ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА 5 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы Сайрам ауданында өткен жылы 5 инвестициялық жоба іске қосылды. Бір жылдың ішінде іске қосылған инвестициялық жобалар нәтижесінде 200-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Бірінші жоба — «Gas Standart System» серіктестігінің сұйық газ сақтайтын кешені. Құны 1 млрд. теңгені құрайды. Ал, екінші нысан «Южанка-5» ЖШС-нің  ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехы. Жобаның құны 100 млн. теңге. Цехта көкөніс консервілері дайындалады. Өткен жылы ауданда іске қосылған келесі жоба — «АХБК» ЖШС-нің  тігін фабрикасы. Жобалық құны 172 млн. теңгені құрайтын фабрикада өндіріс орындарында еңбек ететін жұмысшыларға және әскердегі сарбаздарға арналған киімдер, төсек орын жабдықтары тігіледі. Сондай-ақ, аймақта «Артезия» серіктестігі жобалық құны 30 млн. теңге болатын сусындарға арналған пластикалық ыдыстар шығаратын цехты іске қосқан болатын. Бұдан өзге, іске қосылған инвестициялық жобалардың бірі — «Даут» ЖШС-нің сүт өнімдерін өңдейтін цехы. Онда қаймақ, сүзбе, айран дайындалады.
Өткен жылы Сайрам ауданының өнеркәсіп саласының үлесі облыс көлемінде 10 пайызды құрап, екінші орынға тұрақтады. Жалпы, ауданның даму концепциясына сәйкес, өнеркәсіп саласының даму бағыттары айқындалып, атқарылған жұмыстар нәтижесінде аталған салада 40 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.
2019 жылы аудандағы өнеркәсіп өнім көлемін 45,3 млрд. теңгеге жеткізіп, 12,5 пайыз  өсімге қол жеткізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі