Отбасы құндылықтарын сақтап жүрміз бе…?!
20-25 те,түсірілген Ұлттық арнаның «Қарекет» бағдарламасында жүрек тебірентерлік оқиға көрсетілді. Өзіміз өткенде, сол бағдарламаның түсірілім барысында бірнеше рет толқып, жанарымыз жасаурап қалды… Жиырма жылдай бір-бірін жоғалтқан ана мен бала… Ағайындарынан алыстап кетіп, елге орала алмай көкірегі сығылған ер азамат… «Қарекет» бағдарламасының қыз-жігіттеріне Алла разы болсын! Сонау Украинаға бірнеше рет барып, ақыры дегендеріне жетіп, адасқанды үйіріне, айырылғанды үйіне қосты. Қандай сауапты, салиxалы амал десеңізші… Расында, осы оқиғаның түйінделер тұсында мені толқытқан нәрсе мына ой еді; біз бірнеше ғасыр ішінде неден ажырамадық, неден көз жазып қалмадық. Отбасы құндылықтарынан бастап, ұлттық деңгейге дейінгі қаншама қасиеттерімізбен, жүйелі жөн-жосық, дәстүрлі қарым-қатынастарымызбен қауыша алмай жүрміз ғой. Соның себебінен «баға алмай бала кетіп, қарай алмай қатын кетіп» жатыр… Жасы ұлғайған жан көп болса да арасынан ақсақал таба алмаймыз… Елге танымал азамат көп болғанмен отбасындағы беделіне куә болғымыз келмейтіні тағы бар… Ерге айбынды, бәйбішеге берекені, қызға иба, келінге ізетті оралта алмай жүрміз… Өсіргеніміз өнбей, шақырғанымыз келмей жатыр… Эгоист ұлдан әділетсіз шенді шығып, патшайым қыздан жөргек аңсамайтын тасжүрек пайда болуда… Кім нені жоғалтпады?! Алла тәуелсіздікті қиаметке дейін баянды қылып, жоғалтандарымыз оралып, ажырағандарымыз табылып, жалы биік, жолы үлкен елге айналуымзды нәсіп етсін!
Мұхамеджан Тазабеков фб парақшасынан