Қанымыз қазақ болғанымен, жанымыз қазақ болмай тұр…
«Қазір қазақ ұлты бірін-бірі іздемейтін, бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі жатырқайтын, бірінің айтқанын екіншісі ерсі көретін, бір-бірімен ортақ тіл табыса алмайтын бөлек-бөлек екі ұлтқа айналды. Себебі, оларда — орыстілді қазақтарда ұлттық тіл, ұлттық рух, ұлттық намыс жоқ. Қазақтыққа тән ешқандай белгі-бедер жоқ».
Қабдеш Жұмаділов
Иә, Қабдеш аға не айтса да, сөлін шығарып, қанын сорғалатып жазатын қаламгер. Қаламы қарулы, тілі қылыш жазушының еңбектерін оқып, үнін естіп жүрміз.
«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, қанша қартайсақ та, қазақтың халін, тілінің тағдырын айтудан шаршамауымыз керек. Мен айтпасам, сіз айтпасаңыз, келер ұрпақ кімнен тәлім алып, қалай өз тарихын білмек?! «Қазақтың көсегесі қашан көгереді» деп көксеумен қанша ғұламалар өтті, бұл жалғаннан. «Оян, қазақ!» деп қазақтың қамын ойлап өткен ұлы тұлғалардың ұраны «Ойлан, қазаққа!» айналды. Қазақтың қамын әр қазақ өзі ойлауы керек. Ұлтының, ұрпағының тағдырын терең ойлаған, болашағына бойлаған әр азамат өз басының қадір-қасиетін білсе, қадірлесе, қалайда бір пайдалы іс тындыруы тиіс. Бұл – азаматтық борыш, адами қасиет. Хакім Абай: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» — деп еді. Иә, қазақ халқының кеңдігінде, мықтылығы мен мақтаншақтығында сөз жоқ, еш мұсылман халқы теңеспейді. Мен өз тарапымнан қазағымның басқа жұртқа еліктеуі мен сол басқа жұрттың тілін ғана емес, ділін де қабылдауы ешбір халыққа ұқсамайды-ау деген ойға қаламын. Неге десеңіз, бір отбасында ата-анасы қаны қазақ бола отырып, бала-шаға, қала берді, туған-туыстармен өзге тілде еш мүдірмей, кедергісіз сайрайды да, өз ана тіліне келгенде, қақалып-шашалып, шатпақтап, батпақтап шүлдірлей қалады. Қалада өсіп, таза орыстанған ортада қалыптасқан қазаққа түсіністікпен қарап, «Иә, ойын жеткізе алмай тұр, орысша айта ғой» деп қолпаштап жіберетініміз де рас. Намыс қайда? Ал, енді кеше ғана ауылдан тілдің тұнығына тойып, салт-дәстүрдің уызына қанып келген ұл-қыздарымыздың бүгінде қалаға келе сала тілін бұрап, өзге тілде (қате-қате болса да) шүлдірлей қалатынын қалай түсінсек екен? Күлкілі-ақ! Сонда, ол қай ұлттың өкілі болды?! Өз тіліңнен неге сонша жеріді екен, бұл жастар? Жастар ғана емес, жасамыстарымыздың да жағдайы солай. Күрсінесің де, қоясың. Бұл жақсы қасиет емес, тек – тіл қасіреті! Қала жағдайында (Кеңес дәуірі) қазақ мектебін шам алып іздеп таппағандықтан, амалсыздықтан орысша оқыдық деп ақталдық. Енді ше? Тәуелсіз болдық, тіліміз тәуелсіз болғанда туылған бала өз ана тілінде неге сөйлемейді?! Өз елінде, өз мемлекетінде өз ана тілін ақша төлеп үйреніп жатқан бірде-бір басқа ел баласын естіген де, көрген де емеспіз. Мұндай сорлағандық ешбір халықта жоқ шығар. Өз тілінен өзі жеріген деген сөз – өзінің анасының сүтінен өскен соң жиіркенген деген сөз. Басқа теңеу таппадым. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген бар. Әр нәрсені салыстыра жүріп саралайсың ғой, әрине. Тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниенің төрт бұрышынан атажұртына оралған қандастарымыздан үлгі алайықшы! Бірнеше жылдар бойы шеттен елге оралған қандастарымыздың ұрпақтарына, яғни шәкірттерге дәріс бердім. Сонда деймін-ау, туған топырағынан алыста жүрген, есейген, (18-20 жылын) өзге жұртта өткізген қаракөз жастарымыз қалай ғана ана тілін ұмытпай, әуелімде, сөздің майын тамызып, айызыңды қандырып сөйлейтін деңгейде келгендеріне таңданбасқа лажың жоқ. Осындайда, жергілікті жастарға «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегім келеді.
Жасыратыны жоқ, бүгіндері ұмытыла бастаған, тіпті көрінбейтін қос бұрымды, қолаң шашты, биязы мінезді қарапайым қыздар мен қазақы өр мінезін сақтаған, қажымайтын қайратты, намысты (әсіресе, қыз балаға қатысты) жас жігіттер легі келеді. Атажұртқа оралған жастар ұлттық тілге, дінге, салт-дәстүрімізге еш сызат түсірмей, көзінің қарашығындай сақтап келген. Ата-баба топырағынан жырақта жүрсе де, ата салтын, дәстүрін, ең керегі — тілін ұмытпаған. Олар да қостілді, өзге тілде сайрай жөнелетін де шығар, бірақ, бір сөйлем ішінде бір түйір өзге сөз қосып сөйлегенін естіген емеспіз. Бұл — тілге деген, ұлтқа деген сый-құрмет.
«Үнінен, тілінен, жерінен, дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» деген Әл-Фараби бабамыздың сөзін ескерсек, жаһандану жағдайында әр қазақты тіл тағдыры толғандыруы керек.
Сөз басында айтқанымдай, қазақтың қонақжайлылығы, кеңпейілділігі ешбір халыққа ұқсамайды дегенге дәлел жоқ емес. Қасіретке толы тағдыр тәлкегі қай халықтың басынан өтпеген. Сонау өткен ғасырдың 40-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылған қаншама халық өкілдерін қазақ халқы кең қолтығына сыйғызды, паналатты. Үйінің бір бұрышы түгіл, жерін де берді, жайғасты, ұрпағы тарап жатыр. Дұрыс-ақ, кең болсаң, кем болмайсың деген сол 40-жылдары қазақ жеріне жер аударылып келіп, қоныстанып қалып қойған жандардың бірі – Герольд Бельгер. Қазақты бір кісідей жақсы көрген, қазақ халқының абыройын көтерген, отаншыл, ұлты — неміс, жаны — қазақ, үш тілде де емін-еркін сөйлей де, жаза да білген, артына өшпес мұра қалдырған Герағаны білмейтін жан жоқ.
Герольд Бельгер туралы айтарымыз көп, бірақ, мына қағаз беті жетпейді-ау! Поволжьеден жер аударылып келген төрт жасар неміс баласы тектілігімен, қабілеттілігімен сол кездегі ұстаздардың көзіне түсіп, қазақ мектебін үздік бітіреді. Қазақты әлемге танытқан ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, қазақ халқының сөз өнерін, рухани болмысын бойына сіңіріп өседі. Қазіргі таңда қазақ тілінде таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жоқ емес. Таңғалатын да ештеңе жоқ, мәселе сөйлей алғанда емес, мәселе қазақтың тілі үшін намысын жыртып, шын жаны ашып, шынайы шырылдап өткен, қаншама тілге қатысты еңбек жазып, тер төккен, өзге ұлттың өкілі жөнінде айтпақпын. Герағаңның көзінің тірісінде жазушы, журналист, қаламгерлердің бірқатары кездесіп, жиі сұхбаттасып, пікір алысқан екен. Мысалы:
«Герольд Бельгер: «Менің Германияға неге көшпегенімді білесіңдер ме?» — деді. Үндеген жоқпыз. «Себебі, менің Отаным біреу, ол – Қазақ елі. Менің тақырыбым біреу, ол – қазақ тағдыры. Мен қазақтан басқа ешкімді көз алдыма елестете алмаймын. Мен Қазақстаннан басқа жерде өмір сүре алмаймын. Мен қазақтар сияқты ет жеймін, қазы-қарта жеймін. Оны жемесем, тамақ жеген құрлы болмаймын. Тек болмысым ғана емес, ауыратын жаным да, салатын әнім де қазақ болып кеткен. Енді ана жаққа кетсем де, қазақша кететін шығармын. Егер де олай-бұлай болып жатсам, мені дабырлатпай, қарапайым ғана Кеңсайға қойыңдар. Мен үшін бір кеңшілік жасаңдар. Онда менің достарым жатыр. Солармен бірге қазақтың рухын күзетіп жатуға мүмкіндік беріңдер деп арыз да жазып қойғанмын. Менің Германияға қоныс аудармағанымның бірден-бір себебі – осы» («Герольд Бельгер кім?», 175-бет).
Жан дүниең жылап, жабырқап, жүрегің тебіреніп, тұла бойыңды шымырлатып, сай-сүйегіңді сыздататын не деген көрегенділік десеңізші! Ал, не дейсіз? Сөз жоқ. Қанымыз қазақ болғанмен, жанымыз қазақ бола алмай жүргенімізді жасырмайық. Ұлтжанды болуды, халқын сүюді, дәстүр-салтыңды дәріптеуді, елін, жерін қимайтын отаншыл болуды, ұлты басқа болса да, жаны қазақ болып қалыптасқан Герағадан кейбір қазақ бауырларымыз үйренсе ғой, шіркін! Герольд Бельгер: «Өз басым қазақтарды 1941 жылдан бері білемін. Бірақ, сол кездегі мен қазіргі қазақ арасында ешбір ұқсастық жоқ деп айтып келемін. Айырмасы жер мен көктей. Меніңше, қазақтың алғанынан жоғалтқаны көп. Бұрын қазақ ауылына бара қалсаң, иттеріне дейін басқа болатын. Алдыңнан қарсы алуға шығып, бір-екі үргеннен кейін құйрығын бұлғаңдатып, үйіне, қожайынына келіп бейне бір «мен саған қонақ әкелдім, сен не істеп тұрсың?» дегендей үретін-ді. Қазір ше? Ит те ашулы, қожайын да көңілсіз. Ауылды жоғалтқанымыз жаныма батады» («Герольд Бельгер кім?», 152-бет).
Бәрі рас. Қазір алыс туыс, жекжат-жұраттар түгілі, жақының да бірін-бірі іздемейтін халге жеттік. Сынайтын, мінейтін, көре алмайтын, бірін-бірі тосырқайтын, біріне-бірі зиян келтіретін, қуанышын, қуанғанын бірге бөліспейтін, бір-бірінің жетістігіне, абыройына, игілікті істеріне іштарлықпен қарайтын қызғаныш деген дерттің түрі пайда болды. Ұлттық құндылықтың құлдырауынан дәл осындай қоғам қалыптасуда. Себебі неде деуіңіз орынды. Мәселе сонда. Мақала басында сөз болған сонау қуғын-сүргін зобалаң жылдары ұлты басқа, тілі де, діні де бөтен, жер аударылып келген жандарды өзгесің деп өзегінен теппей, кеңпейілділік танытып, құшақ жайып қарсы алған қазақ жұрты болатын. Баспанасы тар болса да, ниеттері түзу, пейілдері кең еді. Сайып келгенде, дүние-мүлкі жоқ кедей болғанмен, иман байлығы басым еді. Иманы байдың берекесі де, бірлігі де, татулығы да күшті болған қашанда. Гераға сол замандағы пейілі кең қазақтың ішінде өсті, ер жетті, азамат болып қалыптасты. Енді соны аңсайды, сол иманды ұрпақ өсірген қазақтың болмысын көксейді. Иманы әлсіз қоғамның жастары ұяттан жұрдай болса, ұлт болашағы қалай болады деп алаңдайды.
Енді бірде, «Казахское слово» атты кітабында: «Әзірбайжан қызы Асылы Осман, орыс қызы Надежда Лушникова қарындасым үшеуміз ана тілінде сөйлеуге шалақазақтарды шақырып жатқанымызға он жыл болды, бірақ шығып жатқан нәтиже аз. Қазақ қыздары орыс тілінде сөйлеуге құмар» («Герольд Бельгер кім?», 101-бет). Ал, қандай уәж айтасыз?! Қадірі кеткен қайран тіл…
Мен туған жер
«Жоқтық қуып Сібірден де,
Қазақ деген сіңдік елге…
Дейтін атам рахаттанып,
Бидай көже сіміргенде.
Мен қазақша «апалағам»,
Мен қазақша «аталағам»,
Содан бермен сөзім қазақ,
Содан бермен өзім қазақ.
Махаббаттың жазы ғажап,
Қол ұстасқан жарым қазақ,
Қызым қазақ, ұлым қазақ,
Қоңырқайлау менен аз-ақ».
(Н. Лушникова)
Жыр дүлдүлі Жамбыл бабамыздың босағасын келін болып аттаған Надежда апай Андрейқызы Лушникова халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін бір қазақтай-ақ бағалаған, қарапайым ауыл тұрмысын, адамгершілікті, достықты жырлаған айтулы айтыскер ақын. 40 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, қазақтың қара домалақ балаларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Ұзақ жылдар халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың шығармашылығын терең зерттеп, деректер жинап, былайша айтқанда, табанынан таусыла жүріп мұражай ашқан. Жамбыл бабасының қолынан алма жеп, батасын алған. «Жамбыл бабамыздың домбырасын көтеріп, жырын төгіп, жалғастырып айтып жүрген өнерлі жастар үшін мектеп ашып берсем, армансыз кетер ем бұл жалғаннан» деп тебіреніпті ақын ана кезекті бір дүбірлі басқосуда. Қалың орман қазақ жұрты мен орыс қызы Н.А. Лушникова арасын жібек жіптей жалғастырған өлеңдерінен тыс, айтысқа қосқан үлесінің өзі бір төбе. Келін боп түскен әулетінде Нәкен жеңгей, Нәкентай деп еркелетіп, құрметке бөленсе, ақын келін «Сағынарсыңдар мені де», «Қазақтың бір қызымын» және т.б. шығармаларын, өлең-жырларын артына мол мұра етіп қалдыратыны сөзсіз. Ақынның өзі айтқандай: «Қазақтың жыр көгінде қалды-ау ізім», «Табынамын жүрегіне қазақтың» атты өлеңдерін жазып, қазақтың бір ұлының шаңырағын ұстап, отын жақса, қазақ жұрты да ақын қызын алақанына салып, еркелетіп келеді.
Кішіпейіл адамның кісілігі сөзінен танылып тұрады. Ұлтты сүюді, тілді құрметтеуді Герольд Бельгер, Надежда Лушникова сияқты халыққа адал қызмет еткен, жан тәнімен сол халықтың тілін, ділін, қазақы болмысын құрметтеген жандардан үлгі алып, үйренуіміз керек-ақ сияқты. Намысыңды қамшыласа да, шындығы сол. Ойлан, қазақ дегім келеді.
Хакім Абай бесінші қара сөзінде: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне билетпей, бойыңды шымырлатып, буыныңды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады»-дейді. Ендеше, Хакім Абайдың қара қылды қақ жарған қара сөзімен ойымды қорытар болсам, көкейімді кернеген, жүрегімді сыздатқан осы бір сырымды қазақтың бір қызы ретінде ұлықты ұлдарымыз бөтен жұрттың салтын үйреніп сұлтаны болғанша, өз ұлтыңды ұлықтайтын ұлтаны болса ғой, қырмызы қыздарымыз жаттың жетегінде кетіп, жасығы болғанша, өз елінің асылы болсашы деп батырып базына айттым, оқырманым!
Рыскен Рахымқызы Әбішева
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі