Дүбірлі доп додасы басталды

Күллі әлем көптен күткен футбол тойы Франция төрінде шымылдығын түрді. Теңбіл доптың державасы саналған Еуропа құрлығының 24 құрамасы Анри Делоне кубогын жеңіп алу үшін барын салмақ. БІр айға созылатын бірегей турнирде фавориттермен бірге аутсайдерлер де бар. Іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен бір топта болған «қызғалдақтар елі» жоқ демесеңіз қалған мықтылар бәйгеге түсуге тас-түйін дайын.

Фавориттердің бірі, турнирдің чемпиондығынан үмітті алаң иелері Франция құрамасы чемпионаттың ашылуында Румыния аяқдопшыларымен кездесті. Көпшілік екі команда тең түседі немесе француздар жеңіледі деп болжаған. Оның үстіне алаң иелерінің алғашқы таймдағы сылбыр ойыны, румындардың қарқынды шабуылы болжамның шындыққа айналуына әкелгендей еді. Дегенмен, үзіліс кезінде Дидье Дешам шәкірттеріне қандай кеңес бергені белгісіз, үш жолақты елдің футболшылары екінші тайм басталғаннан қарсыластар қақпасына лап қойды. Қақпашының қателігін және әріптесі Димитри Пайенің пасын ұтымды пайдаланған «Арсеналдың» шабуылшысы Оливье Джиру ойынның 57-минутында есеп ашты. Осы голдан кейін жеңіс біздікі деп шулаған француз жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа бармады. Патриса Евра айып алаңында Никола Станчуға қарсы ойын ережесін бұзып, румындардың үздік орындаушысы Богдан Станкудың пенальтиден көзге түсуіне мүмкіндік алып берді. Угу Льорис қырағылық таныта алмай, таразы басы теңескен сәтте-ақ румындар қорғаныс шебін күшейтті. Бір ұпайдың өзін қанағат қылатын олар естеріңізде болса 2008 жылғы Еуропа біріншілігінде де француздармен бір топқа түсіп, алғашқы турда кездесіп есеп аша алмай тарқасқан еді. Бұдан кейін Д.Дешам өзі сенім артқан Поль Погбаны да, Антуан Гризманды да демалысқа жіберді. Алайда, олардың орнына шыққан қос ойыншы да жарытып ойнай алмады. Ойынның соңғы минуттарында нәтиже шығаруға әдеттенген Франция құрамасы ақыры өз дегендеріне жетті. Ойынның соңғы минутында алыстан қақпаны дәл көздеген Пайеге отандастарының алғысы шексіз.

Бұл турнирді «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Қазспорт» арналары тікелей эфирде көрстуге мүмкіндік алған болатын. Енді бір ай бойына Франциядағы футбол тойы біздің де назарымызда болмақ. Айта кетейік, бүгін Астана уақытымен 19:00-де «Қазспорт» арнасы  «А» тобындағы Албания мен Швейцария матчын ұсынса, «Қазақстан» арнасынан Еуропа чемпионатына алғаш қатысып отырған Уэльс пен Словакия кездесуін (22:00-де) және түнгі сағат 01:00-де Англия мен Ресей арасындағы тартысты кездесудің куәсі бола аласыздар.

«ЕлАна»