Атыраудағы президент шыршасына 850 бала қатысты
Жаңа жылдық салтанатқа көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары шақырылды.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде жыл сайынғы президент шыршасы өтті. Мерекелік шараға облыстағы көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар дарынды балалар қатысты.
Олардың арасында Атырау қаласындағы мектептердің 500 оқушысы мен өңірдегі әр түрлі білім беру орындарының 350 тәрбиеленушісі бар. Шарада балаларға мемлекет басшысының бейнеқұттықтауы көрсетілді, содан кейін театрландырылған қойылымға ұласты.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, аймақтағы білім беру саласын дамытуға бағытталған шараларды атап өтті.
-Биыл Атырау облысы үшін табысты жыл болды. Президент тапсырмасымен өңірде көптеген мектептер, мәдениет үйлері мен спорт залдары салынды. Осының бәрі өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті, білімнің сапалы болуы үшін жасалып жатыр. Біздің түлектеріміздің әлемдегі ең озық университеттерде білім алуларына толық жағдай бар. Келер жылда да жаңа әлеуметтік нысандар салу жоспарда бар. Сіздер тек жақсы оқып, жаңа дағдылар меңгеріп, үздік баға алуларыңыз керек, — деді мерекенің жас қонақтарына Атырау облысының әкімі.
Айта кетейік, Атырау облысында биыл 4 мектеп, 13 балабақша салынды. 2019 жылы 10 мектеп пен 8 балабақша салынады.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.