Отандық білім беру жүйесінен не күтеміз?

Тәуелсіздіктің 28 жылында реформа мен сынақтан бір көз ашпаған отандық білім беру жүйесі ескі жылды артқа тастап, жаңа жылға аяқ басты. Қазыналы делінген ит жылы қазақстандық білім беру жүйесіне оң өзгерістер сыйлай алды ма?

 

№32 бұйрық қағаз қыспағынан
қаншалықты құтқарады?

Тәмамдалған жылы мұғалімдердің жүктемесі 18 сағаттан 14-16 сағатқа кемиді, бірақ айлық деңгейі сақталады деп аса көп күтіліп еді. Бірақ бұл жаңалық шырайлы шындыққа айналып, ұстаздар қауымын қауанта алмады, себебі жүзеге аспады. Егер жүктеме саны азаятын болса, мұғалімге едәуір демеу болары анық. Тағы бір ел аузында ұзақ айтылып, оң нәтижесін күттірген мәселе-сынып жетекшілікке төленетін ақының деңгейі өсуі. Алайда мұғалімдер сынып жетекшілік қызметтері үшін дәстүрлі дәрежеде жалақы алып қала берді. Тек тостырудан арыға аса алмаған бұл қос қажеттілік алдағы оқу жылында жүзеге асар деген үміт жоқ емес. 2018-2019 оқу жылының қыркүйегінде жарияланған Білім министрінің №32 бұйрығы тәлімгер атаулыны қағаз қыспағынан аршып алардай елең еткізді. Бұл бұйрық бойынша мұғалімді тексеріп келер кез келген комиссия одан тек қана арнайы көрсетілген бес құжатты ғана талап етуге құқылы болды. Бір ғана бұйрықпен қағаз нөпірінде қалған мұғалімді аршып ала алмаса да, бұл бұйрық алдағы «қағазсыз болашаққа» бастайтын серпіліс сыйлағаны даусыз. Қазір ең бастысы — мұғалімнің мәртебесі мен қағазбастылық дертінен айығу болып тұр. Аталған бұйрық мұғалімдерге деген «тұтқиыл тексеріктер» көшін азайтуға ықпал етті.

Жаңартылған білім жаңалыққа бастады ма?

2016-2017 оқу жылында басталған жаңартылған мазмұнда оқыту ағымдағы оқу жылында жалғасын тапты. 3,6.8-сыныптар тиісінше жаңартылып, қажетті оқулықтармен қамтылды. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 4,9,10-сыныптар өз кезегінде жаңаратын болады. Ал 11-сыныптар 2020 жылы өз жаңғыруын күтпек.
Жаңартылған бағдарламаға сай жаңашыл оқулықтар лек-легімен мектептерге ұсынылды. Бұрынғыдай жетіспеген оқулықты ата-ана кітап дүкендерін, қала берді базарларды сандалып жүріп, өз ақшасына сатып алу дәурені келмеске кетті. Енді оқушылар тек мектеп кітапханасының 100 пайыз қамтыған оқулығымен ғана оқып жүр.Жалпыға міндетті оқу стандартына сай білім беру үрдісі үздіксіз жаңарып, қажетінше жүріп жатыр.
Білім жүйесін цифрландыру деңгейі артты. Күнделік.кз электронды күнделігі ел аумағында толықтай дерлік іске қосылды. Бұл электронды форматтағы құжат мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасу үрдісін жылдамдатып, ата-ана мен ұстаз арасындағы байланысты күшейтті. Енді ата-ана онлайн түрде баласының үлгерімін қадағалап, мұғалімінің ескертпелерімен аталмыш сайтқа кіріп-ақ таныса алады. Бақылау сабақтарының қай күні өткенін және баласының қандай балл алғанынан да мағлұм бола алады. Осылайша жаңартылған білім беру жүйесімен бірге кірген электронды құжат игі жемісін беріп жатыр. Бұл бір жағынан мұғалімнің уақытын үнемдеу болып табылады. Өйткені дәстүрлі қағаз журналдардағыдай мұғалім әр күнді жазып, сабақ тақырыбы мен үй тапсырмасын сызғылап отырмайды, бұл электронды күнделікте оның барлығы тоқсан басында енгізіліп, әзір тұрады. Яғни, ұстаз әр күн сайын қол жазуынан біршама ажырады. Бұл цифрландыру жүйесінің, озық жаңа технологиялардың оқыту жүйесіне, оның ірі тұлғасы — мұғалімге көрсетіп жатқан жағымды жаңалықтары. Бір ғана ұстаздарға аса ұнай қоймайтын қасиеті-сөз болып отырған журналды дер кезінде толтырып, соған байланысты әр мектептің рейтингісі анықталатыны. Ұзын арқан, кең тұсау қазіргі оқытушыға қол емес екенін осыдан-ақ байқауға болады. Бүгінгінің мұғалімі қырағы, әрі ұшқыр бола білуі шарт.

 

Ұстаз мәртебесі заңмен қорғалуы тиіс

Бағзыбір жылдардағыдай мұғалімдердің жалақысын жаппай 25-30 пайызға көтеру құрдымға кеткен. Қазір мүлде соны жүйе жұмыс істеп тұр. Қазір жаңартылған сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысына басымдық берілген. Дәлірек айтқанда, өткен оқу жылында 2,5,7-сыныптар жаңартылғанда, соған сай ұстаздарының жалақысы да 30 пайызға өскен еді. Биылғы оқу жылында 3,6,8-сыныптар жаңаша оқытуға көшкенде, тәлімгерлер 30 пайыз үстемақылы жалақы ала бастады. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 4,9,10-сынып түлесе, осы сыныптарға тәлімгерлік ететін ұстаздардың жалақысы 30 пайызға артатын болады. Ал 11-сыныпқа ұстаздық ететін мұғалімдер жалақыларын сәл кенжелетіп, 2020 жылы ғана үстемақыға қол жеткізеді. Бұл жаппай жарылқаудың бір көрінісі ғана. Келесі ретте әр мұғалім еткен еңбегіне, жеткен жетістігіне қарай тестілеуден өтіп, одан кейін сараптау комиссиясының талқысынан өтіп қана 20-50 пайыз аралығында өз жалақысын өсіре алады. Жалпы біліктілікті арттыру бес жылда бір міндеттеледі. Ал бұған дейін ұстаз өз жалақысын көтеруге жетістіктері жетіп тұрса, әрі тестілеуден өтсе, мерзімінен тыс айлығын арттыра алады. Ал тестілеуден сүрінген жағдайда, екі мүмкіндік міндетті түрде беріледі. Ал одан да өтпеген жағдайда ешбір жазалау шаралары қарастырылмайды. Егер ұстаз кезекті біліктілікті көтеру жағдайында тесттен сүрінсе, онда санаты нөлге теңестіріледі немесе ең төменгі бастапқы санатқа түсірілуі әбден мүмкін. Бұрынғымен бір салыстырып өтсек, кезекті аттестаттаудан өтетін мұғалім ешбір тестілеусіз тек бес жылдық жемісін сараптау комиссиясының алдына қоятын. Ал қазір ол кеңшілік заман көзден бұл-бұл ұшты. Тестілеу мұғалімдер үшін ақырзаман емес екені белгілі. Бірақ ҰБТ базасында жүрген сандырақ сұрақтардың мұғалімдердің тестінде де жүрмесіне кім кепіл? Сондықтан да бұл аттестаттаудың әлі де пісіп-жетілуі тиіс жақтары баршылық.
Мұғалім мәртебесі — ит жылында ең көп айтылып, біраз қозғалған толғақты мәселе. Мұғалім мәртебесін арнайы заңмен қорғаса, ешбір «дүлей күш» оны жұмыс орнында балағаттап, оқушылардың көзінше ұрып кете алмас еді. Заң мен мемлекет ерекше құрметтеген мұғалім айрықша абырой иесі болар еді. Және мұғалім беделі көп жағдайда оның жеке білім, білік деңгейіне тәуелді. Заң «сыйла» деп сыбанып тұрмаса да, өзінің терең біліміне оқушылары мен ата-ананы тәнті ете білген ұстаз ешбір атақ-даңқсыз-ақ құрметті болары даусыз. Осы орайда жоғары білім берудің сырттай бөлімдерінің енді тегіс жабылып, тек іштей бөлімде ғана білім алу мүмкіндігі қалғанын білгенде, естілер мен ертеңін сапалы білімнен ғана көретіндер бір жасап қалды. Тиіп-қашып сырттай оқып келген мұғалім мен күні-түні бас алмай іштей білім алған ұстаздың білім дәрежелері, әрине, салыстыруға келмейді. Сол себептен де дәрігерлік факультеттерде сырттай бөлім жоқ болғанындай, олар адам өміріне жауап беретін мамандық болғандықтан аса мұқият талап етілетініндей, мұғалім дайындайтын факультеттер де адам өміріне, тіпті алдағы тұтас тағдырына жауапты маман даярлап шығаратындарын бір сәт те ұмытпаса нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе мұғалім мамандығы ең соңғы сәтте күнкөріс қамы үшін оқи салатын нәпақа амалына айналып кетті.

 

Мұғалімнің оқырмандық құқы әлі шектеулі

Биылғы оқу жылы басталғанда, Бас ұстаздың аузынан жылы лебіздер жиі естілді. Солардың бірі — мұғалімдердің көше адақтамайтыны, күштеп ешбір басылымға жаздырылмайтындығы. Көше аралаудан құтылса да, газет-журналға еркінен тыс жазылудан ұстаз әлі босаған емес. Тәлімгердің оқырмандық құқы сақталатыны турасындағы пікірлер шындық өмірден ажырап қалды. Облыс, аудан, қала әкімдіктері білім бөлімдерін түртпектейді, олар өз кезегінде мектеп директорларын қыспаққа алады. Салдарынан мұғалім сол кесіп-пішілген шеңбердегі газет-журналдарға мәжбүрлі түрде оқырман болады. Ол өзіне қажет, пәні бойынша қолданатын басылымдарға ақшасын іркіп, алдымен зікір сала жеткен әкімшіліктің сүйікті басылымдарын «байытады.» Сонда ол газеттер өз беттерімен оқырман тарта алмай ма?

Түйін:
Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын деген үмітпен өткенді артқа қалдырып, алға ұмтылып келеміз. Олқылықтарды түзейміз деп реформа жасаған ел жақсылары мұғалімнің беделін біржола күзеп алмаса игі еді. Өйткені тәжірибе жасай беретіндей мұғалім мен шәкірт қоян емес, олар ел болашағына жауапты бірден-бір күш. Ескі жүйеден жаңаша оқытуға көшкен бала — ертеңгі ел үміті. Ал мұғалім басына сауға сұраған ғаріп емес, ол — жарқын болашаққа жеткізер алтын кепіл. Сондықтан қанша өзгертіп, түрлендірсек те, ол реформалардың мұғалімнің сағын сындырып, шәкірттің жігерін жасытып алуынан сақ болайықшы!

Айзат Рақыш