Жүрегіміз әрбір сәтте, әрбір минут сайын 70-80 рет соғады. Әрбір соққан сайын денемізге тап-таза қан таратады. Тәніміз осы қан арқылы азық алады. Одан соң айналып-айналып кірленген қанды бауырымыз тазалайды. Содан соң қайтадан тарау үшін жүрекке келеді. Бұл біздің өзіміз жасап тұрған іс емес. Алла Тағаланың бір нығметі, бізге бұйырған жақсылығы. Жүрегіміз жұмыс істемей, қан айналымы тоқтаған заматта жан тапсырамыз. Сол секілді денеге таза қан жүрмесе, уланамыз. Мұның барлығы бізге маңдай терімізбен келген еңбектің жемісі емес, алайда біз нығметтің қадірін қолымыздан сырғып шыққаннан кейін ғана түсінетініміз бар. Өйткені ауа жұта алмай қалған кезде ғана ауаның өзі Алланың нығметі екенін түсінеміз, ендеше күн сайын қанша рет Алла Тағаланы ойлануымыз қажет екендігі түсінікті. Суға батып бара жатқан жерден біреу құтқарып қалса, оны өмір бойы ұмытпай, құрметтеп өтеміз. Ал Алла Тағала бізді әрбір сәт сайын өлімнен құтқарып, тіршілік сыйлауда. Нығметін бір сәт үзетін болса, сол замат тіршіліктен де айырыламыз. Ендеше, күн сайын ұйқымыздан оянып, жұмысымызға барып, үйімізге келіп, жақындарымызбен бірге болғанымыз үшін, жалпы, өмір сүріп жатқанымыз үшін Алланы жақсы көрмеуге қақымыз жоқ.