ТҮРКІСТАНДА ФИТНЕС ОРТАЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Түркістан облысының орталығы — Түркістан шаһарында «Фитнес орталығы» ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысқан салтанатты шарада аймақ басшысы осынау бой көтеретін нысанның келешекте түркістандық халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, оны қалыптастыруда алатын рөлі ерекше болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, еңселі фитнес спорт клубы салынып біткенде жаңадан жаңғырып жатқан Түркістанның сәулеттік келбетіне одан әрі сән беретінін жеткізді.
«Елдің еңсесі биік болып, қуатты ел атану үшін салауатты өмір салтын ұстану — баршаға міндет. Себебі, денсаулығы мықты, ойы сергек азаматтар ғана мемлекеттің қуатын еселейді. Ал, денсаулық мықты болсын десек, спортты серік ету қажет. Салауатты өмір салтының бір тетігі – фитнеспен шұғылдану. Бүгін Түркістан қаласында іргетасы қаланғалы отырған «Фитнес Палас» фитнес орталығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең сүйікті орындардың біріне айналады деп сенемін. Фитнес орталығында ересектерге арналған бассейн, ерлер мен әйелдерге арналған жеке сауналар мен SPA-кешендер, әлемдік деңгейдегі жаттығу құрылғыларымен жабдықталған зал ашылады. Мұнда тәулігіне 4000 адамға дейін жаттығу жасай алады», — деді Ж.Түймебаев.
Аумағы 11 200 шаршы метрді құрайтын заманауи фитнес орталық жеке инвестор «ХЭДУЕЙ Корпорациясы» ЖШС есебінен бой көтереді. 100 бірлік жаттығу құрылғысы бар нысанның 25 метрлік бассейні 7 қабатты тазалау жүйесімен қамтылған.
Бұл жерде айына 500 топтық бағдарламадан тұратын 40 фитнес бағыттарын ұйымдастыру жоспарда бар. Спорт орталығында Hammer Strength, HOIST, TECHNOGYM сынды белгілі компаниялардың құрылғылары орнатылған.
Әрбір бөлмеде жеке температуралық режим бар. Ол итальяндық жоғары технологиялық климат жүйесі арқылы мүмкін болып отыр. Орталықтың әр бөлігі өзіндік ерекше дизаймен әзірленбек.
Айта кетейік, нысан 2019 жылы қолданысқа беріледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі