Қадыр Мырза Әлидің қанатты сөздері
Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық.!
Азаппен келген даңқ – мәңгілік.
Талант – халық қазынасы. Талантты қадірлемеу халықтың намысына тиеді.
Адамның бүкіл өмірі өзін-өзі жұбату, өзін-өзі алдау.
Семіру шошқаның өзіне қандай сор болса, артық даңқ адамның соры (Қытай мақалы Қадырдың кітабынан)
Ең үлкен махаббат – халық махаббаты.
Туғанда аяқ-қолың балғадай сап-сау болып туғанмен, ертең кім боларыңды бір құдай ғана біледі.
Бір кездері көшіп-қонудан алдымызға жан салмасақ, енді ішуден де озып кете жаздаған жағдайларымыз жоқ емес.
Соғысқа берген таланттан ішімдікке берген талантымыз әлдеқайда көбірек десек қателесе қояр ма екенбіз?
Арақ қазақ үшін жаңа дерт. Жаңа жау. Оған біздің уыз организміміз қарсы тұрып үйренбеген. Иммунитет мүлдем жоқ. Кәрі-жасымызға қарамай қырып кететін түрібар.
Абыройыңнан айырылып, адамдық қасиетіңді аяққа таптап, күн сайын мың өлгенше, дұрыстап бір өлген де жөн шығар.
От пен судың арасы. Шындық пен өтіріктің арасы от пен судың арасынан да жаман.
Бір адамға, бірен-саран адамдарға бола халыққа тіл тигізу ақымақтық дер едім.
Дүние – мүлік, әсіресе байлық – көздің құрты. Ал сол байлықтардың ішінде кітапқа жететін бірдеңе бар дегенге өз басым сене алмаймын
Билікқұмарлық, мансапқорлық, шенқұмарлық, бұл негізінен адамның өзі тауып алатын дерт.
Қолдан келсе табиғатқа тиіспеген жөн!
Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар. Соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл
Ғарыштық өлшеммен есептегенде планета деп жүрген Жеріміздің өзі бір ауыл ғана.
Адам — құдайдың шығармасы
Әр ұлттың рухани ұрасында, әр ғасырдың ғылми қоймасында біз білмейтін қанша сыр, Қанша құпия жатыр?!
Ақиқаттың өзін өтіріктің аузымен айтады.
Өзгені жеңу үшін, өзіңді жеңуің қажет.
Қайталап айта берген сөздің дәмі болмайды.
Мен өзімді шарапаттың шуағында өскен бақытты гүлдердің бірімін деп санаймын.
Өзіне — өзі қанағаттанбау – жақсы қасиет.
Біреуге жақсылық жасау үшін әкім болу, бастық болу міндетті емес.
Пенделер әр уақытта өз елін ойламайды, өзегін ойлайды.
Адам адамды қайталамайды.
Өз басым ақыл мен сезімді бөліп қарауға қарсымын.
Мансапқорлар кресло үшін ар-ожданын да, намысын да сатып жүре береді.
Мемлекет қайраткерлерінің бәрі бірдей көсем, бәрі бірдей кемеңгер десек, қателесеміз.
Өз халқын өзі тобыр санайтын топас патшалар тарихта көптеп кездеседі.
Кісілік кісі таңдамайды. Ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқарып жүрген елеулі азаматтарға шейін, бір де біреуін жатырқамайды. Бірақ ол екінің біріне бұйырмайтын, адамның адамына ғана, соның жүрегіне ұя салатын қымбат қасиет.
Жасыратыны жоқ, елдің тағдыры, негізінен, ауыл әкімдерінен бастап, ел басқарып отырған ірі мансап иелеріне, солардың пенделігі мен кісілігіне байланысты.
Біздерге өкінішке орай, ұлттың атынан гөрі рудың аты қымбаттау.
Біздерде әкесі қазақ, шешесі қазақ ағайындардың өздері де қазақпын деп айта алмайды. Өйткені қазақпын деген сезімнен жұрдай. Біздерді құртып жүрген міне осылар.
Ел бостандығы, халық бақыты, ұлттық арман ешқашанда арзанға түскен емес.
Әйтеуір бір келетін өлімге мойынсұну – жасықтық емес.
Тіршілік қаншалықты қиын, қаншалықты қиямет болған күннің өзінде өмірден қол үзу одан да гөрі қиындау.