Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова туралы не білеміз?

Бүгін қазақ ән өнерінің бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова 89 жасқа аяқ басты. Әншінің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Бибігүл Төлегенова – КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек ері, Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы, Астананың құрметті азаматы, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.

«Балалық шағым болған жоқ»

Бибігүл Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсан күні Семейде дүниеге келген. Әкесінің есімі – Ахмет, анасы – Майнұр. Әкесі Майнұрды 15 жасында алып қашып үйленген. Әкесі Бибігүлді кішкентай кезінде Күлтай деп атап, еркелетеді екен. Қызын алғаш мектепке апарып, суда жүзуді де үйреткен сол кісі. Ал әншінің анасы әкесі сияқты емес, мейірімін ашық білдірмейтін жан болыпты. Баланың кей еркеліктерін көтермейтін, деп еске алады Төлегенова.

Бибігүл Төлегенованың әкесі Ахмет – репрессияның құрбаны. 1938 жылдың наурызында Алматыда атылып кеткен. Ат-арбамен екі-үш адам келіп, әкесін алып кеткенде, әнші небәрі жеті жаста болатын.»1937 жылдың қазанында әкем Қатонқарағай аудандық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Сол кез әлі есімде, балалардың бәрі қызылшамен ауырып қалған. Ат-арбамен үш ер кісі үйге кіріп, құжаттарды ақтарды. Әкем бізге кешікпей келемін, уайымдамаңдар деп солармен бірге кетті. Бірақ сол кеткеннен оралған жоқ», — деп еске алады халық әртісі.

Сөйтіп, анасы Майнұр жиырма бес жасында жеті баламен жалғыз қалған. Қатонқарағайдан Семейге көшіп келген. Шешесі екінші рет тұрмыс құрмаған, балаларын асырау үшін кез келген жұмысқа келісіп, нан табудың қамымен жүрген. Анасы 91 жасқа қараған шағында дүниеден озыпты.

«Шынымды айтсам, менің балалық шағым болған жоқ. Өйткені, мен 12-13 жастан қара жұмысқа араласып, анама көмектестім. Біреудің кірін де, еденін де жудық, үйін әктедік «, — дейді ол.

12 жасында ағаш өңдейтін зауытқа жұмысқа тұрған. Қалдықтарды өңдеп, үйіне отын әкеліп, бауырларымен бірге жылынатын. Арасында әскери госпитальге барып, жауынгерлерге хат жазуға көмектесіп, ән салып та беретін. Дәл осы кезде көпшілік оны «Катюша» деп те атап кеткен.

Сөйтіп жүргенде, анасы сырқаттанып, Бибігүл ет комбинатына жұмысқа ауысады.

Ең кішкентай сіңлісін өз қолымен жерлеген

Соғыс жылдарында Бибігүл Төлегенованың отбасы қара жамылады – сіңлісінен айырылады. Ең кішкентайы Клараны он үш жасында өз қолымен жерлеген. Өзі арба тауып, өзі кебін матаға орап, бауырын топырақ қойнына тапсырған.

«Оның құлағы ауырған еді. Дәрігерге апарғанмын, сонда олар сутегі қышқылын артық құйып жіберді ғой деймін. Бір кезде сұйықтық қып-қызыл болып кетті. Мұрынға салатын үлкен бізбен шұқыды. Осыдан кейін сіңлім қатты ауырды. Қайтыс болған кезде бетінің сол жағы түгел қап-қара болып кетіпті. Өзіміз де не болғанын түсінбей қалдық», — деп күрсіне еске алды әнші.Клара небәрі алты жаста болатын,  бір жылдан кейін мектепке баруы тиіс еді.

«Халық жауының балаларына мұғалімдер де дұрыс қараған жоқ»

Репрессияға ұшыраған отбасылардың балаларын мұғалімдер де жақтырмапты.

«Қанша тырысып бақсақ та, екі мен үштен артық баға қоймайтын. Бес сирек болатын», — дейді опера әншісі.

Бибігүлдің әкесі «қызым атақты әртіс болады» деп үнемі айтып жүреді екен. Әкесінің сол сөзі жезтаңдай әншінің есінде мәңгілікке қалған.

1944 жылдары Семейдегі кинотеатрлардың бірінде механиктің көмекшісі болып істейді. Соғыс туралы фильмдерді таспалап жүрді. Кинодағы әрбір әнді жатқа білетін. Бірақ кейін ет комбинатына ауысуына тура келді. Күндіз жұмыс істеп, кешке мәдени шараларға атсалысты. Тіпті сол үшін жұмыстан қуыла жаздаған екен.

Бибігүлдің сыңғырлаған даусына тәнті болғандар оған Алматыдағы консерваторияға оқуға түсуге кеңес береді. Алайда арман қуып, консерваторияға келгенде, әнші аяқ астынан сырқаттанып қалып, бірде бір дыбысты дұрыс орындай алмаған. Сөйтіп, оқуға қабылданбай, амалсыздан Семейге қайтады. Алайда әншінің бағы бар екен, дәл сол уақытта Семейде ерікті өнерпаздар арасында іріктеу жүріп жатады. Консеваториядан үміт үзген бойжеткен өнердегі ең алғашқы ұстазы, жазушы Галина Серебрякованы кездестіреді. Қазақ даласына қаламгер жер аударылып, халық жауының әйелі ретінде айдалған екен. Галина Иосифовна қыздың өнеріне бірден тәнті болып, оны қамқорлығына алады. Осылайша, бірнеше айға созылған дайындықтан кейін Бибігүл Төлегенова Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық курсына қабылданады.

«Анам «Алматыда бұзыласың» деп жібергісі келмеді»

Әншінің анасы қызының Алматыға барып, өнер жолына түсуіне қарсылық танытқан.

«Бұзыласың, байға тиесің де, бала тауып, үйде отырасың» дейтін. Бір жағынан, анамның айтқаны келді. 18 жасымда 31 жастағы ер адамға тұрмысқа шықтым. Ол Семейде маған ғашық болған жігіт еді. Екеуміздің де үйіміз жоқ, сөйтіп, бір кішкентай жер үйде тұра бастадық. Алайда қар түсіп, қыс келгенде, көшуге тура келді», — дейді Төлегенова.КСРО халық әртісі тұрмыстың қиыншылығын көп көрген. Консерваторияда оқып жүріп, тұңғышын дүниеге әкеледі.

«Жастықпен көп қиындық білінбей кетеді екен. Ол кезде жоқшылық, жалғыз ғана көйлегіміз, бәтеңкеміз бар. Бірақ жас болған соң, кір де жудық, үш-төрт кварталдан шелектеп су да тасыдық, сексеуіл де жардым, көмір де жақтым», — деп әңгімелейді ол.

Сөйтіп жүріп, екінші қызын да босанады. Алайда, тұрмыстағы қиындықтар мен қызғаныш отбасының берекесін қашырады. Ақыры, әншінің күйеуі араққа салынып, маскүнем болып кетеді.

«Консерваторияны бітіріп, театрға барғаннан кейін жұмысыма кедергі келтіре бастады. Мені театрға іздеп келіп, шу шығарып, театрды басына көтеретін болды. Ішкен адамның қандай болатыны белгілі ғой. Сөйтіп мен ойландым. Мына адам енді түзелмейтін шығар деп, екі баламды жетектеп, қашып кеттім», — деп ағынан жарылды Төлегенова.

Әншінің екі қызын Майнұр апа Семейге алып кеткен. Сөйтіп, екі бала да 1959 жылға дейін, он жылдай анасынан жырақта өседі.

«Бұл қыздың даусы жоқ деп шығарып жібермек те болды»

Алматыдағы консерваторияға дайындық курсына қабылданғаннан кейін, бір жарым жылдан соң, әншінің даусы кенеттен жоғалып кетеді.

«Тіпті консерваторияда оқудан шығарғысы келді. «Даусы жоқ бұл қыздың» деді. Сосын мен айттым: «мында келгенде даусым бар еді, енді қайда кетті? Сіз менің ұстазымсыз, менің даусымды жоғалттыңыз, енді сіз тауып бересіз. Тауып бермесеңіз, мен сізді сотқа беремін» дедім. Үндемей жүрген қап-қара қыз едім. Мына сөзіме бәрі таңғалды», — дейді әнші.

Сөйтіп жүргенде, консерваторияға театрда әнші болып істеген Надежда Самышина келеді. Тізімді қарап шығып, «Төлегенованы мен білемін, даусы жақсы қыз» деп мақтайды.»Мен үндемей отырмын. Бәрімізге ән салғызды, кезек маған келгенде «балам, сенің даусыңа не болған» деді. Мен білмеймін деп жылап жібердім. Содан кейін «әй, саған біреу обал жасаған екен» деді. Сөйтіп мені өз сыныбына алып, «сен қам жеме, біз саған көмектесеміз, даусыңды қайтарамыз» деді. Консерваторияны тәмамдағанша, Надежда Николаевна менің ұстазым болды», — деп еске алды әнші.

Бибігүл консерваторияның соңғы жылдарында оқып жүріп, радиода әнші болды. Ал бітірген соң, екі жылдай театрда істеп, содан филармония әншісі болып ауысты.

Сапрано дауысты әнші қазақ мемлекеттік филармониясында он бес жылдай жұмыс істеген.

«Құрманғазы оркестрімен шетелге шықтым, бүкіл Қазақстанды, Ресейді аралап келдім. Содан кейін жеке концерттермен шығып жүрдім. Содан кейін мені қайта театрға шақырды. Театрды енді қайтемін деп ойладым. Бүкіл атақ-лауазымның бәрін осы филармонияда жүріп алдым. Халық та мені танып қалды. Енді кәсіби әншілердің ішінде менен көп колхоз-совхозды аралаған адам жоқ шығар. Кейбір әріптестерім маған тіпті «колхоз әншісі» деген атақ та беріп қойған (күлді). Ал мен «Құдайға шүкір, колхоз әншісі болсам, қарным тоқ, көйлегім көк болады деп жауап қайтаратын едім. Сол колхоз-совхозды аралағанның арқасында мен елдің алдына шығып, көзіне түстім», — деп ағынан жарылған еді сұқбаттарының бірінде.

Қазақтың бұлбұлы сол жылдары бүкіл кеңес одағына танымал болды. Мерекелік концерттерге арнайы шақырылып, атақтар алды. 1967 жылы әкесінің халық жауы емес екені анықталып, ақталған соң, шет елдерге шығып, концерт беру мүмкіндігіне ие болды.

«Өнердегі қыздарға отбасылы болу өте қиын»

Бибігүл Төлегенова үш рет тұрмыс құрап, үш жұбайымен де дәм-тұзы жараспай, ажырасып тынған. Бірінші күйеуі араққа салынса, екіншісі қызғаныштан қол көтеріп, ұра бастаған. Ал үшінші күйеуі әншінің өзінен біршама жас болатын. Үшінші рет күйеуге шыққанда, әншінің жасы қырыққа таяған еді.

«Өнердегі қыздарға отбасылы болу өте қиын. Жігіттердің көңіліне келмесін, бірақ қазақ жігіттері іштар болады. Әйелдерінің үйде отырып, кірін жуып,, тамағын істеп, тек сол үй шаруасымен айналысқанын қалайды», — дейді ол.

Әнші Гүзел және Мәриямгүл есімді екі қыз, Төлеген есімді ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере-шөбелерінің қасында сүйікті әже. Қазір үлкен немересі 45-те, ортаншысы 41-де, ал ең кіші немересі 28 жаста екен.

Тағдырдың жазуымен Мәриямгүл есімді қызы осыдан он бір жыл бұрын, 2007 жылы қайтыс болған.

«Ол өзімізден де болуы да мүмкін, қазақшылыққа салынып, дәрігерге кештетіп барамыз. Жүрегі ауыратын. Қызымның артында баласы қалды. Сол Қайратымнан екі шөберем бар. Гүзелімнен бір немерем бар», — деген еді сұқбаттарының бірінде.

Төлегенова марқұм қызын жиі түсінде көретінін жасырмады.

«Қашан да болса жарқырап, күліп, қасымда жүріп шығып кетеді. Сонда арғы жақта мені ойлап жатыр екен деп ойлаймын. Әрине, Мәриямгүл өмірден өткенде маған қиын болды. Өйткені ол менің қызым ғана емес, екеуміз бірге жұмыс істедік. Көп уақыт сахнаға бірге шықтық, гастролдік сапарға да бірге бардық. Сондықтан ауыр болғаны рас. Енді, адам деген бәріне шыдауы керек қой», — дейді жүрегі қан жылаған ана.

Төлеген есімді ұлы екінші күйеуінен екен. Ұлының есімін Төлеген деп қоюы да кездейсоқтық емес.

«Ең алғаш Алматыға келгенде, ең бірінші көрген операм «Қыз Жібек» болатын. Бұл қойылым маған ерекше әсер қалдырды. Содан кейін «егер де мен ұл тусам, есімін міндетті түрде Төлеген қоямын» деп өз-өзіме серт бердім», — дейді әнші.Әнші сахнаға киетін көйлегінен бастап мойнындағы алқасына дейін өзі таңдайды. Қасында жүретін көмекшісі – үлкен қызы Гүзел.

«Олжас Сүлейменовтің шығармаларын жақсы көремін»

Бибігүл Төлегенова поэзия оқығанды ұнатады екен. Әсіресе Олжас Сүлейменовті жақсы көреді.

«Оның шығармалары терең, тұнып тұрған философия. Содан кейін Абайды оқимын әрине. Абайды енді кім жақсы көрмейді?! Басқа мемлекеттерде Абай сияқты ақын жоқ деп ойлаймын», — дейді ол.

Сондай-ақ, әйгілі жұлдыз өнердегі, саясаттағы қайраткерлердің монографиялық еңбектерін жинауды хоббиге айналдырған. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің өмірі қатты қызықтырады екен. Сапарғали Бегалиннің балаларға арнап жазған шығармалары өте қызық дейді Төлегенова.

sputniknews.kz