2019 — Жастар жылы: Сен жанбасаң лапылдап..!
Жастардың 40%-ы келешектеріне сенбейді. Неге?
Міне, көзді ашып-жұмғанша күнтізбенің парақтары ауысып, ресми жаңа 2019 жыл да келіп қалды. Уақыт қалай тез зымырап жылжып кеткенін де білмей қалыппыз-ау. Десек те өткен 2018 жылға өкпе-ренішіміз жоқ, ол жыл өзінің қызығы әрі шыжығымен есте қалмақ. Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің жаңа жылдық құттықтауында айтып кеткендей 2019 жыл — Жастар жылы болып белгіленді және бізге зор сенім артып отыр. Әрине, еліміздің қозғаушы күші де, тоқтатушы күші де жастар екені анық. Бірақ жастарымыз өздерінің жарқын болашақтарына қаншалықты сенеді? Зерттеу бойынша, Қазақстандағы жастардың 40%-ы келешектеріне сенімсіздікпен қарайтыны мәлім болды. Бұл өте жантүршігерлік көрсеткіш. Біз осы мәселе жөнінде және басқа да осы тәрізді сауалдарды жастардың өзінен сұрауды жөн көрдік.
1 сауал: Жастар жылын қалай тиімді өткізуге болады? Жастарға билік, үкімет қандай қамқорлық жасағаны жөн?
Нұрлыбеков Бекасыл,
профессор Рузуддинов атындағы стоматологиялық колледждің студенті:
Дипломды арба айдау үшін алған жоқпыз
— Бұл бізге көрсеткен зор сенім деп білемін. Үкімет жастарға қолынан келгенше жағдай жасауда. Оларды барынша жұмыспен қамтамасыз етсе нұр үстіне нұр болушы еді.
Оқу бітірген жастар дипломы бостан-босқа сандықта жатқанша өзінің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы керек деп есептеймін. Біздің замандастарымыз неге келешегіне сенімсіздікпен қарайды? Себебі ЖОО-ны бітіргеніңмен саған дайын тұрған жұмыс жоқ. Менің ағаларымның біразы дипломы болса да базарда арба айдайды. Таксилетіп жүргендері қаншама. Енді біршамасы қарауылда жүр дегендей. 18-25 жас арасындағы жасөспірімдерге, жастарға арналған қоғамға қажетті мамандарды (тігінші, шаштараз, бағдарламашы, дәнекерлеуші, т.б.) дайындайтын курстарды көптеп ашса деп ойлаймын.
Ақылбай Мадина, Абылай хан атындағы шет тілдер университетінің студенті:
Грантты ұлғайтып, шәкіртақыны көбейтсе
— Менің ойымша биліктен жастарға үлкен көмек қажет, мәселен оқу саласында грант санын өсіру керек. Өйткені оқуға қаражат жетіспеуінен студенттер ЖОО-ға түсе алмай өмірде өз орнын, қажетті жұмыс таба алмай сандалып жүр. Тым болмаса гранттан бөлек, азын-аулақ болса да әрбір студентке шәкіртақы төленсе ата-ананың қалтасына жеңіл болар еді. Себебі оқу ақшасын төлеймін деген ата-ана баласының жеке қажеттіліктерін толықтыра алмайды. Сол себепті жастарға осындай көмек түрлерін көрсетсе деп ойлаймын.
2 сауал: Мәселен кәсіп жасағың келді, оны қалай жүргізу керектігін білмейсің немесе қаржы жоқ. Бұған не істеу керек? Кредит алу керек пе, әлде мемлекеттен көмек қажет пе?
Балтамұратова Альбина, Абылай хан атындағы шет тілдер университетінің
студенті:
Мемлекеттің көмегіне жүгінемін
— Жаңа бизнес бастауда мемлекет 0% комиссиямен 3-5 жылға дейін несие беріп, бизнес бастау туралы тегін семинар, тренингтер өткізсе дұрыс болар еді. Бұл жастарға өте қажет. Кәсіпкерліктің әліппесін білу аса маңызды. Тәжірибелі кәсіпкерлер өздерінің басынан кешкен қиындықтарды, жетістіктерді осы тренингтерде айтып берсе құба-құп. Бүгінде елімізде жаңа кәсіп бастаймын деген кәсіпкерлерді қолдау мақсатында “Даму” қоры жұмыс жасап жатыр. Егер мен қандай да бір кәсіп бастағым келсе мемлекеттің көмегіне жүгінер едім. Тағы да айтарым кәсіп ашқанда адамның жасы маңызды емес деп ойлаймын. Себебі әлемдегі атақты кәсіпкерлердің көбісі кішкентайынан-ақ нан табуды бастаған.
Кенжебай Жібек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті:
Кәсіпті бастағанда ештеңеден қорықпа!
— Ең бірінші кәсіп жасағанда ешнәрседен қорықпау керек. Қазір көптеген жастар өзінің жеке кәсіптерін ашып, үлкен табыстарға жетуде. Белгілі бір кәсіпті ашқанда ақырындап ақша жинап барып, ең кішкентайынан бастау керек деп есептеймін, ал одан кейін ғана асықпай адымдап үлкен кәсіпке кірісу қажет. Және де қазіргі жастардың бәсекеге қабілетті болуы өте маңызды нәрсе. Әрине, ол үшін зор ізденіс қажет. Оның қиындығына шыдап, әрқилы жолдарын қарастырып, тығырықтардан шығудың әдістерін меңгерген абзал.
3 сауал: Үш тілділік қажеттілік пе, әлде әркім өзінше үйрену керек пе? Немесе ұрпағымызға қай кезден бастап үйреткен дұрыс?
Нұрахметова Әсем, Абылай хан атындағы шет тілдер университетінің студенті:
Шетелге жастар ғана емес, ақылымыз кетіп жатыр
— Үш тілділік дамыған 30 мемлекетке кіру үшін керек деп ойлаймын. Себебі әр адам жан-жақты болуы тиіс. Тілді білудің көмегімен шет елдерде тәжірибе жинап, Қазақстанның экономикасын көтеруге көмектесу керек. Естуімше жастар шетелдерге мың-мыңдап жұмыс іздеп кетіп жатқанын жақсы білемін. Себебі ол жақтарда еткен еңбегіңді жақсы бағалайды. Ақшасы қомақты. Барлық жағдайды жасайды. Бұл меніңше дұрыс емес. Мемлекетіміз ондай талантты жастардың шетелдерге кетіп жатқандығының себептерін неге зерттемейді? Жастар ғана ол жаққа кетіп жатқан жоқ, ақылымыз, миллион доллар тұратын идеяларымыз ұрланып жатыр деп ойлауымыз қажет. Ал балабақшадан бастап үш тілді бірден үйретуге мен қарсымын, өйткені тым ерте деп есептеймін. Сәби алдымен өз ана тілін жетік меңгеру керек. Егер бұлай істесек дүбара ұрпақ пайда болады.
Рысбек Альбина, Алматы мемлекеттік медициналық колледждің студенті:
Жаратылыстану пәндерін ағылшынша жүргізу асығыстық
— Үш тілді білу әрине, қажеттілік. Бұл заман талабы десе де болады. Қай кезде болмасын көп тілді меңгерген елдер алдыңғы қатарлы елдерге кіріп, өз мемлекеттерінің коммуникациялық, экономикалық жағдайын көтеруде. Біз де Қазақстанымызды дамыту үшін солай жасауымыз қажет. Мен ауылда өстім, сонда мектепте оқыдым. Ауыл мектебін қаламен салыстыруға болмайды. Мәселен компьютерлендіруді айталық. Сондай-ақ ағылшын тілін білетін мұғалімдер ауылда жетіспейді. Әйтеуір семинарларда оқытқан болады. Ол жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерін оқытуға жеткіліксіз. Меніңше оған асығу қажет емес сияқты. Алдымен мамандарды дайындап алған жөн. Тілдерді балабақшадан бастап үйрену дұрыс деп санаймын. Өйткені бала кезінен үйренсе, жеңіл әрі оңай болады. Бірнеше тілде еркін сөйлейтін, жаза білетін адам қай саланың маманы болса да еліміз үшін өте қажетті тұлға болады деп есептеймін.
4 сауал: Еліміздегі азғындықты қандай жолмен тоқтату қажет? Суицид, нашақорлық, ішкілік, қылмыс, т.б. Жастар не істеуі керек немесе өзің не істер едің?
Нұрлыбеков Бекасыл:
«Синий киттерге» тосқауыл қажет!
— Азғындық, суицид, нашақорлық жастар арасында белең алып барады. Ол көбінесе өтпелі кезеңде жүрген балаларда көп кездеседі. Яғни сол жасөспірімдердің отбасымен немесе достарымен келіспеушілігінен, оларға деген сенімсіздігінен болады. Жаман әдеттерге тəуелді болудың көптеген жолдары бар, мысалы ол қызығушылықтан пайда болады, «бір рет көрсем ештеңе болмайды ғой» деп көріп ары қарай өз құмарлығын жеңе алмай қалады. Жəне де осындай түрлі қайғылы оқиғалар жасөспірімдер арасында ғаламторға əуестіліктен де болып отыр. Сондықтан ғаламторға салынатын əрбір ақпарат қаралып, өңделгені дұрыс, себебі ол жаққа дəл осындай нашақорлық, суицид жайлы видеолар жолданады, тіпті көптеген ойындар бар. Оған мысал ретінде «Синий кит» ойынын алсақ болады. Ең әуелі ата-анасы толыққанды тәрбие, ақпарат беріп отырса, жастар мұндай жолға түспейді деп ойлаймын.
Кенжебай Жібек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті:
Бұл жезөкшелікке жол ашу!
— Менің Қызылорда қаласына көшіп келгеніме аз уақыт болды. Бірақ көзге қатты түсетіні бұл жерде сыра ішетін жерлер, барлар, сауналар, клубтар өте көп екен. Бірақ еліміздің қай қаласына барсақ та осыны байқауға болады. Міне, бұлар ішкілікке, нашақорлыққа алып келетін тура жол. Осындай азғындық жайлаған орындар көп болса, жастарымыз жаман әдеттерге қалай әуес болмайды? Тыныш демалып отыратын, қымызханалар, санаториялық демалыс орындары тым аз. Сондықтан мемлекет осы мәселелерді қолға алып, іске асырса жөн болар еді. Мемлекет демекші жаңа жыл алдында көпшілікке мынадай көңілге қонбайтын ұсыныс айтты. Ол мәселе жасанды түсік жасатуға жасөспірімдерге рұқсат берсек дейді. Оны қазір бүкіл еліміз біліп, қатты қарсылық көрсетіп жатыр. Тағы бір ұсынысын ұяттан айта алмай отырмын. Екеуіне де қарсымын. Бұл жезөкшелікке жол ашу деп білемін!
5 сауал: Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Бірақ оның қазір мемлекеттік деңгейде, яғни қолданылу аясы, дәрежесі төмен болып отыр. Тілімізді ең жоғары деңгейге көтеру үшін не істеу керек? Мына жолдарды қарастырса қайтеді: Мемлекеттік тілді білмесе азаматтығын шектеу, қызметке алмау деген сияқтылар. Патриотизм мен отаншылдықты қалай түсінесіңдер?
Нұрахметова Әсем, Абылай хан атындағы шет тілдер университетінің студенті:
Мемлекеттік тілді білмегенді қызметке алмау керек!
— Мемлекеттік тіл — қазақ тілі дейді, бірақ жоғарыда отырған көкелеріміздің өздері сөйлей алмай отырғанда халык қайда барады? Халық қалай болғанда да үкіметтегі басшылардың артынан ереді ғой. Елбасы қазақ тілінде еркін сөйлей алмаған адамдарды жоғары дәрежелі орындарға алмау туралы заң шығарса жөн болар еді. Меніңше патриотизм мен отаншылдық бір ұғым. Бұл қасиет тілден басталуы қажет. Егер өзі Қазақстанда пәлен жыл тұрып оның тілін білмесе, ол өзі тұрған мемлекетті сыйламағаны деп білемін. Отаншылдық деген даңғаза шоу жасап, концерт қою емес. Ол дегенің өзін-өзі, мемлекетті алдау.
Рысбек Альбина: Өзгені сыйлата білмеу — бейшаралық
— Тілді жоғары деңгейге көтеру үшін елімізге қазақша сөйлеуді əр адамға міндеттеу керек жəне үйретуді мемлекеттік заң бойынша қарастыру қажет. Қазақстанда тұрып қазақ тілін білмейтіндер де арамыздан табылып жатады, сондықтан осыны жақсылап қолға алу керек. Қазақша сөйлей алмайтындарды қызметке алмау туралы заң шықса қуанар едім. Себебі өз тілімізді өзіміз көтермесек өзге ұлт көтермейді. Осындай көкейтесті мәселелерді бəріміз қолымыздан келгенше атсалысып, жаңғыртуымыз керек деп санаймын. Мемлекетіміздің мықты болуы осындай батыл істерімізге байланысты. Отаншылдық шынайы іс-қимылдан басталады. Тілін, дәстүрін сыйла өз ортаңның, Отаныңның! Егер біз өзімізді сыйлата білмесек онда біз бейшара мемлекетпіз.
Бәрі де өзімізге байланысты
Түйін: Міне, жастарымыздың ой-пікірлері осындай болды. Әрине, барлық адам олардың сөздеріне, пікірлеріне келіспеулері мүмкін. Бірақ әр тұлғаның өзіндік ойлары бар екенін ұмытпайық. Ал менің жас азамат ретінде айтарым, осы үш тілділік, жаман әдеттер, қазақ тіліміздің мәселелері болсын, барлығын жалғыз үкіметтің кінәсі деп тіреп қою үлкен қателік. Әлбетте, жоғарыда отырған басшыларымыз маңызды рөл атқарады, алайда әр адам өзінен бастаса, айналасындағыларға үлгі бола білсе, міне, сонда ғана біз осы өзекті мәселелерді шешеміз деген үміттемін. Ең бірінші қатаң заңдар керек, заң болса, тәртіп болса шешілмейтін түйін жоқ. Содан кейін «құлдық псиологиядан» толықтай арылу қажет, санамыздағы «тордан» құтылмасақ ешнәрсе өзгермейді. Біз еркін халықтың, жау-жүрек ата-бабаларымыздың ұл-қыз-дарымыз. Көзіміздегі жалын, кеудеміздегі рух, намыс еш уақытта сөнбеуі керек. «Мен лапылдап жанбасам, сен лапылдап жаңбасаң, біз лапылдап жанбасақ, аспан қалай ашылмақ!» демекші, қадірлі замандастарым, құрдастарым менің, қай мәселеде болсын немқұрайлылыққа берілмейікші. Жалқаулық жасамайықшы, ұйықтамайықшы! «Оян, қазақ!»
Келіп жеткен 2019 жаңа жылымыз құтты болсын. Жастарымызға, жалпы бүкіл азаматтарымызға да жемісті, табысты жыл болсын деп тілеймін. Еліміз жастарымыздың арқасында дами берсін, үлкен-үлкен биіктерден көріне беруін Аллам нәсіп етсін!
Сауалнаманы ұйымдастырған:
Нұржан Айғали, Абылай хан атындағы
шет тілдер университетінің
4 курс студенті