Жанат Досжанова, дәрігер-психиатр: Балаларда депрессия болмайды деген жаңсақтықтан арылуымыз керек
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжауынша, 2020 жылға қарай депрессия адамдарды мүгедектікке ұшырататын басты себептердің бірі болмақ. Ал қазір әлем бойынша 300 миллион адам депрессияға ұшыраған екен. Бұл жеке адам үшін де, тұтас қоғам үшін де өзекті мәселе екені анық. Мамандардың айтуынша, депрессиямен күресудің ең тиімді жолы — психикалық саулық жайлы халықтың сауаттылығын арттыру. Назарларыңызға балалар мен жасөспірімдер бойындағы депрессия және психикалық саулықтың маңызы жайлы “Bilim Foundation” қоғамдық қорының психоаналитигі, жоғары санатты дәрігер-психиатр Жанат Досжановамен сұхбатты ұсынамыз.
Балалардың үштен бірінде депрессия белгілері бар
─ Жанат Әбдіжәмиқызы, көпшілік арасында стресс және депрессия күнделікті қарбалас тіршілікпен өмір сүретін ересектер арасында жиі ұшырасады деген түсінік бар. Ол қаншалықты рас?
— Дұрыс айтасыз, қоғамда стресс немесе депрессия тек ересек адамдар бетпе-бет келетін психикалық дерт деген ой кең тараған. Оған негіз де жоқ емес. Ұзақ уақыт бойы мамандар депрессия тек ересектердің бойында болатын психикалық дерт деген ойда болды. Ал қазір кешенді зерттеулер көрсеткендей, жас балалар да ересектер секілді депрессияға жиі ұшырайды. Мәселен, қазір әр 100 баланың екеуінде ауыр депрессияның белгілері байқалса, әр 100 жасөспірімнің 8-і торығудың зардабын тартады екен. Осыдан-ақ мәселенің қаншалықты өзекті екенін көруге болатындай. Яғни, балаларда депрессия болмайды деген аңыздан арылуымыз керек.
─ Сіз атап өткен сандық көрсеткіштер әлем бойынша трендті сипаттайды. Ал Қазақстанда бұл мәселе қаншалықты өзекті? Депрессияға шалдыққан балалардың саны көп пе?
— Қазақстанда депрессияға ұшыраған балалар мен жасөспірімдердің санын нақты айту мүмкін емес. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, бала психологиясының ерекшеліктеріне байланысты баламен бір ғана сауалнама жүргізіп немесе оған анкета толтырту арқылы депрессияны анықтаудың мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, елімізде әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған методологияға негізделген кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары жиі жүргізіле бермейді. Үшіншіден, қоғамдағы психикалық саулыққа қатысты аңыздардың салдарынан қалыптасқан стигма мен бұрыс пікірлер мәселеге лайықты назар аударуға кедергі келтіреді. Дегенмен мемлекет тарапынан бала психикасына қатысты мәселелерді зерттеуге талпыныстар жасалып жатыр. Мәселен, жақында ғана Денсаулық министрлігінің ұйытқы болуымен кәмелетке толмағандар арасында девиантты мінез-құлықтың себептерін анықтау мақсатында ұлттық зерттеу жұмысы аяқталды. Зерттеуді біздің қордың мамандары мен еліміздегі белді психологтар жүргізді. Зерттеу жұмысы балалардың мінез-құлқындағы ауытқушылықтар бойынша жүргізілгенімен, кәмелетке толмағандар арасындағы стресс пен депрессияға байланысты ой қозғауға түрткі болатындай мәліметке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Зерттеу жұмысына Қазақстан бойынша 3000 астам бала қатысты. Зерттеушілер арнайы білім мекемелерінде оқитын мінез-құлқында ауытқушылығы бар балалармен (“зерттеу” тобы) қоса өз отбасында тәрбиеленіп жатқан орта мектеп оқушыларын (“бақылау” тобы) қатар зерттеді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, “зерттеу” тобы (23%) мен “бақылау” тобындағы (21,4%) балалардың бойындағы депрессияның “назар аударуға тұратын” деңгейі шамалас. Сондай-ақ депрессияның “жоғары деңгейі” бойынша “зерттеу” тобы (14%) мен “бақылау” тобындағы (8,4%) балалардың бойындағы айырмашылық аса үлкен емес. Яғни, зерттеуге қатысқан баланың 3/1-нің бойында депрессияның анық белгілері анықталып отыр.
─ Расында да назар аударатын нәтижелер екен. Балалар мен жасөспірімдердің бойындағы депрессия мен ересектер арасындағы торығудың айырмашылығы бар ма?
— Бала мектеп ауыстырғанда немесе отбасылық жағдаймен бір қаладан екінші қалаға көшкен кезде оның көңіл-күйінде біраз уақытқа дейін қобалжу мен уайымның болуы қалыпты жағдай. Алайда баланың немесе жасөспірімнің көңіл күйіндегі сол өзгерістер апталап немесе айлап созылатын болса, онда ол депрессияның алғашқы белгілері болуы мүмкін. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін балалар мен жасөспірімдерге тиісті деңгейде көмек көрсетілмейді. Мәселенің бір ұшы олардың көңіл күйінің үнемі өзгерісте болуында жатыр. Яғни, баланың жай ғана көңіл күйінің болмауы мен депрессияның белгілерін ажырату ата-ана үшін ғана емес, кейде тіпті тәжірибелі психотерапевттер үшін де қиындық туғызады. Сондай-ақ бала бойындағы депрессияның белгілері ересектердің бойындағы депрессияның симптомдарынан ерекшеленеді. Сондықтан бала мен жасөспірімнің бойындағы депрессияның алғашқы белгілерін байқау ата-ана үшін ғана емес, кейде тіпті психотерапевт-дәрігер үшін де қиындық туғызуы мүмкін.
Депрессиядан айығуда отбасының рөлі зор
─ Балалардың бойындағы депрессияның симптомдарының ерекшеліктері бар деп атап өттіңіз. Дәрігер-психиатр ретінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы депрессияның негізгі белгілеріне тоқталып кетесіз бе?
— Бойында депрессияның белгілері бар баланың салы суға кетіп, көңіл күйі мүлдем болмайды және ұзақ уақыт бойы зерігумен болады. Кейде бала кенеттен өзіне ұнайтын ойындар мен заттарға мүлдем қызығушылық танытпайды. Сонымен қатар баланың физиологиясында да өзгерістер байқалуы мүмкін. Мәселен, бала аз уақыттың ішінде салмақ қосады немесе жүдеп кетеді. Одан бөлек баланың ұйқысы бұзылуы мүмкін. Яғни, бала өте көп немесе өте аз ұйықтайды. Көбінесе өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер өмірге үмітсіздік танытып, өзін жиі кінәлі сезінеді. Зейін қоюда, ойлануда және шешім қабылдауда қиындықтар пайда болуы да депрессияның белгілеріне жатады. Депрессияның жоғары деңгейі кезінде бала өлім туралы немесе суицид жайлы жиі ойлауы мүмкін. Ата-ана баласының мінез-құлқында және денсаулығында осындай өзгерістерді байқаса, тез арада арнайы мамандардың көмегіне жүгінуі қажет.
─ Ал ғылым депрессияның себептері жайлы не дейді?
— Өкінішке қарай, әлі күнге дейін депрессияның нақты себептері белгісіз. Дегенмен депрессияның мидің белгілі бір бөліктерінің қызметі мен мидағы химиялық заттардың өзгеріске ұшырауымен байланысты екені анық. Баланың ми қызметіндегі теріс өзгерістерге басқа мектепке ауысу, ата-аналардың ажырасуы, отбасы мүшесінің немесе жақын достың өмірден озуы секілді стресс туғызатын оқиғалар әсер етуі мүмкін. Депрессия кейде ұрпақтан ұрпаққа берілуі де мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана өзінің де, баласының да психикалық саулығына бей-жай қарамай, білімін арттырып, психологтармен ақылдасып, тән саулығымен қатар жан саулығына тиісті көңіл бөліп отыруы тиіс.
─ Депрессияны дәрігерлер қалай анықтайды?
— Депрессияны анықтау үшін дәрігер баланың физикалық саулығын тексеріп, ата-анадан баланың денсаулығы жайлы сұрауы мүмкін. Баланың не ойлап, не мазалайтынын білу үшін дәрігер түрлі сұрақтар қоюуы тиіс. Кейбір аурулардың симптомдары депрессияның белгілеріне ұқсас болады. Мәселен, анемия және қалқанша безі қызметінің бұзылуы секілді физикалық аурудың симптомдары депрессияның белгілеріне ұқсайды. Депрессияға ұшыраған баланың бойында мазасыздық, зейін жетіспеушілік пен гипербелсенділік синдромы, тамақтану дағдысының бұзылуы секілді проблемалар жиі кездеседі. Дәрігер балаға дұрыс диагноз қойып, дұрыс емдеу үшін аталған дерттердің белгілері туралы сұрауы мүмкін.
─ Депрессия қалай емделеді? Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге депрессия кезінде көмек алуға қандай жағдай жасалған?
— Депрессияны емдеудің ең тиімді жолдарының бірі — бала мен оның отбасының торығу жайлы білімін арттыру. Депрессия туралы дұрыс мәліметпен қаныққан бала мен отбасы мәселеге өздерін кінәлауды қойып, психикалық саулыққа көбірек назар аудара алады. Нәтижесінде депрессиядан айығу жеңілдей түседі. Сондай-ақ депрессия туралы ақпараттану көптеген отбасыға оның алдын алуға көмектеседі.
Ал баланың бойында депрессия анықталған жағдайға келсек, баланың жас ерекшелігіне қарай дәрігер түрлі консультация мен терапия жүргізеді. Жас балаларға ойын терапиясы өте пайдалы болуы мүмкін. Ересек балаларға негатив ойлардан арылып, өздерін жайлы сезінуі үшін когнитивті-бихевериолдық терапия көмектесуі мүмкін. Егер бала өте қатты торығып кетсе, онда дәрігер дәрі-дәрмек арқылы емдеуге тырысады. Дәрі-дәрмекті тек маманданған дәрігердің консультациясы арқылы қабылдау қажет. Бала ауырмас үшін және депрессиядан тез жазылуы үшін ата-ананың және отбасының рөлі зор. Сондықтан әрбір ата-ана баласының жиі дене жаттығумен айналысып, қамқор достарымен уақыт өткізуіне, дұрыс тамақтанып, ұйқысының тыныш болуына көңіл бөлуі керек. Ең бастысы, балаға ата-аналық махаббаты жиі көрсету арқылы балаға қамқорлықты үнемі сездіре білу қажет.
Балалар мен жасөспірімдерге депрессия ұшырамауына, ұшыраған жағдайда тез айығу үшін баланың қоршаған ортасы мен мектептегі жағдай да өте маңызды. Біздің қоғамдық қор 2015 жылдан бері балалар мен жасөспірімдердің арасындағы суицидтің алдын алу және олардың өмірлік дағдыларын қалыптастыру бағытында жұмыс істеп келеді. Қазір Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақмола облыстарында және Шымкент пен Астана қалаларында әріптестеріміз жергілікті әкімшіліктердің қолдауымен мектеп психологтарына арнайы семинар-тренингтер өткізіп, ата-аналар мен балаларға психикалық саулық жайлы дұрыс ақпаратты жеткізу мақсатында жұмыстар атқарып жатыр. Стресс пен депрессияның бастапқы кезеңдерінде педагог-психологтардың рөлі маңызды. Өйткені олар ата-ана байқай бермейтін баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді көріп, ата-анамен сөйлесу арқылы баланы дер кезінде психологиялық көмек алуға бағыттауы мүмкін.
─ Сұхбатымыздың соңында ата-аналарға қандай кеңес айтар едіңіз?
— Әрбір ата-ана өз баласының дені сау, қабілетті әрі өмірде табысты болғанын қалайды. Депрессияны дер кезінде байқап, арнайы мамандардың көмегіне жүгіну бала үшін бақытты шақты қамтамасыз етіп қана қоймай, ересек өмірде де оның өмірде өз жолын айнымай табуына септігін тигізуі мүмкін. Сол себепті әрбір ата-ана депрессия мен психикалық саулық туралы білімін арттырып отыруы абзал.
─ Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов