Малайзия деген мемлекет бар…….
Малайзия деген мемлекет бар. 30 миллиондай халқының тең жартысы малай ұлтынан да, 23 пайызы – қытай, 10 пайызы – тамил (үнді). Қалғаны – сол жердің абориген тайпалары. Енді қараңыз, осы елде қандай да бір ресми қағазды, мысалы, емханаға барып, медициналық бюллетень толтыратын болсаңыз, ұлтыңыз бен ұстанатын дініңізді сұрайды. Былай қарасаң, дәрігер сіздің ұлтыңызға қарап диагноз қоймайды, қандай айырмасы бар дейсіз ғой.. Жо-о-оқ, айырма көп. Малайзия конституциясының 153 бабы бойынша елдегі қытай мен тамиль өздеріне азаматтық бергені үшін малай ұлтына қарыздар дегенді жазып қойған. Ағылшындардан азаттық алған 1957 жылы жаздырған. Себебі, елдегі бүкіл бизнес, қонақ үй, дәмхана саласы пысық қытайлардың, ал құрылыс жағы тамилдердің қолында. Былайша айтқанда, осы екеуінің әлеуметтік жағдайы мемлекетқұраушы деген малайдан жоғары еді. Әлі де жоғарылау. Айтпақшы, 1960-шы жылдардың соңында малайлардың қолында елдегі меншіктің тек 2,5 пайызы ғана болған.
Осыны ескеріп, ұлтшылдары Конституциясына малай мен әлі де орманнан бері шықпай отырған тайпаларға әлеуметтік-экономикалық артықшылықтар беретінін жазып қойған. Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің бәрі дерлік – малайлар. Әлгі сорайған қос мұнарада отырған мұнай компаниясында 98 пайыздай қызметкер – тек малайдан. Оларға жоғары оқу орнына түсуде, бизнес ашуда кәдімгідей жеңілдіктер береді. Басында мұндай шектеуші баптар 15 жыл ғана күшінде тұрады деген. Қайдағы, елу жыл өтті – Малайзия ұлттық дискриминация негізінде ұлттық саясатын құрған әлемдегі санаулы елдердің бірі болып отыр. Әрине, бұған қытай мен үнді қарсы. Иә, малайлар ауылдарынан қалаға келіп, білім алып, мемлекет басқаруына әсер ете алатындай күшке айналып үлгерді. Алайда, қоғамы біртұтас бола қойған жоқ, әр ұлт өз бетімен дегендей, бұл да қауіпті. Соңғы оқиғаларға байланысты осы Малайзия мысалы есіме түсіп кетті. Бізде де «мемлекетқұраушы қазақ ұлтында белгілі бір артықшылықтар болуы керек» деген месседжді жиі жаздық. Егер Малайзияның мысалында, допустим, тек қана қазақ ұлтынан болғаны үшін өзіңізге қандай артықшылық не жеңілдік алар едіңіз?