ТЕҢГЕГЕ ҚОЛ САЛҒАНЫ,  ТӘУЕЛСІЗДІГІҢДІ АЛҒАНЫ! (Ортақ валютаға жол жоқ!)

«Ортақ ақша шықса қарық боласың», —
деп улап жүр дұшпан жұрттың санасын.
Ортақ ақша шыққан күні, ей Халқым,
Сен Тәуелсіз ел болудан қаласың!

Ақшасы ортақ бодан ел де болғанбыз,
Атқан, асқан… Желтоқсанда тоңған біз!
Ортақ ақша… Голещекин боп келіп,
Геноцидтен қырылып та қалғанбыз!

Сол болып тұр біреулерге басты арман,
Қанды қармақ айдыныңа тасталған.
Шындап келсек, «деньги» сөзі орыстың,
Түркілердің Теңгесінен басталған!

Сенің Теңгең тарихтардан бата алған,
Арабта «дангх», Үндіде «тангка» аталған.
Ежелгі Грекия «данака» атаған ақшамыз,
Сақ, Ғұн, Үйсін заманында жасалған.

«Танга» деген Непал, Цейлон, Парсы да,
Ал Қытайда «тенка», «тенки» … Сәл шыда,
Үгіттеу де, үркіту де басталар,
Табылады қоштаушы да, қарсы да!

Ей, қазақтың ұландары саналы,
Азаттығың бәрінен де бағалы!
Қазақ елі Тілі, Діні, Жерімен,
Теңгесімен Тәуелсіз боп қалады!

Әділбек ҚАБА