Мамандық майталманын қалыптастыру үшін не қажет?

Мектеп қабырғасындағы 11 (12) жылдық білім мен университет қабырғасындағы 4 (5) жылдық, бас-аяғы 15 жылдық білімнің көздегені – білікті маман қалыптастыру. Ал біз бүгінде өз саласын жетік меңгерген мамандық майталманын қалыптастыра алып жатырмыз ба?

Білім беру жүйесіне әр министрмен қоса келетін өзгерістер балаларды да, мектеп мұғалімдерін де біраз титықтатқаны жасырын емес. Қаршадай бүлдіршіндердің үш тілде оқуы, ҰБТ жүйесіндегі өзгерістер, критериалды бағалау, техникалық пәндерді ағылшын тілінде оқытуға ден қою, «Алтын белгінің» бұрынғыдай ҰБТ балымен анықталмайтыны, санай берсең тіптен көп. Иә, бұл реформалардың мақтауға да, даттауға да, ақтауға да болатын тұсы баршылық. Ал ЖОО-да мұндай өзгерістер орын алып жатыр ма? Мектеп қабырғасында жүргізіліп жатқан өзгерістер ЖОО-да өз жалғасын табады деп сенейік. Екі орданың арасын байланыстыратын көпір болмай білікті мамандар шығуы екіталай.

Оңтүстік Африкадағы көне университеттердің бірі Стелленбостық университет қабырғасында: «Білімнің құлдырауы – ұлттың құлдырауы»,-деп жазылған екен. Білім жүйесіне оқтын-оқтын реформа жасап, жаңашылдыққа бет алғысы келетін қоғам ескерерлік сөз. Біз бүгін жасаған реформаның жемісін бізден кейінгі толқын жейтіні және рас. Ендеше, білім жүйесі мемлекет үшін қам жеген адамдардың алқалы отырысында, ортаға салары бар жандардың кеңесінде қаралған, жеті рет өлшеп, бір рет кесілген пішімді сөз, ойлы кесімнің нәтижесінде құрылуы тиіс дүние. Мектеп қабырғасындағы 11 (12) жылдық білім мен университет қабырғасындағы 4 (5) жылдық, бас-аяғы 15 жылдық білімнің көздегені – білікті маман қалыптастыру. Ал біз бүгінде өз саласын жетік меңгерген мамандық майталманын қалыптастыра алып жатырмыз ба? Мақаланы тереңірек түсіну үшін мәселені әріден қозғайық.

ЖапониядаVIIIғасырда, дәлірек айтсақ 705 жылы салынған Нисиама Онсен Кеуинкан қонақ үйі әлі күнге дейін жұмыс жасап келеді. Ол, тіпті, 2011 жылы ең көне қонақ үй ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қызығы, оны бүгін сол әулеттің 52-ші ұрпағы басқарады екен. Күншығыс елінде атадан балаға мирас болып қалған мұндай мұралар баршылық. Осыдан 1300 жыл бұрын, 717 жылы салынған Хоси-Рекан қонақ үйі де Гиннестің рекордтар кітабында тұр. Бүгінде бұл қонақ үйді де негізін қалаған адамның 46-шы ұрпағы басқарады. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған істі жалғастырудан жапондар не ұтты? Бір кәсіппен ұзақ уақыт шұғылданған адам оның қыр-сырын жете меңгеріп, оны әртүрлі жолмен дамытуға күш салатыны бар. Ал жапондардың осы қасиетінің қазаққа қажеті бар ма? Иә, бар екен.

Қазіргі таңда ғылым мен білім саласында бізден әлдеқайда ілгері дамып кеткен батыстың әдебиеттерін аударып, қажетімізге жаратуға тырысып жүрген жайымыз бар. Медицина, экономика, техникалық салалардың қазақ тобында білім алушы студенттерге арналған мұндай аударма кітаптардан көз сүрінеді. Бірақ, сол аударылған кітаптардың жілігі май татымай тұр. Мәселен, медицина университеттеріне арналған оқулықтардың бірінде мынадай ақпарат берілген: «Көз көпіршіктері кезеңінде эктодерма маңайындағы телімдерде жуандау пайда болады – көзбұршақ плакоидтары». Осындай түсініксіз сөйлемдерді түсінудің қиындығынан қашқан қазақ тобында оқитын студенттер мәліметтерді орыс тілінде оқуды құп көретіндігін алға тартты.

Бүгінгі ең өзекті мәселелердің бірі – білім беру жүйесінің салалық мамандарды жасай алмауы. Осы олқылықтың салдарынан медицинаға қатысты кітаптарды бұл саладан мүлдем хабары жоқ аудармашылар аударып, ал ол бүгінгі іске алғысыз кітаптардың жарыққа шығуына себеп болып отыр. Медицина,IT технология, экономика, құқық салалары, стандарттау, сертификаттау, т.б. әр түрлі салада кітап, журналдарға аударма жасайтын өзінің мамандары болуы қажет. Бұл тек «Аударма ісі» мамандығына қатысты мәселе емес. Журналистика, әдебиет, тарих, т.б. қандай мамандық болмасын мұндай жаңалықты қажет етеді. Тарихшы бар дәуірді зерттегеннен гөрі бір дәуірді екшеп алып, соны жетер жеріне дейін жеткізе зерттегенде ғана ғылымға үлес қосады. Әрине, бұл тарихи сабақтастықты тысқары қою деген сөз емес. Бірақ, өзге кезеңдерден хабары бола отырып, өзі ден қойған дәуірді жүйелі түрде зерттеу деген сөз. Бұл әлемдік тәжірибе көрсеткен мысал. Мұндай жүйелілік бүгінгі білім беру жүйесіне ауадай қажет. Сонда әркім өз саласында сауатты әрі табысты еңбек етеді деген сенім бар.

Салтанат Шынәділ