Қалдыбай режиссер “Аңсар” кітабында нені аңсайды?
Тәуелсіздік жылдары қарсаңында “Аллажар” көркем-публицистикалық фильмін түсіру арқылы алғашқылардың бірі болып Желтоқсан көтерілісінің тірі тарихын жасаған Қалдыбай Әбеновтің жан-жақты қасиеттерінің тағы бір қырына тәнті болдық. Сырқаттанып қал үстінде жатқан Қалекеңді мазалап алдық па десек, бізді оңайлықпен босатпай, әңгімесін жалғастыра беретін сыңай танытты. Бұған дейін Желтоқсан көтерілісі және “Аллажар” фильмі жайлы сөз қозғап отыр едік. Әңгімесін қасыма еріп келген оқушы ұлым Бауырғазыға қарап өрбіте түсті:
— Аманшылық болсын, мына кішкентайың бар екен.
— Сізді көргісі келгесін ертіп келіп отырмын. Сабақты да жақсы оқиды, алтыншы сыныпта. Сіз баяғыда мені үйіңізге қонақ қылып, маған бір этнографиялық қолжазба кітабыңызды көрсетіп едіңіз ғой.
—Иә, “Аңсар” деген кітап, қазір ол дайындалып жатыр.
— Неге “Аңсар” деп қойдыңыз?
—”Аңсар” деген қазақтың көне түркі сөзінен шығады. Аң деген— жыртқыш қыран құс.Сар— деген күннің шуағы. “Аңсар” деп атағаным— қазіргі көк туымыздағы бейне ғой, көк туымыз. “Шақта” деген— қызғыш құстың күн астында жүріп самғағаны.
Мен, сондай-ақ, 84 түрлі ұлт-аспаптарын зерттедім. Домбыраның 40 аса түрі болады. Өзімді қызықтырған бұл іспен бала кезімнен айналысып, 1973 жылы 20 жасымда бітірдім. Енді реттеп, кітап қылып, басып шығарайын деп жатырмын.
— Бұл кітапта қазақтың ұлт аспаптарын ғана қамти ма?
— Онда ою-өрнек, таңбалар да, ұлттық нақыштағы киімдер жайлы да айтылады. Қазіргі қазақтың сахнасы да, телеэкрандары да, басқа да өнер жағы қамтылған. Өнер тұғырына шыққандардың бәрі қазір қазақтың киімдерін құртып шығарып жатыр.Талғамсызкиімдерін киіп шығатын болды. Қазір Қазақфильм киностудиясына барсаңдар коридорда “Көшпенділер” фильмінің суреттері, эскиздері тұр. Жоңғар киімдерін көресің. Ылғи жас балалар киеді солкиімдерді. Жоңғардың киімдерін қазақтың киімдері деп түсіріп алып келеді, бітті. Жаңағы көптеген сәукеленің, сосын айыр қалпақтың быт-шытын шығарды. Қазіргі киімдерің де ұят, көре алмаймын. “Әсте, ұлттық киіммен шықпай-ақ қойыңдаршы, киімді лақтырыңдар, талғамсыздықпен құртпаңдар!” — деймін. Алабажаққылып жіберді ғой, айырқалпағын қызыл, шапанын жасыл, етігін көк қылып…
— Иә, түрлі-түсті қылып жібереді дегеніңіз ғой. Ол кездегі соғыс түгілі қарапайым жұмыс адамдары түрлі-түсті киім кие алмаған шығар.
— Абайдың, Мұстафа Шоқайдың киімдерін қарашы, қандай киім екенін.Қара-сұр шапан, ешқандай ою-өрнек жоқ. Абайдың шапанын, тақияларын қара…Мұны бастырма дейді. “Шошайма”, “қақайма” дегені де болады. Аманғазы, есіңде болса,кеңестер одағы кезінде “Түскиіз” деген фабрика болды, білесің бе?
— Білеміз.
— Онда ылғи басқа ұлт әйелдері жұмыс істеді. Ойларына қандай өрнек түседі, сол ою-өрнекті баттастырып, шатастырып шапандарға жапсырды. Айыр қалпақты апта сайын шығарады. Айыр қалпақ деген не? Ол — дара хандардың тәжі. Дара хандардың тәжін кім болса сол киюге болмайды. Ол үшін сені ақ киізге сайлап хан ғып көтеру керек. Сонда ғана айыр қалпақ киюге қақың бар.
—Енді жер аттары, басқа да қолданыстағы сөздер жөніндеде пікірлеріңіз бар сияқты еді ғой.
— Мен көп сөздер өзгенікі емес, бәрі де қазақтың сөзі екеніне тоқталдым. Мысалы, қазіргі тарихшыларымыз “Шемолған, Қаскелең деген қалмақтың батырлары екен” дейді. Сонда бабаларым топас па? Өзін өлтірген жауын мәңгілік тарихта қалдыра ма? Сен, мысалы, дұшпаныңды өлтірдің. Атыңды бересің бе? Тиіскендердің атын атамауға тырысасың ғой, солай емес пе? Сол сияқты жаңағы Қаскелең, Шамалған да жоңғардың батырлары емес. Ол— ежелгі түркі қазақтардың табиғи сөзі. Қазақта батырларды “қас батыр”, “қас жүрек” дейді. “Қас” — жаңағы батырлық ержүректікті білдіретін терең құдіретті ат. “Келең” деген сөз “келе жатыр” деген сөз. Бұл — Қаскелең. “Шамалған” деген сөз “Шым қала — Шымкент” деген сияқты “шым алған” деген сөзден шыққан. Оны орыста Есікті Иссык дегендей Чемолған деп атап кетті. Шым деген — ол көк құрақ.
Сосын тағы бір сынайтын жеріміз —”біртуар ғұлама Абай”,”біртуар батырымыз— Б.Момышұлы, М.Мақатаев” деп сөйлейміз. Осы дұрыс па айтшы маған? (Бауырғазыдан сұрайды. Ол: “білмеймін, дұрыс емес шығар”, — дейді.) “Ғасырда бір туатын адам… т.б” — дейді. Ол дұрыс емес, неге дұрыс емес? Ежелгі қазақтың даласында “жабы” деген сөз болған. Жабы түйе деген — жүндері салбыраған, мамонт сияқты шайнап тастайтын жабайы түйе. Біртуар деген — асыл түйе мен жабы түйенің шатысы, арасынан шыққан ұрпақ. Ол түйенің сасық тексізі дегенді білдіреді. Ал Абайды “тексіз” деп айта аласың ба? Масқара ғой. Ол дұрыс емес, біртуар дегенді айтпаңдар!Менің шәкірттерім де қазір бұл сөзді айтпайды.
— Біртуар деген сөз сонда “шатыс” дегенді білдіреді ғой.
—Иә, шатыс дегенді… “Қазақ” деген сөз — этноним ретінде 5000 мың жыл бұрын пайда болған ұлт атауы. Қазақстанның 550 жылдығын атап өттік. Ол дұрыс емес. Алматыға 4000 жыл, Отырар, Таразға 2000 жылдан асып кетеді. Бұл қалаларды кім салды Қазақ хандығы болмаса, енді кім? Мысалы, академиктер, тарихшылар орыс ғалымдары айтты деп, тарихымызға солардың көзқарасымен қараймыз. Олардың басты саясаты — қазақтың жерін қазақсыздандыру болатын.
— Оған қоса олардың негізгі бір мақсаттары— өздері үшін диссертация қорғау болса, Қазақстан оларға тың дерек, шикізат көзі болды емес пе?
— Оларға дұрыс, біз үшін дұрыс емес. Аристовтың, Гумилевтің қазақ туралы айтқандарын білу керек, бірақ, қажеті жоқ. Қазақ даласы Жиделі Байсын жерінен бастап Дунайға дейін десек, Жиделі байсын қай жерде? Біреу Қызылордада, біреу Ташкентте дейді. Оны, яғни, моңғолдар мен қоңыраттардың аралас болғанын, қазақ рулары мен қытайлардың түйісетін жері Жиделі Байсын болғанын Шыңғысханның киносы түсіндіреді.Ұлы Қытай қорғанында Қазақстанның шекарасы болған. Дунай Венгрияда, Байсын деген — Бейжін. Ғалымдар ойланбайды. Таңбалы тастарды қараңдаршы! Өз жауымызға 3-4-5 тонна тасты қалап, ескерткіш тұрғызамыз ба? Қаңлы, Қоңырат, Найман, Қыпшақтардың таңбалары тұр ғой ол жерде. Әншілер де, аспаптар да бейнеленген ол жерде. Оның бәрі моңғол, жоңғардікі емес, қазақтікі екендігін дәлелдеп, кітапқа кіргіздім. Тарихымызды қазақтың есту қабілетімен қабылдауымыз керек. Ұлттың көзқарасымен зерттеп, зерделейтін орта болмай жатыр ғой. Тарихқа әр рудың шежіресі арқылы да қарау керек. Сонда ғана қазақтың тарихын шынайы қылып көрсете аламыз.
— Рақмет! Сол сияқты Алматыдағы “Алтын-бесік” ықшамауданының да атын өзіңіз қойдыңыз. Сол жерден, тура менің үйімнің қасынан бір участок алғаныңызды білемін. Сол участокты не үшін саттыңыз, кино үшін бе? Жанұям, бауырларым үшін мен де оны сізден сатып алмақ болып, ақшам жетпеп еді ғой.
— Бірақ, оны ешкімге сатқан жоқпын. Оны біреу алды. Желтоқсаннан. Кім алғанын білмеймін. Ешқашан жер сатқан емеспін.
—Маған көрші болып келген адам желтоқсаншы емес қой. “Сатып алдым” дейді.
— Біреу алды әйтеуір. Жер де алған жоқпын, үй де алған жоқпын.
— Бұйырмаған екен онда. Біреу сырттай сатып жіберген ғой. Өкінішті екен! Енді киноға тоқталсақ. Желтоқсанға арналған “Аллажар” фильмін тарихқа тарту еттіңіз. Сапасы қалай? Таратуға көмек бар ма?
— Сапасы кеткен. Қазір көп әңгімені айта алмаймын. Ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінен “Аллажардың” ендігі тағдыры жайлы сұрағанымда көшіріп, тарату үшін сапалы нұсқа таппай отырғандағын, “Ютуб” желісіндегі нұсқаның сапасыздығын тілге тиек еткен еді. Бірақ түпнұсқасы бұлдырап кетсе де көруге жарайтындығын, қалай да көп тиражбен шығарып оны тарату керектігін мен де өзімше құлаққағыс еттім. Фильм Желтоқсанның 30 жылдығында қайталанып шығып, “Арман” кинотеатрында көрсетіліп жатқанда жауапты қызметкерлермен сөзге келісіп, байланысып та қала жаздадым. Өйткені оларға фильм аяқталғасын осы туындының тағдыры, мазмұны, көркемдігі, шынайылығы мен жанрлық сипаттары жайлы пікір-талас ұйымдастыруды ұсындым. Олар келіспеді. Бәлкім, жиынның митингіге айналып кету қаупінен сақтанған шығар.
— Жарайды аға, көп әңгіме айтыппыз. Емделіп, жазылып кетіңіз!
Сұхбаттасқан — Аманғазы Кәріпжанәулеті