қудаланып, комсомолдан шығарылып, ҰҚК тергеуінде тергеліп, алаңның әр жеріндегі әртүрлі эпизодтарда түсірілген 30-ға жуық суреттерге «менмін» деп айғақ ретінде қол қойыпты. Мына сурет — оқиғаның бірінші күні кешке таяу, қанды қырғын басталардан біраз уақыт түсірілсе керек…
Қазақ қыздарының қайсарлығына таңғалдым
— Сол күні мен екінші ауысымға шығуым керек еді. Таң ата достарыммен бірге орталыққа бара жаттық. Кенет жолда трамвай тоқтап қалды. Көшеде қарақұрым жастар көп жинала бастаған екен. Мәскеудің пәрменімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына Ресейдің Ульновск облысынан Геннадий Колбин деген келімсектің сайланғанына қарсылық шеруіне бара жатқан жастардың барлығы да шындыққа жетеміз деген бір үлкен сеніммен, ештеңеден де тайынбайтын деңгейде еді.
Өйткені бұл ұлтымыздың намысына тиетін кемсітушілік екенін жастар бірден түсініп, өз пікірлерін ашық білдіру үшін Брежнев атындағы орталық алаңға ағыла бастады. Біз де сол шерудің ортасынан бірақ шықтық, — деп еске алады ол сол бір күндерді менің бауырым Солтанбек. 1986 жылдың 17-ші желтоқсаны күні алаңда халық өте көп жиналды. Кешке таяу шерушілер саны сағат санап арта түсті. Шерушілер «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына ұлты қазақ басшы тағайындалсын!», «Лениннің аз ұлттардың өздерін өздері билеу құқы туралы саясаты жасасын!», «Ұлты орыс болса да қазақстандық азамат басшы болсын!», «Келімсек Колбин кетсін!» деген сарындағы транспоранттар көтеріп, орталықтың шешімін өзгертуді қатаң талап етті! Қараңғылық қоюлана бастағанда атойлаған студент, жұмысшы жастармен мұздай қаруланған жасақшылар арасындағы қақтығыс басталып кетті. Алғашында өрт сөндіруші машиналар шерушілерге жан-жақтан су шашып, жылтыр шыны қалқан ұстаған жазалаушы солдаттарға шерушілердің алдыңғы тобындағылар жалаң қолмен, кейбіреулері таспен, таяқпен қарсыласып ию-қию болып кетті. Біраздан соң алаңдағы билік өкілдеріне, әскерилерге тиісті машиналарды өртеу басталды. Әрине біз бір арандатудың болып жатқанын іштей сезіп, қатты қынжылдық… Сол күні бір топ жастар малмандай су болып, жатақханаға зорға жеттік. Түнімен киімдерімізді шала-пұла кептіріп, ертеңгісін тағы да орталық алаңға бардық. Сол күн шерушілер үшін ауыр да қайғылы көріністерімен мәңгілік есте қалды… Кешегідей емес, әскерилер саны көбейіп, бұрынғыдан ширай түскен. Орталық Комитетке талап қоюшы әртүрлі зиялы қауым өкілдерінен жиналған белсенді топтар Орталық Комитет үйіне топ-тобымен кіріп жатты, бірақ ешкім де кері қайтып шықпады. Оларды арғы жақтағы қосалқы есіктерден күтіп алып, тұтқындап, түрмелерге алып бара жатты… Сол сәтте алаңдағы шерушілер де теңіздей толқып кетті! Ал мұздай қаруланған әскерилер көтерілісшілерді қусырып, шеңберді бірте-бірте тарылта түсті, — деп еске алады сол суреттегі 22 жасар жігіт, бүгінде ердің жасы елуден асқан Солтанбек.
Бізді үйіне кіргізіп, құтқарған түрік бауыр, қайдасың?
— Бұл 18-ші желтоқсан түс кезі болатын. Шерушілерді, солдаттарды әр тұстан сыналай кіріп, жеке-жеке топтарға бөліп, қоршап, ұрып-соғып, иіріп, жусатып жатты. Алаңда сапер күректер мен дубинкалардан, иттерден, қазақ жастары мұрттай ұшып, шөпше жапырылды. Ол кезде жаспыз ғой, солдаттар ауыр сауыт сайманмен баяу қимылдайтынын байқап қалған біздер тосқауыл жасай жүріп, көптеген қаракөз қыздарымыздың жендеттердің тырнағынан сытылып шығуына бірнеше рет көмектескеніміз есімде. Мен сол кездегі қазақ қыздарының бойындағы ғаламат күш-жігерге қайран қалдым! Нәзік жанды арулардың көздерінен қатал да қайсар рухтың оты жарқ-жұрқ етіп, ерлермен бірге алғы шепте темір құрсаулы жазалаушы солдаттарға өршелене ұмтылғанда жендеттердің сағы сынып, бір сәтке болсын шегініс тауып жатты… Ауыр соққыдан біз де құтыла алмадық. Бастан, арқадан тиген соққыдан естен танып, құладым. Шала-пұла есім кіргенде бізді үлкен машиналардың қорабына лақтыра тиеп жатыр екен. Ары қарай есімде жоқ, талықсып кетіппін. Түннің бір уағында тоңып, оянсақ, Алматы қаласының шетіндегі «Прямой путь» әлде «Путь Ильича» деп аталатын ауылдың сыртындағы қорым зиратта жатыр екенбіз. Мен сияқтылар өте көп екен, есін жиғандарымыз жинала бастадық. Орнынан тұра алмай үнсіз жатқандар, жарақаттарын ауырсынып зарлана жылап жатқан қыз-жігіттердің даусы күні бүгінге дейін құлағымда тұрғандай күй кешемін. Жасыратыны жоқ, қазақ зираттарының ішіне тірідей апарып тастағандардың көбі сол жерде өліп кетті-ау деймін… Біз ыңырсып, қимылдауға шамасы келген замандастарымызды шығарып, демеп, түн жамылып сол колхозға жеттік. Мұнда да жағдай мәз емес екен. Көше толған жазалаушы жендеттер, еріктілерден құралған патрульдер. Жергілікті тұрғындарға көтерілісшілерді үйлеріне кіргізуге қатаң тыйым салған екен. Тұрғындарда зәре жоқ. Бізге есік ашқандары жылап-еңіреп, үйлеріне кіргізе алмайтындарын айтты. Әйтеуір жағалап жүріп ауыл шетіндегі бір үйден пана таптық. Түрік ұлтының азаматы бізді үйіне кіргізіп, жарақаттарымызды жуып, шаюға, есімізді жиюға мұрсат берді. Ыстық шай беріп, әрқайсысымыздың қолымызға бір-бір сомнан ақша ұстатып, шығарып салды. Қалаға баратын таксилердің ешқайсысы тоқтамайды, тоқтағандары алудан бас тартады. Тағы да бір қарт түрік ақсақалы «волга» көлігімен қалаға жеткізіп салды. Қайырымды қария жолақысын алудан бас тартты. «Сіздер қанға батып жатқанда жолақы алу күнә ғой» деп ағынан жарылып, жылап жіберді де бізге сәттілік тіледі. Жатақханаға келсек бізді милиция нарядтары мен солдаттар күтіп тұр екен. Қолымызға кісен салып тергеу изоляторына алып келді… Сөйтіп тергеу, жала жабу, қуғын-сүргін басталды. Қаладағы милиция мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің түрлі бөлімшелерінде біздерді күн сайын шақырып алып, бірнеше ай бойы тергеді. Әсіресе, түн кезіндегі тергеулер өте қиын болатын. Мойындату үшін небір аяусыз әрекеттерге де барды: ұрып, соқты, қорқытты, орыс шовинизіміне тән қорлайтын сөздердің талайын есітті ғой мына құлақ. Ал қыз балаларды ақ қар, көк мұзда жартылай жалаңаш күйлерінде сағаттап отырғызып қойғанын өз көзімізбен көрдік. Осындай қорлыққа толы бұйрықтарды орындамаған төменгі шенді біраз қазақ милициялары жұмыстан қуылыпты дегенді де еститінбіз. Тергеу шаралары ұзақ жүргізілді. Ұлты қазақ құқық қорғау саласының кейбір азаматтары қаншама рет араша түскенінің арқасында темір тордан аман қалдым. Жазаның жеңіл түрі ретінде комсомолдан шығарып, Алматы қаласынан басқа қалаға жер аударып жіберді. Сөйтіп қақаған қыста шығыстағы Өскемен қаласынан бірақ шықтым… — дейді 32 жыл бұрын желтоқсанда өр намысын алмас қылыштай жарқылдатып, қызыл империяның соңғы өкілдеріне қаймықпай қарсы шыққан қайсар қазақ ұлы. Ол — мына суретте ұлт рухын асқақтатып, жасындай жарқылдап, замандастарына көшбасшы болып тұрған Тойбазаров Солтанбек Шүкірханұлы. Солтанбек бүгінде Өскемен қаласында тұрады… Арада соншама жылдар өтсе де Желтоқсан оқиғасының, көтерілісінің толық бағасын алмағаны оның жан жарасын жыл сайын тырнап өтетіні өкінішті-ақ…
Көтерілістің толық бағасы берілген жоқ!
— Сол желтоқсандағы қырғынның естен кетпес өктемдігі Мәскеу тарапынан болса да, жергілікті өкімет тарапынан күні бүгінге дейін толық бағасы берілмегеніне бір ғана дәлел — біз сияқты қаншама азаматтардың ресми ақталмауы мені, мен сияқты кешегі зардап шегушілерді қатты қынжылтады, — дейді Солтанбек Тойбазаров. Желтоқсаншы екеніңді дәлелдеу үшін бүгінде саны бірнешеге жеткен қоғамдық ұйымдарға барып тіркелу керек екен. Өз басым ондай ұйымның ешқайсысына да осы жылдарда бармаппын… Менің ойымша, бізді, біз сияқты нағыз қуғын-сүргінге душар болып, құқы аяққа тапталған қазақтың сол кездегі тағдыр тәлкегіне түскен, өрімдей қыз-жігіттерін үкімет арнайы комиссия құрып, өздері іздеп келулері керек сияқты. Олардың бәрін жалпылай ақтап, жалпы тізімге қойып, әрқайсысына қызыл империя жендеттерінің көрсеткен, тигізген залалдары анықталып, мемлекет тарапынан қамқорлық жасайтын уақыт келді!..
Желтоқсанның ызғары күні бүгінге дейін жанын жабырқатып, бітеу жарадай жүрегін сыздатқан, туған інім — Солтанбектің ауыр тағдырын қаншама қазақ азаматтары басынан кешіруде екенін ойлап қатты қынжылдым… Өйткені сондай зардап шегушілердің, күні бүгінге дейін ақталмай жүрген азаматтардың бірі мен едім. Алайда бұл мақалада мен өзім туралы айтуды артық санадым. Біріншіден, мен өз тағдырым туралы 32 жылда екі-ақ рет естелік мақала жазып, болашақ ұрпақ алдындағы парызымды өтедім. Бағасын келешекте зерттеушілер бере жатар. Екіншіден, бүгінде желтоқсан жылнамасының суреттер топтамасында орналасқан тарихи суреттегі адамның менің туған інім екенін біле тұра шындықты жазбау өткенге қиянат болар деген оймен қолыма қалам алуға тура келді. Суреттегі кейіпкердің кім екенін айтудың өзі азаматтық парызым еді. Ал оның да бағасын беретіндер — болашақ ұрпақ өкілдері мен тарихшылар екені сөзсіз… Менің ойымша 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне жан-жақты зерттеулерді әлі де болса тереңдете жүргізіп, толық бағасын беретін кез келді! Өйткені олар — «Кеңестер Одағы» деп аталған қызыл империяның жүздеген жылдар бойы Қазақ Елінің мойнында тырп еткізбей бұғаулап тұрған бодандық қамытын алғаш рет дер кезінде үзуге үндеу салып, намыс найзағайын Алматыдағы «Брежнев» алаңында қаймықпастан жарқылдатқан тәуелсіздігіміздің алғашқы батырлары, «қанатымен су сепкен қарлығаштары» болатын! Сол жас отаншыл ұрпақтың намыс найзағайы қарамағындағы аз ұлттарды аяусыз езіп, шовинистік арам пиғылдарын ғасырлар бойы мансұқ еткен КСРО империясының шаңырағын шайқалтып, керегесін майыстырып кетті. Кәрі тарихқа дұрыстап үңілген адам КСРО империясының ыдырауы осы Желтоқсан көтерілісінен бастау алғанын байқар еді. Олай болса, тарихымыздың әділ, бұрмаланбай жазылуы жолында еңбектеніп жүрген азаматтарға өкімет тарапынан бағыт-бағдар беріп отыратын ресми комиссия құрылып, жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған сол кездегі жастарды жаппай ақтау — бүгінгі күннің басты талабы десек қателеспейміз. Сонда ғана 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы Брежнев атындағы Орталық алаңда өр намысты жарқылдатып, қылышынан қан тамған империя жендеттерімен бетпе-бет шайқасқан қазақтың барлық ұл-қыздарының тапталған ар-намысы толық ақталып, жылдар бойы жүректерді сыздатқан жан жарасы жазылар еді. Ақиқатқа жүгінсек, қазақ халқының рухани жаңғыруы сонау 86-ның желтоқсанында басталған. Ендеше өр намысты жасындай жарқылдатқан желтоқсан қаһармандары тасада қалмасын.
Жаңабек Тойбазаров, журналист, Алматы