Жамбылда ауылдастарына жылына 50 млн теңгебөлетін ерекше адам тұрады

Қожалық иесі шопандардың балалары үшін Жарлысу ауылынан 150 миллион теңгеге интернат пен 92 орындық балабақша салған

Жамбыл облысындағы «Шәушен» қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаев жомарттығымен жерлестеріне танылған. Кәсіпкер 220 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Одан бөлек, өзі тұратын ауылдың халқына әлеуметтік көмек ретінде жылына 50 миллион теңге қаржы бөлуді өзіне міндет етіп қойған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Сайрамбай Дөненбаев осыдан 22 жыл бұрын ата кәсіпті қолға алған. Бар-жоғы 20 жылқы, 20 ірі қара, 500 бас қоймен шаруа қожалығын ашыпты. Мемлекеттке масыл болудан қашып, қиындықтарға мойымай, өз күшімен өрісін кеңейтеді. Соның арқасында бүгінде қой басын 52 мыңға, жылқыны 2 мың 200-ге жеткізіп отыр.

«Қой шаруашылығы деген атадан қалған кәсіп қой. Шаруашылықты аяқтан тұрғызу оңай болмады. Осы дүниенің бәрі қойдың арқасында салынған нысандар десем жалған айтпаймын», —дейді Сайрамбай Дөненбаев.

Қожалық, қой мен жылқы еттін экспортқа шығарады. Ерте көктемде Иран мен Біріккен Араб әмірлігі елдеріне еттің алғашқы партиясын жіберген. Жергілікті «Меркі ет» комбинатымен келісімшартқа отырып, 8 мың бас қой еті шетелге шығарылыпты. Одан бөлек, Астанаға да ет өткізіп келеді.

Жұмысшыларға жалақы еңбек өтіліне қарай беріледі. Ал, үздік шопандарға жылына 500-600 бас қой беру арқылы ынталандырып жүр. Ал, шопандардың балалары үшін Жарлысу ауылынан 150 миллион теңгеге интернат пен 92 орындық балабақша салған. Бұл ата-аналардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін жасалғанын жеткізді. 20 шопанның отбасы үшін жекешелендіру құқығымен 10 үй салып берген.

Алыста жүріп «Атымтай жомарт» атанған кәсіпкер әлеуметтік көмек ретінде жылына 50 миллион теңге елдің игілігіне бөледі. Келісі жылы тағы 60 орындық балабақша мен спорт сарайын салуды да жоспарлап отыр.

АСТАНА, 7 желтоқсан — Sputnik.