Биометрия жобасы шеңберінде 1,5 мың адам өз деректерін қалдырды
2019 жылғы 15 қаңтар
Астана қ.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2018 жылғы 12 желтоқсанда биометрия жобасын іске қосты. Бір ай ішінде деректер базасына тіркеліп, мәліметтерін қалдырған азаматтардың саны 1473-ке жетті.
Үкімет үйінде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов: «Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүргізілуде. Бұл ретте, біз мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа механизмін іске қостық. Биометрия – жеке мәліметтердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуге көмектесетін құрал», – деп атап өтті.
Биометрия жобасы шеңберінде мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаты не электрондық цифрлық қолтаңбасы қажет емес. Бұл үшін бет-бейне скан көшірмесі немесе саусақ іздерінің болуы жеткілікті. Бұл деректерді азаматтар Астана қаласының 3 және Алматы қаласының 1 халыққа қызмет көрсету орталығында қалдырып, мәліметтер базасына енгізе алады.
Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспановтың айтуынша, биометрия өз бетінше алынатын қызметтер санының артуына, қызметтерді алу кезінде бөгде азаматтардың қатысуын болдырмауды қамтамасыз етеді.
Биометрия жобасының шеңберінде азаматтарға 52 мемлекеттік қызметтің көрсетілуі қарастырылуда. Олардың екеуі – мекенжай және жылжымайтын мүліктің болу/болмауы жөніндегі анықтамалар қазірдің өзінде қолжетімді.
Айта кетейік, биометрия базасы қаржы, коммерциялық қызмет көрсету және қауіпсіздік салаларында, сондай-ақ ғимаратқа кіру жүйесінде пайдаланылуы мүмкін. Шетелдік тәжірибеде биометрия әдісін Ұлыбритания, Үндістан, Нидерланд королдігі ұтымды пайдалануда.
Бір ай бұрын Астана және Алматы қалаларында енгізілген биометрия пилоттық жобасы биыл қыркүйек айына дейін барлық облыстарда іске қосылады деп жоспарланған.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ
баспасөз қызметі