Мұз қалалар кімге керек?
Қыс келсе Астана тұрғындары мен қонақтары үшін сан алуан қызықты шаралар әзірленіп, әр жерден шыршалар шамдарын жаға бастайды. Жылда тәуелсіздік күні қарсаңында тұрғындарда жаңа жылдық көңілкүй басым болатын. Осы жылы ондай болмады. Тәуелсіздік күні жұрт бір-бірі кәдімгідей тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап мәз болысты. Ал жаңажылдық көңіл күй енді қыза бастағандай. Қалыптасқан дәстүр бойынша Астананың барлық саябақтарында және Есіл өзені жағалауында мұз айдындары құйылып, мұз қалашықтары салынуда. Қалашықтар 25 Желтоқсанға дейін толық аяқталуы тиіс. Ал 18 желтоқсан күні ЭКСПО көрмесінің аумағында елорда әкімі Бақыт Сұлтанов еліміздің бас шыршасының шамдарын жақты. Салтанатты шараға қатысып, мерекелік көңіл-күйді сезіну үшін астаналықтар мен қала қонақтары ЭКСПО қалашығына әлі де келіп жатыр. Ашылу салтанаты қарсаңында олар үшін арнайы бағдарлама әзірленді.
Еліміз бойынша ең үлкен мұз қалашығы тағы да «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының маңында орналасқан. Онда құрылысшылар күндіз-түні жұмыс істеуде. Сауда орталығының қасындағы алаңда мұз мүсіндеріне толы қалашықтан басқа, мұз айдыны, сырғанау төбешіктері, коньки мен шананы жалға беру бекеттері, шай ішіп, жылынатын орындар қарастырылатын болады. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі арнайы хабарлап отыр.
Халықтың тағы бір көп баратын жері Елорда әкімдігінің алдындағы мұз айдыны да ашық аспан астындағы қысқы қызық түрлерін ұнататындардың көңілінен шығатыны анық.
Есімім Айдын: Астанада мұз қалашық салу үшін құрлысшылар қажет деген хабарландыру бойынша келіп, жұмысқа орналастым. Он күннен асты ,осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Өткен жылы да мұздан қала тұрғызған болатынбыз. Биыл сәл тәжірибе жинақтап қалғандықтан мұз кірпіштерін қалаушымын.
— Жалақыны қалай аласыздар? Төлем-ақы көңілдеріңізге қонымды ма?
— Әрине жалақы төлемі аз болса, біз мұндай жұмыс істемейміз ғой. Мұз кесектерін қалау оңай шаруа емес. Қатты тоңасың. Тоңбас үшін қимылдай беру керек. Мұз кірпіштерді бір біріне сумен бекітеміз. Сол кезде су барлық денемізге төгіліп шашылып үстіміз малмандай болады. Бірақ оған қарап тұрмаймыз, уақыт тығыз, тез аяқтау керек.
— Сонда қанша уақыт жұмыс істейсіздер, мұндағы міндетіңіз не?
— Мен өзім таңертеңгі алтыдан кешкі алтыға дейін жұмыс істеймін. Ал түнгі кезекке басқа адамдар келеді. Менің міндетім мұз шыршаларын тұрғызу және мұздан ақпа салу. Міндетім осы. Міне, мына бір шағын ғана мұз шыршаны тұрғызу үшін кем дегенде 30-35 мұз кесегі жұмсалады. Ал оны өрнектеп ою, басқа адамның жұмысы.
Міне, бұл Астананың мұз қалашығын салып жатқан құрлысшының бізге берген шағын сұхбаты.
Жалпы мұздан қала салу кімге керек дейтіндер де бар. Дегенмен мұның өзі біреуге нәпәқа болса енді біреулерге мереке.
«Сондай-ақ, биыл Есіл жағалауындағы дәстүрлі мұз айдынынан бөлек, сағат түрінде безендірілген «Күн» субұрқағының қасында да коньки тебуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, Ақбұлақ бұлағында, «Жерұйық» және Президент бақтарында да мұз айдындарын құю жоспарланған. «Арай» бағында былтырғымен салыстырғанда үлкендеу сырғанау төбешіктері жасалады. Қаладағы ең әдемі мұз айдындарының бірі осында орналасады. Бақтың жарықтандырылуы әдемі және жастардың қыдыруына лайықты. Барлық мұз айдындарында конькиді жалға беру бекеттері, тамақтану орындары қарастырылады, бәрі әдемі форматта жасалады. Бақтарда коньки тепкен ыңғайлы сияқты, өйткені ол жердегі ағаштар желден қорғайды, балалармен коньки тебуге жақсы», — дейді Астана қаласы Коммуналдық меншік қоры директорының орынбасары Ғани Хасенов. Оның айтуынша, барлық жұмыстар 20 желтоқсанға дейін аяқталады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ