Марина Сахарова — Баянауылдың қызы

Маринаны Павлодар педтехникумында оқып жүрген студент кезінен бері білемін, қазақшаға судай ағып тұр. Ептеп өлең жазатын өнері де бар-ды, кейін қойып кеткен сияқты.
-Папаң мен мамаң қазақша білетін шығар, тілді солардан үйренген боларсың? — деген сауалыма «Жоға» деп жауап берген.
— Ендеше әке-шешеңмен қалай сөйлесесің? — дедім аң-таң болып.
-Екеуімен орысша, ал бауырларыммен қазақша сөйлесемін, — деп жауап берді.
Сұрастырып көрсем, Сахаровтардың отбасы тұратын ауылда орыстардың саны азаюына байланысты мектептегі орыс сыныптары жабылып қалыпты. Маринаның ата-анасы әлгі ауылдан өзге елдімекенге қоныс аударуды көңілдері қош көрмей, балаларының бәрін қазақ сыныптарында оқытуды жөн көріпті. Сөйтіп, олардың өздері орыстілді болғанымен, балалары екі тілді болып ер жеткен.
Марина Сахарова қазіргі кезде облысқа танымал тележурналист, «Еrtis tv» арнасында жаңалықтар редакторы, хабарды қазақ, орыс тілдерінде жүргізеді.
Түрі орыс болғанымен, тілі мен ділі қазақ Маринаны көргенімде жаным сүйсінеді, орыс қызы деуге көңілім қимайды, аузым бармайды, осы себепті оны туған жеріне байланысты «Баянауылдың қызы» деймін.
Ертістің Кереку өңіріндегі өзге ұлттар өкілдерінің барлығы күні ертең дәл сол сияқты екі тілде еркін сөйлейтін болар. Сірә, жастардың бір бөлігі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеретін шығар. Олай болса, Елбасының үштұғырлы тіл саясатының жүзеге асқаны.
Айтпақшы, қазіргі кездің өзінде біздің аймақта Марина Сахарованы үлгі тұтқан жеткіншектер шоғыры өсіп келеді.

Арман Қани фб парақшасынан