Артур Лаффер бай болуға деген басты кедергіні неге ұмытты?
АҚШ-тың атақты экономисі, тіптен «рейганомика» атауын иеленген Артур Лаффермен («Время» газеті. №17. 26.05.2016) «Бай болуға дайындалыңдар!» атты тақырып аясында өрбіген сұхбатқа көзім түсті де, «ол неге бұлай айтты екен?» деген оймен оны оқып шықтым. Тәуелсіздігімізді алғалы бері «біздің өмірімізді жақсартамыз, Қазақстанды байытудың жолын нақты айтамыз» деп әлемнің әр түкпірінен небір ауыздарын айға білеген экономистердің, білгіштердің, ғалымдардың талайлары келіп кетті. Олар жәй келмейді, әлгі данышпандықтары, ақыл-кеңестері үшін қомақты айлық талап етеді. Басшымыздан бастап, қосшымызға дейін жалбақтап, әлгі данышпандардың апандай ауыздарына жылы-жұмсағымызды тосамыз. Кімнің байығысы келмейді десеңші! Әлгі данышпанға Құдайдай сеніп, қандай сиқырлы сөздер, әдістер айтады екен деп тағатсыздана күтеміз. Бірақ пәлен миллион долларды қалтасына басқан олар халқымызға көк тиын пайдасы жоқ көп мылжыңдарын оңды-солды айтып, күндердің күнінде тайып тұрады. Олардан кейін ештеңе өзгермейді. Қазекең ескі астауымен немесе кедейшілігімен күресіп қала береді.
Біздің биліктің аузын аштырып, көзін жұмдырған осындай ақылшы сәуегейлер туралы естісем болды, неге екені белгісіз, Қожанасырдың көк есегі есіме түсетін болды. Оны сіз де жақсы білесіз. Әбден кедейленген Қожекең қалай баюдың жолын іздейді. Үйінде сататын да ештеңе жоқ. Тіптен кәрі көк есек те аяқ артуға жарамай тұр. Не істеу керек? Небір қиын-қыстау сәттерден ұтымды жол табатын Қожекеңнің алтын басына бұл жолы да жаңа, тың ой жарқ етіп келе қалды. Ол қандай ой дейсіз ғой? Тағы да оны көк есегі құтқармақшы. Үйдегі ең қиын күндерге деп сақтап жүрген екі-үш алтын ділдәсін алып, Қожекең көк есекпен тепеңдеп жолға шығады. Қан базарға келеді. Ол базардың төрінде байлар отырады. Оларға жақындағанда әлгі алтын ділдәларды есегінің құйрығына іледі. Сөйтіп, тура байлардың алдынан өтерде Қожекең үшкір таяғымен есегін бір шұқығанда оның қысқа құйрығы елпең ете қалып, көздің жауын алған алтын ділдәлар сау етіп жерге түседі. Байлар мұндай қызықты қалай қалт жіберсін, шу ете түседі. «Ойбай, Қожекеңнің есегі алтын тастады» дейді олар даурығып. Дереу Қожекеңді шақырып алып, оны қаумалап, мән-жайды сұрайды. Барын киіп жасанған Қожекең осы есегінің күнкөрісіне жарап тұрғанын, соңғы кездері осылай алтын ділдә тастап тұратынын маңыздана отырып айтып берді. Байлар мұндай тегін пайда көзін қалт жіберсін бе? Қожекеңе «есегіңді маған, маған сат!» деп олар жата жабыссын. Әзер дегенде ең көп ақша берген байға Қожекең есегін сатады. Арты белгілі. Мына данышпан сәуегей, ақылшы-кеңесші мықтысымақтар да сол Қожекеңнің көк есегі сияқты көрінеді де тұрады маған…
Жә, сонымен, экономист Артур Лаффер не деп көпірді дейсіз ғой, ол әңгімесінің басында бірден Қазақстанға, оның табысына таңданып, риза болғандығы соншама, шляпісін шешіп, зор құрмет көрсеткен. Сонда ол неге таңданыпты деп тағатсыздана күтіп тұрсыз ғой. Біздің экономикалық өсімнің жоғарылығына (8 пайыз). Одан кейін халқымыздың сауаттылық деңгейінің 99,9 пайыз екендігін естігенде, одан сайын таңданған. Содан соң ақыл айтуды бастаған. «Үкіметтің алып аппаратын ұстамау керек» дейді. Мұнысы жөн. Біздей шап-шағын мемлекеттерге шынында да соншама шенеуніктер армиясының не қажеті бар? Мәселен, әлемдегі ең дамыған мемлекет — Жапония халқының саны 128 млн., ал шенеуніктер саны 9000 екен. Ал біздің халқымыздың саны 17 миллион, шенеуніктеріміз 100 мың. Міне, пародокстың көкесі! Артурдың бұл пікіріне қосыламыз.
Ол кісінің екінші бір уәжі де көңіл аударарлық. «Активті сату керек. Оны мемлекет несіне ұстап отыр? Әсіресе бұл мұнай бағасы құлдыраған кезде керек. Мемлекеттің барлық өндірістерін сатқан жөн. Үкімет жеке кәсіпкерлікпен айналыспауы тиіс. АҚШ осыларды өз уысында ұстап тұрам деп банкротқа ұшырады» деген ойларының алғашқысы іске аспаса да, өндіріс орындарын сату мәселесі бізде қызу жүзеге асырылып жатыр. Бұл осы Артурдың ақыл-кеңесі болып жүрмесін. Данышпан ол жөнінде мысал келтіреді. Ол М. Тетчерде кеңесші болып жүргенде Англияда теміржол саласы құлдырайды. Маргарита ханымға Артур оны сату жөнінде кеңес береді. Сөйтіп, теміржол қайта түлеп сала береді. Артур Лаффер мырза салық жөнінде мынандай ой айтады. Оны көтерумен экономиканы көтере алмайсың дейді. Әсіресе байларды қыспау жөнінде ой айтады. Сөзінің қорытындысында мемлекетте әлеуметтік теңдік қажеттігін баса айтады. Артурдың біздің елдің тұрғындарына «Баюға дайындалыңдар!» деп көтеріңкі көңіл сыйлап, тілектестік білдіргеніне көп рақмет! Бірақ дәл осы сұхбатында қалай баюдың жолын ол анық көрсете алмаған. Айтпақшы, ең маңызды нәрсені ұмытып барады екенбіз. Артекең егер қажет етсе, біздің Президентімізге кеңесші болуға қарсы еместігін емеуірмен білдірген. Онсызда дағдарыстан қиналып тұрған мемлекетімізге тағы бір «апан ауыздың» қажеті жоқ-ау деп ойладым. Бірақ біздің ойымызбен кім санасып жатыр дейсің.
Сонымен, Артур Лаффер мырза кедейлердің баюына кедергі болатын ең маңызды мәселені ескермей отыр. Ол баяғы күні-түні шайқасып, жеңе алмай жүрген жемқорлық мәселесі ғой. Екіншіден, ол кісі ағылшынша немесе американша ойлайды. Қазақтың мүддесін, салт-дәстүрлерін мүлдем естен шығарып жіберген. Бұларды ескермеген оның данышпандығына күмәнім бар. Шіркін, осындай ақылгөйсіген батыстың данышпандарына біздің билік те күмәнмен қараса, қандай жақсы болар еді! Оларға жұмсалған қайран қаржыны кедейлеріміздің мұң-мұқтажына жұмсасақ, әлдеқайда пайдалы іс тындырар едік…
Ертай Айғалиұлы