Рүстем ӘБДІРАШ, кинорежиссер, сценарист, продюсер: Ұлттық мүддені қорғайтын өнер туындылары қажет
«Біздің сұхбаттың» оқырмандары! Беташар сұхбатқа кинорежиссері, сценарист, продюсер Рүстем Әбдірашты шақырып отырмыз. «Барлығы режиссер болғысы келеді, бірақ мықтылары ғана кино алаңында қалады» деп бекер айтылмаса керек. Рүстем Әбдіраш «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық», «Көшбасшы жолы» киноэпопеясы — «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан», «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» сияқты фильмдердің режиссері, өз саласының майталманы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әлем бізді қара алтынмен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен тануы керек» деген екен. Мәдени жетістігіміздің бірі — кино. Оның ішінде қазақ көрерменінің сусап отырған тақырыптың бірі — тарихи тақырып, тарихи фильмдер. Күні кеше ғана «Қазақ хандығы: Алтын тақ» киносериалының түсірілімі аяқталды. Әңгімеміздің ауаны осы тақырыпта болмақ.
«Алтын тақтың да» тұсаукесері болады
— «Қазақ елі» сериалының үлкен экранға лайықталған кинонұсқасы «Алтын тақ» 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай көрсетілуі керек еді. Үлкен экранға шыққан жоқ. Кейінге ысырылуына не себеп?
— Екінші маусымның негізінде жасалған кинонұсқасын жоспар бойынша 16 желтоқсанға дейін толық бітірдік. Жуық арада тұсаукесері болмақ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің белгілеген уақытын күтіп отырмыз.
— Қаржы жағынан қиындық болды ма? Бірінші бөлімде қаржы тапшы болғанын әлі де ұмыта қойған жоқпыз.
— Сөзіңіздің жаны бар, алайда бұл жолы қаржы жағынан қиындық туған жоқ. Мәдениет министрлігі жобаны аяқтау үшін жеткілікті қаржы бөлді. Қаржы артық-кемсіз жетті. Тарихи жоба болғасын алғашқы маусымда костюм мен декорацияға көп қаржы жұмсалды. Екінші маусымда қаражат тек реставрацияға жасауға кетті. Мәселен, бірінші маусымда костюмнің 80 пайызы тігілсе, екінші маусымда оның 20 пайызына ғана қаражат жұмсадық. Постпродакшнға министрлік қосымша қаражат бөлді. Құдай бұйырса, ауқымды жобаның шеті көрініп қалды. Бізде өз тарихымызды тек тарихшылар ғана біледі. Бұрындық, Қасым хандардан кейінгі Хақназар деген хан туралы білетіндер аз. Хақназардың қазақ еліне сіңірген еңбегі зор. Ол құлдырап бара жатқан хандықты қайта қалпына келтіріп, шекарасын кеңейтіп, бірталай елді бағындырып, үлкен мемлекет құрған. Нағашысы ноғайлар екен, солардың арқасында билікке келіп, соңында ноғайды қазаққа бағындырды. Орыс патшасы Иван Грозныймен терезесі тең дипломатиялық қарым-қатынаста болды. Хақназардың заманы туралы тарихшылардан басқа кім не біледі қазір? Меніңше, тарихи фильмге сұранып-ақ тұр.
Өткенімізге көз жүгіртсек, Франция корольдарының тарихын өз хандарымыздың тарихынан артық білген кезеңдер болды. Еліміз егемендік алған соң еңсемізді тіктеп, ескімізді түгендеп, тарихымызға терең үңіле бастадық. Қазақ елінің тарихын, тек Қазақ хандығының тарихымен шектемей, Түркі дүниесі деген бәйтеректің бір бұтағы ретінде қарастырсақ, ол да — үлкен тарих, дүбірлі дәуір. Бодандық қамытын бертінде кидік. Біз ғана емес, алып мемлекеттер де бодандық қамытын киген кезеңдерден өтті. Орыстар да «Алтын орданың» боданында болды, ағылшындар да Рим империясына бағынды. Тарихты білу парыз, ал оны қарапайым халыққа жеткізудің ең оңтайлы әдісі тарихи фильмдер мен сериалдар түсіру. Болашақтың қамы үшін кино арқылы бодандыққа қай түрімізбен қалай жеткенімізді еске алып отыру дұрыс емес пе?
— Фильмнің екінші бөлімінен көрермен қандай оқиғаларды көре алады?
— Кино жобаның аты айтып тұрғандай: «Қазақ хандығы: Алтын тақ». 10 сериялы фильм, әр серия екі бөлімнен тұрады. Ақ орданың яғни Ұрыс ханның ұрпақтарына аманаттап кеткен алтын тағы Сығанақта болатын. Сығанақты 40 жыл бойы Әбілхайыр Шайбани басқарды. Жәнібек пен Керейдің Көк ордадан сытылып шығып, шет елге кетіп, қазіргі тілмен айтқанда, имиграцияға ұшырап, сол жерде басшысын сайлап, ел болды. Мұны қазіргі тілмен айтқанда «азаматтық бағынбау актісі» (акт гражданского неповиновения) деп бағалауға болады. Тарихта мұндай оқиғалар кездесе бермейді. Бірінші маусымда осы оқиғалар қамтылған болатын. Бүгінгі ұрпақ шын мәнінде тарих бағасын енді-енді түсіне бастаған секілді. Бұл тұрғыда киноның маңызы өте зор. Тарихи фильмдер арқылы бүгінгі жастар өз елінің тарихын танып, өткен-кеткеніне үңіледі. Екінші маусымдағы оқиғалар, әсіресе, жастарға қызықты болады деген ойдамын. Балалар мектеп оқулықтарынан тарихты хрестома-тиялық тұрғыдан ғана біледі. Кинода Жәнібек пен Керейдің адами қасиеттерін біліп, Бұрындық, Қасым сұлтандардың ерліктеріне куә болады. Оларға қосылған ру-тайпалардың өмірін көруге болады. Екінші маусым тарихи қызықты оқиғаларға толы. Көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын.
— Алдымен телесериал түсіріп, оны толықметражды фильмге айналдырудың қиын-дығы неде?
— Әрине қиын әрі күрделі. Себебі сериалды түсіру мерзімі тығыз, ал түсірілетін материал ауқымды және көп. Кино түсірген кезде бір сахнаға шамамен 1-2 аптадай уақыт кетуі мүмкін, ал сериал түсірген кезде екі аптада кем дегенде бір серияның материалын түсіріп тастауымыз қажет. Сериалдың оқиғалық өрбуі ─ жан-жақты тармақ- тармаққа бөлініп дамиды, ал кинода негізгі оқиға ғана қамтылады. Себебі киноның уақыты екі сағаттан аспауы тиіс. Монтаж кезінде де, шамамен он сағатқа созылған тарихи оқиғалар желісін екі сағатқа ықшамдап сыйдыру оңайға түспейді. Сондықтан, кино барысы тек негізгі тарихи оқиға желісінде құрылады. Ал сериал жасаған кезде көрерменге қызықты болу үшін түрлі оқиғалар қамтылады. Кім кімге үйленді, кім кім жайлы сөз таратты, қалай у беріп өлтірді немесе өлтіре алмады деген секілді тарихи маңызы жоқ, қосалқы оқиғаларды енгіземіз. Кез келген сериал сонысымен қызық. Бірақ сериалдың киноға тиімді ең үлкен көмегі — қажетті материалды көп түсірілуі. Түсірілген материалдың көптігі монтаж кезінде әртүрлі ракурсты кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Материал неғұрлым көп болса, монтаж кезінде өрісің тарылмайды, шабытпен жұмыс істейсің. Атақты кинорежиссер Стивен Спилберг «Киноның дыбысын алып тастап, тек қана бейнені көріп, оқиғаның не туралы екенін түсінсең, киноның дұрыс болғаны» дейді. Біздің жұмысымызды телевизиялық сериал немесе телеспектакль емес, көп сериалы кино деп айтуға болады.
Шауып бара жатқан тұлпардың тұяғына шаң жұқпайды…
— «Алмас қылышты» түсірген топ мүшелері «Алтын тақтың» тұсында өзгерді ме?
— «Қазақ хандығының» екінші бөлімі болғандықтан, бір жоба деп қарастырамыз, бір кітаптың екінші бөлімі секілді ғой. Демек, бірінші маусымда жұмыс істеген ұжым екінші маусымда да жұмысын жалғады. Бірен-саран өзгеріс бар, бірінші маусымда көмекші боп жұмыс істеген суретші екінші маусымда бас суретшінің қызметін атқарды. Жоба төрт жылға созылғанын білесіз, жұмысқа бозбала, бойжеткен шағында келгендер бас құрап жатыр. Жаңа кейіпкерлер қосылды. Қытайдағы бір қандасымыз түсірілімге қатысып еді, кейінгі жағдайлардың кесірінен түсірілім алаңына келе алмай қалды. Сол себепті оның орнына басқа актерді алуға тура келді.
— «Алмас қылышқа» бірталай сын айтылды, мақтап жазғандар да болды. Кейбір жазушы ағаларымыз арнайы мақала да жазды. Айтылған сындардан қорытынды шығардыңыз ба?
— Біріншіден, жазғанның барлығы сыншы емес. Екіншіден, қазір интернеттің заманы, екі қолға бір күрек табылмаса да, әркімнің ойына келгенін жазуына жол ашық. Шауып бара жатқан тұлпардың тұяғына ілескен шаң секілді… Оны сын деп қабылдау қиын. Конструктивті сынды, әлбетте, қабылдайсың. Киноны көрмей-ақ сынап жатқандарға қарным ашады. Уақытын босқа ысырап етіп отыр. Біреулердің тапсырысымен жазатындарды да білеміз, қанша досымыз болса, сонша дұшпанымыздың бар екені рас. Халықтың барлығына бірдей ұнау мүмкін емес. Ең бастысы жобаға көрерменнің қызығу-шылығы зор. Бірінші жобада сөз саптауға қатты мән беріп, кейбір жерлерін ұзатып та алдық. Ал екінші жобада темп, ритм жағына басымдық бердік.
— Сөз саптау жайында айтып қалдыңыз, тарихи киноларда диалог ақсап тұрған жоқ па? Кез келген фильмнен кейін халықтың есінде кейіпкерлер арасындағы диалог қалады емес пе?
— Бұрынғы қазақ киносында диалогтардың авторлары болмайтын. Біздің жобамызда бірінші маусымнан келе жатқан фильмнің редакторы Ерлан Төлеутай деген азамат фильмдегі диалогтарды менің нұсқауымен редакциялап, автор болатын деңгейге жетті. Тарихи кино болғандықтан сөз сап-тауға, айтылған диалогтың сөйлем құрылымына үлкен көңіл бөлінді.
— Өзіңізге ұнаған, есіңізде қалған бір диалог айтыңызшы?
— Шахмұхамедтің Қасым сұлтанға айтқан сөзі: «Бөлеге бөліп берер тағым жоқ, бөле емес, бәлесің сен»… немесе Әбілқайыр Шайбанидің «Тоқсан екі баулы елдің басын қосқанда, төрт қатынның басын қоса алмадым, о тоба!» деп өз-өзіне күлген сәті. Ең қызығы — біздің сериалдағы кейіпкерлердің аузынан шыққан сөздер ел арасында тарап кеткені.
— Екіншіден, тарихи кинодағы диалогтардың осы өмірмен тікелей байланысып жатады. Құдды бүгінгі саяси ахуалды сипаттағандай әсер қалдырады. Тіпті бүгінгі саяси мәселенің шешімі тарихи фильммен қабысып жатады.
— Мұны арнайы мақсатта жасалды деп ойламаймын. Көре білетін адам көреді. Тарихтың кейбір оқиғалары қайталанатын секілді. Қазақ хандығы — Шыңғыс ханнан қалған, Алтын орда империясының қирандысынан құрылған көшпенді мемлекет. Қазіргі Қазақстан Совет империясынан бөлініп шыққан мемлекет, фильмде осындай параллельдер бар. Сіз айтқан диалогтар осы параллельдердің ықпалынан туған болар. Ал оны ұғыну әр көрерменнің танымына байланысты. Мысалы, осы жолы Елбасымыздың ұсынысы және министріміздің қолдауымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің сыртында да, хан сұлтандар отырған Ақсарайдың ішінде де түсірілімдер болды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ─ тарихымыздағы ең үлкен тарихи жәдігер. Тек қазақтың ғана емес, түркі әлемінің рухани орталығы. Орыстар үшін Қызыл алаң қаншалықты маңызды болса, қазақ ұлты, тарихы үшін Түркістан мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңызы сондай деп ойлаймын. Ұлттық болмысымыздың жетесі сол жерде жәдігер боп жатыр. Ата-бабамыздың сүйегін реттеп орнына келтірмейінше, біраз нәрсе өзгере қоймас. Совет заманында зерттеу жасаймыз деп сүйектеріне дейін алып кетті. Қаншама көктас, құлпытастар да жоғалып кетті. Елбасы жарлығымен облыс құрылып жатыр. Соның арқасында біраз мәселе реттеледі деген ойдамыз.
«Нұр Отан» партиясының жастарға қамқорлығы ерекше
— Сіз үшін кино бизнес пе, әлде идеология ма?
— Мен үшін кино — ол өнер. Өзімді суреткер сезінемін. Өнердің кез келген түрінде идеология ашық көрінбегені жөн. Нағыз өнер адамы ойын астарлап-ақ жеткізе алады. Идеология ашық айтылса, өнер өнер болудан қалады. Идеология деген түсінік Совет заманында қалыптасқан, сол заманда қалғаны дұрыс шығар. Біз қазір «Ұлттық руханиятымыздың даму доктринасын» қалпына келтіру уақытында өмір сүріп жатырмыз. Ұлттың рухани дамуының доктринасы енді қолға алынып жатыр. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Ұлт руханиятының даму доктринасының» негізін бір жүйеге келтіру үшін жасалған қадам. Ол біртіндеп жүзеге асатын іс. Көп ұзатуға да болмайды. Ұлттың архитектоникалық негізі қалыптасып келе жатқан заман. Сондықтан уақытымызды өткізіп алмай, барлығымыз «Ұлт руханиятының доктринасы» қалыптасуына еңбек етуіміз керек. Оның саласы көп: тіл, тарих, салт-дәстүр, қолөнер, мәдениет, әдебиет, кино. Бұлар «Ұлттық доктринаның» ішіндегі жүйелі түрде жұмыс істейтін бөлшектері. Осы айтылғанның барлығы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылып кеткен.
«Нұр Отан» партиясы «Ұлы дала» байқауын жариялап жатыр. «Нұр Отан» партиясы Президенттің саясатын қолдайтын, стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырушы еліміздегі бірден-бір жетекші саяси күш. 2019 жыл «Жастар жылы» деп жатырмыз. Қоғамды рухани жаңғырту мен дамыту үдерістерін бейнелейтін, заманауи дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас жазушыларды, ақындарды, драматургтерді, сценаристерді, публицистерді, композитор, режиссерларды да анықтау, оларға қолдау көрсету дер уағында қолға алынды деп ойлаймын. Ұлттық мүддені қорғайтын өнер туындылары қажет.
Мұндай байқаудың жеңімпаздары белгілі бір уа-қытқа материалдық тәуелсіздікке қол жеткізеді. Шығармашылықпен алаңсыз айналысуына ынтасы артады.
— «Алтын тақты» асыға күткен көрерменге бір айтарыңыз бар ма? Мына нәрсе көңіл аударса екен деген арман-мұратыңыз бар шығар, бәлкім?
— Фильмде көшпенді халықтың тіршілігі, өмірге деген көзқарасы сақталады. Ең бастысы ата-бамыздан қалған мұраны жоғалтпау, еске алу, тереңдігін біліп түсіну. Еуразия кеңістігінде тамырын тереңге, кеңге жайған ұлттың біріміз. Сол кезде Қазақ хандығының құрамына кірген тайпалардың тарихы тереңде еді. Алтын орданың тарихы да біздің тарихымыз екенін енді түсініп келе жатқандаймыз. Кеңес идеологиясының арқасында Гитлердің қаншалықты жау көрсек, Шыңғыс ханды да солай жау көрген заман болды. Жасы үлкен адамдар, кейбір зиялы қауым әлі күнге дейін Шыңғыс ханды қазақтың жауы деп есептейді. Шындығына келгенде, Қазақ хандығының түп тамыры Шыңғыс хан құрып кеткен мемлекеттің бір қанатының бөлшегі екенін ескергеніміз жөн. Бір тарихи заманда барлығының басы қосылып, ыдыраған кездері болды. Бір-бірімен соғысқан заман болды. Ақ орданың Ұрыс хан деген патшасы Жәнібек пен Керейдің арғы аталары. Алтын орданың басын үш-төрт жылға болса да қосып, бір мемлекет қылуға тырысқан хандардың бірі. Көршіміз «Алтын орда» деген атаумен екі кино жасады. Тарихқа түк қатысы жоқ, түкке тұрмайтын туынды. Мультфильмдерінде де біздің ата-бабаларымызды «сықси көз» деп келеке етеді. Оны еліміздегі кинотеатрларда көрсетті. Оған жол бермеуміз керек. Ұлттық мүддені қорғау үшін тегімізді келеке ететін кино, мультфильмдерді кинотеатрлар мен теледидардан көрсетуге рұқсат етпеу керек. Ақын, жазушы, тарихшы, киногерлерден комиссия құрылып, елімізге сырттан әкелінетін фильмдерге сараптама жасап отырса, «бөтен сөзге» еріп кетпейтін, қуаты мығым, намысы берік ұрпақ өсіріп шығатын едік. Рухани шекарамызды қорғау деген сол.Ұлттық доктринаны қолға алу барысында осы дүниелер ескерілсе деген тілегім бар.
— Күні кеше қабылдаған «Кинематография туралы» заң туралы не айтасыз?
— 2019 жыл қазақ кино әлеміне елеулі оқиға әкелді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кинематография саласында құқықтық негіздемелерді белгілеуге бағытталған «Кинематография туралы» ҚР Заңына қол қойды. Қазақ киносы бұл заңды көптен бері күтті. Министріміздің қолдауымен осы заң жобасы киноға қатысты мамандардың талқылауынан өтіп, жүзеге асты деп айта аламын. Бұл заң ұлттық киномыздың әлемдік деңгейге көтеріліп, кино индустриясының дамуына үлкен үлесін қоспақ.
— Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бауыржан КАРИПОВ