Қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумы. Кімге не берді?

Таяуда Астана қаласында қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумы болып өтті. Шараны “QAZAQSTAN” телерадио корпорация-сы, Қазақстандағы АҚШ-тың елшілігі мен Қазақстан баспасөз клубы ұйымдастырды. Бұған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, АҚШ-тың ҚР уақытша сенімді өкілі Теодор Линг, “QAZAQSTAN” РТРК” АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин және және бірқатар БАҚ өкілдері, блогерлер, IT саласының мамандары қатысты. Шараны Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев ашып, алғашқы екі сессиясын жүргізді.

 

Қазақ тілді сайттарды дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл жиында қатысушылар осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, интернеттің адам өміріне әсері, әлеуметтік желілердегі белсенділік, сауаттылық, интернет-бизнес, яғни ақша табу сияқты тақырыптар да қозғалды.


Форумның алғашқы жартысы «Контент басқарудың заманауи технологиялары» деп аталды. Саясаттанушы Айдос Сарым, «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Думан Қожахметов, «7kun.kz» ақпарат агенттігі және «іскерлік журналистика мектебінің құрылтайшысы» Ербол Азанбек, «Baribar.kz» сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров сынды қазақ сайтының дамуына үлкен үлес қосып жүрген азаматтар осы тақырыпты талқылап, өз ойларын ортаға салды. Пікірталас барысында спикерлер сайтта ақпараттың алдымен орыс тілінде таратылатынын, содан кейін барып жаңалықтың мемлекеттік тілге аударылып, қазақ аудиториясына жеткізілетінін айтты. Олардың сөзінше, қай мекемеден болмасын, ақпарат алдымен орыс тілінде жеткізіледі. Оны аударып сайтқа салғанша, орыс тіліндегі ақпарат қаралып, жарияланып қояды. Баяндамашылар осы жағдайды оңтайлы шешу үшін қай мекеменің болмасын, баспасөз хатшысы ақпаратты бір уақытта екі тілде бірдей таратып үлгіруі тиіс деген пікірлерін жеткізді. Бұған қарсылық білдірген кейбір қазақ сайтының басшылары оларды күтіп отырмай, ақпаратты қысқа да нұсқа етіп, басқа қырынан жедел таратуға болатынын айтты. “Қазконтент” АҚ басқарма төрағасы Думан Қожахметтің айтуынша, қазіргі таңда біз арнайы салалық жобалар жасауға ұмтылуымыз керек. Өйткені, медицина, ән, тарих, география сияқты жекелеген салалар бойынша арнайы порталдар жоқ. Ал осындай сала бойынша ақпарат іздейтіндердің жетіп-артылатынын күнделікті өмірден жиі көріп жүрміз. Бұдан басқа форумда өсіп келе жатқан, кішкентай балаларымызды залалды, лас ақпараттан сақтау шараларының қарастырылмағаны айтылды.


Әсіресе, «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың осы пікірі жиналған жұртшылықты ойға қалдырды. Оның сөзінше, балаларға арналған «Balapan» телеарнасы ақпараттық кеңістікте жападан жалғыз. Бәсекелесетін Қазақстанда ешбір басқа арна жоқ десе де болады. Бірақ, бұл қуантарлық жағдай емес. Өйткені, кішкентай бүлдіршіндер “Балапан” арнасын таң атқаннан бастап, көздері ілінгенше қарайды. Ал бұл жағдай баланың денсаулығына өте зиянды.
Шындығында, қазіргі уақытта жас балалардың қолынан телефон түспейді, телефоны жоқ балалар теледидардың алдынан шықпайды. Бүгін бүлдіршіндерді логикалық ойындармен қызықтыру мүмкін болмай барады. Балдырғандардың таңертеңнен кешке дейін көретіндері орыс тіліндегі мультфильм “Маша и Медведь” немесе атыс-шабысқа құрылған мультсериалдар. Яғни, бұл — бүлдіршіндер тәрбие жағын сол телеарналардан немесе сайттардан алып отыр деген сөз. Нақ осы жағдай балалардың болашағы үшін қауіпті…


Форумның келесі бөлімі «Ақылды журналистика: Шынайылықтың медиалануы» деп аталды. Бұл жолы “NUR.KZ” интернет-порталының бас редакторы Павел Притчин, “Inforumburo.kz” ақпараттық сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев, “Galamat tech” ЖШС-ның бас директоры Абай Серғазиев, “Атамекен” ҚР ҰКП жанындағы IT кеңесінің төрағасы Мирус Құрмашев, кәсіпкер, IT маман Сергей Ахметов сөйлеп, ақпарат тарату, контент жасау сияқты тақырыптарды талқылады. Олардың зерттеуі бойынша, оқырмандардың көбі қазақ саясатына көп көңіл бөледі екен. Сондай-ақ аудитория материал қара дүрсін болғанымен, тақырыбы айқайлап тұрса, соларды қарауға тырысатын көрінеді. Шара барысында Мирус Құрмашев Павел Притчинге кейде “NUR.KZ” сайтына жеңіл-желпі ақпараттың шығып кетіп жататынын айтып, осындай жеңілтек мақалалардың халықтың сайт ақпаратына деген сенімін төмендететінін жеткізді. Бұған “Inforumburo.kz” ақпараттық сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев «Халық сол тақырыпты қалайды, сол үшін оны жариялайды» деп жауап берді. Десек те, күнделікті қызмет барысында ақпаратты қазақ сайттарынан гөрі, “NUR.KZ” сайтынан жиі алатынымыз жасырын емес.
Шара барысында белгілі саясаткер Айдос Сарым бүгінгі сайт жұмысының кемшілігі жөнінде айтты. Оның ойынша, қазақ баспасөзі деген тақырып бір ғасырдың, әрі кетсе 120 жылдың әңгімесі. Бұл ұғым бірінші намыстан, екіншіден қазақты құтқару, үшіншіден қазақты ағарту үшін жаралған. Ал қазақ интернеті де намыстан жаралған. Біз кімнен кембіз? Қазақ журналистикасының трагедиясы шынын айту бір жағынан әлеуметтік функцияны атқару, қазақты құтқару, қазақты ағарту дегенді алып жүруге мәжбүр болса, ал екіншіден бұны біз бизнеске айналдырдық, дей келе, біздегі нарықтың трагедиясы да айналып келгенде шалажансар болуы екі нәрсеге байланысты. Біреуі ағымдағы саясат, яғни мемлекеттік тапсырыс, елдің, жұрттың, аудиторияның артын қазып жүрген жоқ, белгілі бір әлеуметтік саяси функцияны атқарып жатыр, осыны алып тастасақ бәрі орнына келетінін айтты. Бұдан кейін «7kun.kz» ақпарат агенттігі және «іскерлік журналистика мектебінің құрылтайшысы» Ербол Азанбек қазіргі таңда қазақ басылымының көбі мемлекеттік қаражатпен, яғни тендер арқылы күн көріп отырғанын жеткізді.

P.S. Жұмыстың замануи тұрғыда жүргізілгені жақсы-ау. Бірақ қағаз басылымының бәрін «талақ» жасап, оқырманға ойымыздың бәрін электронды нұсқада жеткіземіз деп жүргенде, ұтылып қалмаймыз ба? Өз басым келешек ұрпаққа тарихымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың, рухани қазынамыздың сайт арқылы түгел жететініне күмәнім бар… Сіз қалай ойлайсыз, оқырман қауым?..

Гүлшат Бақытжанқызы