Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» берілмеген
Бауыржан МОМЫШҰЛЫНА Халық Қаһарманы атағын теліп, айтып жүргендер көп. Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында да Бауыржан Момышұлына осы атақтың берілгені тайға таңба басқандай жазылған. Алайда батыр атамыздың отбасы осы атаққа қатысты не ресми құжатты, не қаулыны көрген емеспіз деп жүр. Мәселенің мәнін ашып, көпшілікке түсіндіріп беруді Б.Момышұлының келіні Зейнеп АХМЕТОВАДАН сұраған едік, ол кісі президент әкімшілігі, мәдениет және спорт министрлігіне жазған хаттары мен олардан алған жауаптарын ұсынды. Біз сол хаттар мен қатесі көп жауаптарды оқырман талқысына сол күйінде салғанды жөн көрдік.
«РЕСМИ ЕМЕС АТАҚ»
Айтайын деп айтпайсың ғой, айтпауға болмаған соң айтады екенсің. Осы бір мәселені газетке жариялап, жазғым келмеп еді. Ата атымен байланысты айтылатын қоспасы қою көп аңыздың бірі ретінде талайға дейін ерен етпедім. Алайда қайда барсам да, алдымнан еселеніп шығатын болды. Бұрын жауаптан жалтармай турасын айтатынмын әрі соған сенімді едім. Енді олай болмай тұр, өзімдікі дұрыс екенін білсем де, дәлелдей алмайтын кедергіге кезіктім. Жай кедергі емес, тас қамал. Бұл кісі нені жұмбақтап, неменеге сонша таусылып отыр дерсіз. Әңгімені басынан бастап түсіндірейін.
Өтіп бара жатқан 2018 жылдың ақпан айында отбасымызға қадірлі бір кісі хабарласты. Аман-саулықтан соң: «Сендер ылғи Бәукеңді Халық Қаһарманы атағын алған жоқ деуші едіңдер, ал елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітабында Бәукең бұл атақпен марапатталғандардың басын бастап тұр ғой», – деді. Таңғалғанымызды айтпаңыз! Көзіқарақты сауатты жандармыз, Ақордадан шығып жатқан жарлықтар мен қаулы-қарарларды көріп жүрміз. Сонда өз әкеміздің алған атақ-марапатын қалай көрмедік? Ол мүмкін емес қой, тіпті ақылға сыймайды. Қалай болғанда да, исі қазаққа ортақ ұлы тұлғаның атымен байланысты мәселе болғандықтан, оның анық-қанығын білу үшін ұлым Ержан Момышұлы атаның заңды мұрагері ретінде президент әкімшілігіне арнайы хат жолдады:
Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің басшысы Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлына Момышұлы Ержаннан
Құрметті Әділбек Рыскелдіұлы!
Біздің отбасымыздан журналистер атам Бауыржан Момышұлы жайында жиі сұхбат алып тұрады. Сондағы көп қойылатын сауалдың бірі – Халық Қаһарманы атағы жөнінде болып жүр. Біз Бауыржан Момышұлына бұл атақтың берілмегенін, оны 1990 жылы берілген Кеңес Одағының Батыры атағымен шатастырып отырғанын түсіндіріп айтып жүрміз. 1990 жылдың 30 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы «Алтын жұлдыз» бен Ленин орденін отбасымызға өз қолымен тапсырған еді.
Алайда осыдан бірнеше күн бұрын бір жақынымыз хабарласып: «Сендер Бәукеңе Халық Қаһарманы атағы берілмеді деуші едіңдер, ал елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітабының 40-бетінде аталарың марапатталғандардың басын бастап тұр ғой», – деді. Мұны естіген соң, бұл кітаптың қазақшасын да, орысшасын да алып, өз көзімізбен оқып қайран қалдық. «Мүмкін, біз қателесіп жүрген болармыз» деп, ресми ақпарат көздерінен дерек іздедік. Алайда бұл туралы қаулының нөмірін де, күнін де таба алмадық. Мұндай атақ берілсе, онда отбасымыз бұдан бейхабар қалмас еді, өйткені қаулы БАҚ беттерінде жарияланып, еліміздің «Мемлекеттік наградалар туралы» заңы бойынша белгі отбасына тапсырылған болар еді. Бұл мәселе бойынша ресми түсінік алайын деп, осы хатты жолдап отырмын. Сіздің жауабыңыз отбасымыз үшін өте маңызды.
Ізгі ниетпен, Ержан Момышұлы (қолы қойылған).