Берік Әбдіғалиұлы: «Ұлы даланың жеті қыры» дегеніміз «Киелі Қазақстанмен» бір ұғым

Жақында мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген болатын. Бұл мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Өздеріңізге мәлім, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Бір жылдан астам уақыт «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның киелі жерлерін анықтау жұмысы жүргізілді. Арнайы экспедиция ұйымдастырылды, энциклопедиялар жарық көрді. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы «Киелі Қазақстан» жобасының өзектілігін одан сайын арттыра түспек. «Ұлы даланың жеті қыры» «Киелі Қазақстанмен» тікелей байланысты. «Киелі Қазақстан» жобасының болашағы қандай болмақ? Киелі жерлер тізімі анықталды ма? Киелі жерлердің туризм көзіне айналу үшін насихат жұмыстары қалай жүргізілмек? Осыған байланысты белгілі тарихшы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

─ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ашылғаны белгілі. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Киелі Қазақстан» үшін неңдей жаңалық әкелмек?
— Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мақаланың өзінде келетіндей ұлттық сананы жаңғырту туралы. Онда президент бұған дейін саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алғанымызды айта келе, таяу жылдарға белгілеген қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған міндеттемелер тапсырады. Өзіңіз де білетіндей, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласынан кейін елімізде руханият саласында латын әліпбиіне көшу, «100 жаңа есім», «100 оқулық», «Туған жерге туыңды тік!», «Киелі Қазақстан» сияқты жобалар іске қосылды. Жобалар белгілі бір деңгейде өз жемісін беріп жатыр.
Ал президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы — рухани жаңғырудың келесі кезеңі, тарихи фактілерге құрылған жаңа жоба десек болады. Тарихи сананы жаңғыртуға жасалған бұл нақты қадам. Мақалада Елбасы Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткен тарихи құндылықтарымызды санамалай келе тарихи сананы жаңғыртудың модулін ұсынып, міндеттейді. Бұл кезең «Киелі Қазақстан» бағдарламасымен тікелей байланысты. «Киелі Қазақстан» азаматтық-мәдени жоба. Жаңалығы сол «Ұлы даланың жеті қыры» дегеніміз «Киелі Қазақстанмен» бір ұғым. Тарихымыздан қалыптасқан құндылықтарымызды айшықтайды. Қазақ даласының қай жері болса да киелі, тек әлі ашылмаған терең сыры мен қымбат құпиясын тарихшы, археолог ғалымдар жіті зерттеу жасап, жұртқа жария етуі керек. Киелі жерлеріміздің барлығы тарихи ескерткіштермен байланысты. Ертеден келе жатқан қазақтың тарихындағы құрметтейтін, қастерлейтін орындар. Оның ішінде Алтын адам да бар, жылқыны алғаш қолға үйреткен Ботай да бар, Сақ кезеңі де қамтылады. Жұмысымыздың бірінші кезеңі талдау, сараптау болса, қазір киелі жерлердің танымдық мәнін ашу, мағынасын саралау, талқылау жұмыстары жүріп жатыр.
─ Жыл соңында киелі жерлердің тізімі анықталатын айтыпсыз. Толық тізімі қашан жарияланады?
— Қазақстанның киелі жерлерінің энциклопедиясын жарыққа шығару бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған. Сондықтан әр жылы энциклопедияның бір-бір томын шығарамыз деген жоспарымыз бар. Былтыр Қазақстанның киелі жерлерінің энциклопедиясының алғашқы томы жарыққа шықты. Өлкетанушылардың көмегімен жазылған екінші том жуық арада жарық көреді. Ол екінші томға Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кірді. Бұл энциклопедияның электронды нұсқасы да қоса жарияланады. Дәл қазір талқылау жұмысы аяқталған жоқ. Әр облыстағы зерттеу жұмыстарының нәтижесін күтіп отырмыз. Археологтар, тарихшылар қызу жұмыс істеп жатыр. Қолымыздағы ақпараттар әлі толық емес деп айтсақ болады. Екінші кезеңдегі негізгі ауыртпашылық аймақтардағы жұмыс барысы. Орталықта көбіне әдістемелік жұмыстар жүзеге асса, аймақтарда насихаттау, туризмге айналдыру жұмыстары жүзеге асуда. Осының нәтижесі бойынша келер жылдың басында қорытындысын шығарамыз. Осы бағдарламамен қоса өңірлерде туризм қатар дамиды. Жиын, іс-шарамен шектелмей, туроператорлармен тығыз байланыс орнатып, туристердің қызығушылығын тудыру жұмыстары басталып кетті.
Насихаттау жұмысы өте маңызды, бұл дегеніміз тек ақпарат құралдарында жиі айту емес. Сіздер журналистерге, біздер ғалымдарға, жалпы қоғамға қатысты. Президент мақаласында айтылғандай ежелгі өнер мен технологиялар музейін ежелгінің ізі қалған экспонатты қойып, мың жылдық фольклорымыз бен музыкамызды өнерде айналымға енгізіп, тарихи құндылықтарымыздан жарқын кино образдар қалыптастыру арқылы ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие ете аламыз. Сонымен бірге аймақтарда «Ұлы дала ойындары» өткізіліп жатқанын білесіз. Көшпелілер өмірі туристер үшін өте қызық. Алайда бұл ойындарды тақырыптық жағынан байыта түсу керек. Мысалы, Ақтөбе облысы «Ұлы дала ойындарына» Ғұн дәуірінің ерекшеліктерін қосса, Алматы, Шығыс Қазақстан облысы Сақ дәуірін насихаттауы тиіс.
Насихаттау жұмысының жарқын бір мысалы ретінде, «Нұр Отан» партиясының оң ықпалы болып жатқанын айта кету керек. Билік партиясы тарихи сананы жаңғыртудың негізгі басымдықтары көрсетілген Елбасы мақаласы «Ұлы даланың жеті қыры» жариялана сала жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізуді қолға алыпты. Тарих пен әдебиет егіз ұғым. Байқау арқылы Елбасының мақаласында айтылған құндылықтар мен идеяларды дәріптеу жұмысын партияның қолға алып жатқаны құп шаруа. Оған қоса жергілікті жерлерде «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен тарихшылардың, өлкетанушылардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Партия қызметкерлері бұл салада өте белсенді.
─ Киелі жер деп анықтау үшін неге баса назар аудару қажет?
— Бұрын да айтқанмын, «Киелі жер» мәртебесін мемлекет бекітпейді. Мұны халықтың өзі анықтайды. Егер халық бұл орынды киелі деп санаса, біздің бұйрықтар мен шешімдерсіз-ақ киелі болып саналады. Халық неге бұл орынды киелі деп санайды, не үшін тағзым етеді, міне осыны білуіміз қажет. Әрбір ескерткіштің, киелі деп танылған орынның рухани құндылығына мән береміз. Әрине, есткерткіштің көнелігі, археологиялық зерттеулердің нәтижесі ескеріледі. Көп жағдайда діни наным-сенімге байланысты жерлер болса, екіншісі археологиялық объектілер. Жыл сайын жаңа объектілер табылып жатыр. Өте қызық. Қарағандыда пирамида шықты, Шығыс Қазақстан, Ақтөбеде Алтын адам табылды. Сақ, Ғұн кездерінде қасиетті саналған орындар табылып жатыр. Бізге керегі сол жерлерге қатысты аңыздың болуы. Қандай құндылықты насихаттайтыны анықталуы қажет. Қазақстан жерінде болған ежелгі Сақ, Ғұн, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттерінің нышанына айналған рухани құндылығын насихаттайтыны дәлелденсе, тізімге қосып жатырмыз. Зерттеуге қажетті ескерткіштердің жеткіліксіздігі басты мәселеміз. Бірақ бұл олар жоқ деген сөз емес. Ескерткіштер мен тарихи орындарды іздеу мен зерттеу жұмысы аз. Оған қоса, қазақ тарихына қатысты нысандар тек ел ішімен шектелмейді. Ресейде, Өзбекстанда, Қытайда, басқа да алыс-жақын шетелдерде қазақ тарихына қатысты киелі нысандар бар. Жақында ғана Ресейге барып келдік. Мәскеудің төңірегіндегі тарихи маңызды жерлер анықталды. Соның бірі ─ Арынғазы хан. Калугада жерленген. Яғни, алдағы уақытта шетелдерге де экспедициялар баратын болады. Осындай зерттеу жұмыстары арқылы бәрімізге анық тарихымызға қатысты нысандардың базасын жасап қана қоймай, әлі де беймәлім болып келе жатқан нысандар мен мұрағаттарға қол жеткізіп, ұлт тарихын бүтіндей түсеміз.
─ Өте өзекті тақырыптың бірі ─ Алаш әскерлері. Сізді тарихшыларымыздың Алаш әскерінің тарихын зерттемегені мазалағанын айтыпсыз. Осының жауабын таба алдыңыз ба?
— Ондай сауал қоятыным — Алаш әскері қазақ халқының жадында ұшан-теңіз еңбегімен қалды. Алаш әскерінің саны қанша болғанын, кімдер басқарғанын, мақсаты мен құрылымы қандай болғанын білуіміз қажет. Аймақтарда әлі аттары шықпай жатқан тұлғалар өте көп. Облыстарда Қазақ комитеттерінің төрағалары болды. Алғаш осы Қазақ комитеті құрылған. Одан кейін Алаш комитеті келді. Әлі күнге соның басшыларының кейінгі тарихын айтпай, білмей келе жатырмыз. Тарихшылардың Алаш әскерлері тарихын зерттемеуіне арнайы бір себеп бар деп ойламаймын. Алашты зерттеп жүрген тарихшылар бар. Алайда арнайы осы тақырыпты қаузау үшін нақты бір жоспар құрып, архивтерді ақтару керек шығар. Бәлкім, бір кездері ғалымдарымыздың архивтердегі тарихи құжаттарға қолы жете бермеген шығар. Өйткені архивтер шашыраңқы. Қазір Ресейден біраз құжатты тауып әкелдік. Тарихи тұлғалардың есімдері анықталып жатыр. «Алаш әскері» кітабымда біразының есімін жарияладым. Зерттеу жұмыстарын жандандырып, Алашшыл азаматтардың шежіресін, ұрпақтарын анықтаса деген тілек бар. Алаш сарбаздарының ұрпақтарын іздеу үзік қалған тарихты бүтіндей түседі, зерттеулер толықтануына пайдасы зор. Оған қоса Ата-бабалары Алаштың айбынды сарбазы болса да, ұрпағы аталарының кім болғанын біле бермеуі мүмкін. Кеңестік дәуірде Алаш туралы ауыз ашуға тыйым салынғанын білесіздер.
─ Осыдан үш жыл бұрын Алматы көшелерінде кәріз құдығының қақпағына батырлардың суреті қойыла бастады. Ол жайында баспасөз бетіне арнайы мақала шықты. Енді қала бойынша көшеде тұрған қоқыс салғыш жәшіктерінде ою пайда болды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Бұл таза дизайнерлердің жұмысы. Әдейі жасалған дүние деп ойламаймын. Техникалық қателік деп айтсақ болады. Қалалық әкімдік безендіру жайлы тапсырма береді, дизайнерлік компания орындап шығады. Олар сендер секілді не нәрсенің мәнін терең түсініп орындайды дегенге сенбеймін. Қазақтың ұлттық ою-өрнегін қоқыс жәшігіне апарып қоюға болмайды. Сол үшін ұлттық нақыштарды дұрыс пайдалану керектігі жайлы арнайы ереже шығару керек.
─Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бауыржан Карипов