«ТЕКТІ ҚАЗАҚ» интеллектуалды ойынын жастарға арнадым

— Сіз 3 пен 13 жасарларға арналған компьютерлік электрондық ойындар жаздыңыз. Ал қазіргі «Текті ҚАЗАҚ» ойыныңыз кімдерге арналған?
— Біздер өзіміз туралы бәрін білетін сияқтымыз, бірақ ақырына дейін білмейтінімізді білмейміз. Тектіміз дейміз де, жеті атаны сақтайтынымызбен қанағаттанамыз, әріге бара алмаймыз. Айталық, Елбасының Астананы салуының өзі тектіліктің нәтижесі десем, оны талдап бере алар ма едіңіз?
Рамазан Жәши
Қай бірлік берекелі, бағыныштылық па, рухани ма?
— Ол туралы ойланбаппын, ойлансам, сұрағыңызға жауап бере алармын деп үміттенемін. 
— Шет те, өзіміз де Астананы көріп таңданамыз. Бірақ содан аса алмаймыз. Неге? Тектіліктің бір ұшында жай емес, ойлы көз орналасқан. Астананы Елбасы тұрғызды, ол Елбасының туындысы деп мадақтап, тамсанудан әрі аса алмаймыз. Ол Елбасының ойлы көзінің туындысы екендігін, тереңдігін сезіне алмаймыз. Елбасының: «Мен Астананы Қазақтың Елордасы ету үшін тұрғыздым», — деуінің өзінде қандай терең ой тұр? Соның нәтижесінде Астана көшелері Сарыарқа, Сарайшық, Сығанақ, Тараз, Тайсойған, Қозы-Баян деп тарихтан сыр шертсе, Мәңгілік Ел деп болашаққа қол созып тұр емес пе? Бұл біздердің түзелеріміздің басы ғана, оны осы бағытта жалғастыру ойлы көзді жастардың ісі мен міндеттері. Оны қазекем «бастағы шыққыр не көреді дейсің» деген, әр жағын айтпай, оны табуды әркімнің өз еншісіне қалдырайық. Неге дейсіңіз бе? «Түсінігіңді байламайын, түсінігіңді байласам, ой қантың қайрылар» деп тағы жұмбақтаған. Енді айтыңызшы, бұл ойынды неге жазғанымды?
— Ойлы жастарға ой салу үшін жазғансыз деп ойлаймын.   
— Жауабыңыз дұрыс, бірақ толық емес. Алдымен жастарға жазғаным рас, тек ойлы жастарға емес, барлық жастарға. Оның себебін бабалар бидің өлерін екі жағдайда түсіндірген: бірі — сөзінде жалғаны болғаны; екіншісі — тыңдаушысы болмағаны. Сондықтан баласын «би болмасаң, болма» деп, «би түсетін үй бол» деп міндеттеген. Осыны білген соң біз де, ойлыларымызды би болуға, қалғанын би түсетін үй болуға дайындауымыз керек. Барды бағаламай бордай тозбай, барды бағалап, тау тасындай берік болуымыз үшін.
Сол арқылы әрбіреуіміздің ой түкпірінде бұғып жатқан алауыздықтың ала төбетін жағын аштырмай, тұншықтырып тұмшалауымыз үшін. Ұлы дала оны Әмір Темір аузымен «араларыңа жік түссе, жеңістерің жиіркенішке айналады» деп келте қайырған. Сондықтан Тектілігімізді, үзілейін деп тұрған құндылығымызды барынша жалғау, тереңіне сүңгіп  тамырлану бәрімізге қатысты: үлкеніміз дейсің бе, кішіміз дейсің бе; жасымыз дейсің бе, жасамысымыз дейсің бе, бәрімізге қажет баға жетпес құндылығымыз деп ардақтап, қызғыштай қорғайтын, өзімізден де, өзгеден де…
— Өзгеден қорғау дұрыс болар, өзіміз дегеніңіз қалай?
— Ата-баба «іштен шыққан жау жаман» деп тегін айтты ма? Егер бұл ойынмен Қазақтың бәрі ойнамаса, қорғалғаны ма? Әлде бағы ашылмаған сор болғаны ма? Егер министр ойнамаса, қалғандары ойнағаныменен онда қандай бірлік болар еді? Олар бағыныштылықтан рухани бірлік дәрежесіне көтеріле алар ма еді? Қай бірлік берекелі, бағыныштылық па, рухани ма? Бағыныштылық бүгін бар да, ертең жоқ, ал рухани мәңгілік. Кеңес Үкіметі неге құлады, дүниені дүр сілкіндірер айбаты бола тұрса да?  Дәлелі — бір оқ  та атылмай сұлап түсті рухани бірлік болмағандықтан. Елбасының Мәңгілік Ел ұраны бізді неге шақырып тұр? Бірлікке шақырып тұр. Бірігейік деген жай сөз, ал оны айтпай-ақ тамырымызға терең бойлау айтылмайтын қажеттілікті шегелейді жан дүниемізге. Бабалар балаға беретінін беске дейін «тайға таңба басқандай» қылып беріп, он үшіне дейін тасқа басқан таңбадай қылуға ауысқан екен. Оның себебі бала беске дейін бәрін жанымен қабылдайды. Бестен асқан соң екінші әдіске көшкен, құлаққа жеткізбей, көзге көрсетіп, қолға ұстату өнегеліктің кереметі. Ұлы дала ұлағаты ілімінің «Көр. Тер. Түй»  қағидасымен өскен ұрпаққа қандай кесапатқа да қарсы тұрарлық ой қажырлылығына ие болуы қиынға түспейді, қайта қандай қиындық та оны шыңдай түсетініне сенімдімін. Оны ұлы дала былай бекіткен: «қиындық басқа түскенде, қасыңа келсін төзімің; адамда төзім ұлы күш және ұлы күш тілі және өз үні» деп. Бабалардың бұл айтқанының жай емес екенін өмірдің өзі дәлелдеді. «Две струны, одна палка» деген кемсітуді адыра қылып, дүние төріндегі өз орнына ие болуда. Басқа да емес, өз елімізде теперіш көрген асыл тіліміздің де бар қапасты бұзып-жарар кезі қашық емес, «бұ не» деп ойбайлап, жікке бөлінбей бұл ойынмен ойнай алсақ; ұлы дала партасына жаппай отыра алсақ; ҰДҰ-ның «баладан аяғанымды ит жесін» қағидасын басшылыққа ала алсақ; бүгініміздің қиынынан ертеңімізді ойлай алатын бабалар салған «жазға қыста, қысқа жазда дайындал» деген асылымен қарулана білсек. Мұнан да басқа сан білсекті ұрпағымыздың жолына төсеп қойсақ, біздің парызымыз да, қарызымыз да осы болмақ…
— Бізді құртқан жауырды жаба тоқу. Бәрі де тіршіліктің қамымен бала тәрбиесінен қол үзіп отыр ғой. Осы ұлы кедергіні қалай жеңбексіз?
— Қыңсылау итке ғана жарасады, адамға емес. Менің атам қайда көшсе де, үйін өзі салып алатын. «Ата-ау, үйді Үкімет беріп  жатыр ғой» десек, «Адамға екі қол, екі аяқ, бір бас не үшін берілді?» дейтін де, «Алладан басқаға қол жаюдан асқан қасірет барма», — дейтін. Бұл сұрағыңызға осыдан артық жауап жоқ, дегенмен оны әрі жалғасам. Қазақ барын бірінші баласына салған, бабаларының «алдыңғы дөңгелек қалай айналса» қағидасына сүйеніп, соны басшылыққа алып. Бұл — ҰДҰ-ның үлкен университеті, бірақ одан айрыларлар мен арыларлар күн санап көбеюде. Өзімізден табарымыз жоқ, өткенімізден аларымыз жоқ болса, тапқанымыз қыңсылау ма? Тағы айтарымыз той өткізуге уақытын да, ақшасын да табады. Той өткізбей сол ақшасын ата-бабаның «баладан аяғанымды ит жесін» қағидасы негізінде баласына салса, баласы сол тойды екі есе артық қылып өзі өткізіп берер еді. Бірақ оны ондай қадамға жалған намыс, жалған ар-ұят жібермейді. Оның соңы — қыңсылау.
— Енді ойынның елді елең еткізер қызығы не, соған тоқталсақ…
— «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген Абай даналығына сүйеніп, ой шыжғырылымын ұсындым, тәлім алсын деп. Бұл еңбегім Астанаға арналғаннан кейін он сұрақпен біз үшін жұмбақ жағын ашуға жұмыстандым, оның тереңіне үңілуге зер салып, оның болашақта біз ойлағаннан да биікке көтерілетініне көз жүгіртіп. Дүние саясаткерлерімен бірге ойшылдары бұл қала Батыс пен Шығыстың жалғауы десе, жылдар өте одан да жоғары атаққа /статусқа/ ие боларын уақыт өзі тағайындап береді, оған ие болар ұрпағымызды дайындап үлгерсек.
Біз жауырымызды жаба тоқуға әбден машықтанып алдық. Қазір парламентте босағада отырып жаза басқандарды «қорғауға» олардың түсік тастауын заңдастыру арқылы кірісетін заң жобасы жатыр екен. Ал ұлдарға «презерватив» деген пәлені алуға рұқсат бермекші. Бұл не? Қорғау ма, ұлы далалықтарды қорлау ма? Өстік, өркендедік дегендегі жеткен жеріміз осы болғаны ма?! Ал баланың бұл ісін «ата-анасы білмесін» дегенін қалай түсіндіресіз? Мұндайды бабалар «артық қыламын деп тыртық қылу» деп тайға тасқа басқандай айтып кеткен ғой…
Ал ұлы дала не айтып кеткен, соған келсек. «Қыз қартайса, ұят кетеді» деп, құтты жеріне жиырмаға дейін қондырған, жиырманы кәрі қыз атап. «Ұятты жолды кесу» үшін жазылмаған заң болған «қызды қырық үйден тию» деген. «Тоғызыңда қандайсың, тоқсаныңда сондайсың» деген жұмбақ тағы бар. Ал он үшінде Отау Иесі дегені ешбір ел айта алмаған биіктік қой. Бұлардың бәрін сөз сапыру үшін ғана айтып білгенсиміз, сол білгіштігімізбен ұрпақты өз жөргегінен бездіріп және ұлы даланың бұл биігінің бәрін заңмен шектеп қойдық, «баланың құқығы» деген желеумен. Осы құндылықтарымыздың біреуіне ғана, «тоғызыңда қандайсың, тоқсаныңда сондайсыңға» көз жүгіртейікші, не айтар екен. Ұлы далаша айтқанда ұл мен қыз тоғызында бөлектенеді екен, ұл ат жалында ойнап, намысын қайрап, от-жалын боп жану үшін; қыз ұятын қорғап тас қамал болып, барар жерінің әулетін пәктігімен әуелету үшін.
«Текті ҚАЗАҚ»-та осының бәрін естілерге ескертіліп, көзділерге көрсетіліп, ойлыларға ой салдырып тұр, сондықтан заң шығарар алдында парламентшілеріміздің де ұлы дала ұлағатын оралып өтпей, оң көзімен сүзіп өтуі қажет деп ойлаймын. Сонда «Текті Қазақ» оларға көмек қолын созар еді
Астана әлемге де Жерұйық болады
— Елбасы «Ұлы даланың жеті қырын» ашты. «Текті ҚАЗАҚ»-тың соған қосары не?
— Елбасы екі мақаласымен Ұлы даланың сәулетті сарайын тұрғызып берді. Мұндай сәулетті, әзірге, ешбір ел тұрғыза алған жоқ, тұрғыза алмайды да деп ойлаймын. Мына жайға құлақ тосыңызшы, көптен көрмеген досын біреу үйіне шақырыпты. Жиырма бөлмеден тұратын екі қабатты үйін аралатқан досы досының жабырқау түрін көріп, «қызғаныштан іші күюін қарашы» деп ойлап, дастарқан басына шақырыпты. «Мұнда кімдер тұрады, көрмедім ғой?» — десе, анау: «Балалардың өз үйлері бар, екеуіміз тұрамыз», — депті мадиықтанып. Сол кезде досы: «Баланың күміс күлкісі естілмеген үй үй емес; қонақ отырмаған төр төр емес», — деп кеткен екен. Досына досы айтқандай Елбасы салған сәулеттің жасауы бұл, жасын да, жасамысын да ой алаңына сүйрейтін, дала заңының ұлылығына шомылдырып, жан дүниесін жарақтандыратын. Жастарымызды өмірге дүние емес, ұлттық құндылық көзімен қарауға баулып, қазіргі жеткенінен де биік бар екенін ақылмен езбей, көзге көрсетіп, қолға ұстатып ұқтыртатын биіктік, ұлы дала биіктігі.
Ойын «Жаттап алсаң, жад емес, Жаттанды өмір құр елес. Ой төрінде ой туғыз, Қазақ алар сол белес» — деп басталады және «мені оқы» деп мұндалап жанып тұрады ол. Мұны аттап кеткендер тек қызық қуалаушылар дер едім, олардың мұнан табары мардымсыз, тіпті жоқ болмақ. Ал оқыған емес, оқып ой түйгендер «құр елесі құрысын, өзіміздің белесіміз бар» екен деуі сөзсіз. Олардың алары ұшан-теңіз.
Бәрін ашып, табысар қызығының жолын бөгемей, жылжымалы панельге көз жіберсеңіз мынаны оқисыз: «Текті ҚАЗАҚ» интеллектілік ойынын жастарға арнадым, олардың ұлы дала ұлағаты ілімінің тереңіне бойлап нәрленуі, биігіне қол созып рухтануы үшін, Елордасының он ерекшелігін танып білсін, ой көзін ашсын деп, болуы үшін АСТАНА әлемге де  ЖЕРҰЙЫҚ!»
Бұл ойын алдымен тазару мен жаңғыруы үшін шенеуніктерге керек, екінші өз мамандығына сай болулары үшін білім саласы қызметкерлеріне керек және бір болулары үшін жалпы қазаққа керек, әр бұрышта тұрып әр түрлі әңгіме айтудан тазарулары үшін.
Бірінші, «Қазақ болғым келеді» сайысына кіріп, тер төгіп бірер айда қазақтығын 100%  жеткізе алулары мүмкін.
Екінші, бірнеше рет әрекет етіп, «Сенім қағазын» алулары және сыйлыққа ие болулары мүмкін.
Үшінші, «Ж»-ға оның арнайы қорғанысы арқылы кіріп, сертификат ала алса, бұл — жалғандыққа жол бермеудің тәсілі, себебі дискінің иесі бұған өз бетімен кіре алмайды.
— Мақтауды «Сенім қағазы» деп өзгертіпсіз, мұныңыз қалай? Қазір бәріміз де бірдеңені өзгерткіміз келіп тұрады ғой, соны жалғағаныңыз ба?
— Өте дұрыс сұрақ. Ұлы дала «әке тұрғанда ұл, шеше тұрғанда қыз сөлегеннен без» дегенді ескілікке шығарғанымыз қашан. Содан «он үште отау иесін он бес» деп, «қазақ әйелі бір қолымен бесікті, бір қолымен жерді тербеткен» деп «сайрай» бастадық. Ал мақтау мен мақтанудан жер жарып жатырмыз, бабалардың «мақтай қалса, керең бол; сынай қалса, құлақ сал», «мақтанба, мақтама, мақтан жетер басыңа» дегендерін елемей. Ал ананың екінші тілегі не екенінен тіпті хабарсызбыз: «Жаратқан Ием, баламның қуанышын мақтанышқа айналдыра көрме», — деген. Ұлы далалықтар мақтамаған, мақтанбаған, таласпайтынға таласуды күнә санап. Ал неге сенім десеңіз, отбасындағылардың өздері алған қағазы, шалы да, баласы да, біреу алып бергені емес, сонда ол отбасынан өтірік өлердей қашпақ…
Ел түсінгенді билік неге түсінбейді?
 — «Қазақтықтың» әр сөзінің астары бар екеніне көзім жеткендей, ал Астананың Жерұйық болғанына қуанайық, мақтанайық деп айтып қала жаздадым ғой, оның неліктен әлемдікі болуына ақылым күші жетпей тұрғаны, кешіріңіз, ойым әр саққа жүгіріп тұрғаны…
— Ойдың әр саққа жүгіргенінен қорықпа, қайда тоқтарын ойлап қорық не қуан. Оны әлемге ұсынуымыздың бірнеше себебі бар, соның екеуін ғана ашайын, қалғаны жұмбақ болып ой қоздатсын.
Әлемде Жаратқан Иеміздің қорғауына алынған жалғыз мекен бар, оны бәріміз білеміз. Енді «махаббатпен жаратылған адамзат» өзінің Алла берген ақылын Алла берген үлгіге сай жер бетіндегі бір жерді өзінің қамқорлығына алса, осыған дейін жасаған озбырлығының өтемі болмай ма?! Оған өзінің он қасиетімен озық тұрған Астана ғана сай. Ол үшін Елорда Жерұйыққа айналуы керек алдымен. Оған «Текті Қазаққа» ие бола аларлар ғана үлес қоса алмақ: отбасында да, мекемелерде де, мәдениет ошақтарында да, оқу-тәрбие орындарында да… Бүкіл ел болып сол биіктікке қол созсақ, жан-жаһанды жанышқан интернет сойқаны адыра қалмақ. Ал ұл-қыздарымыз қазіргі барды бағаламай бордай тозар аймағынан шығып, барды бағалаған тау тасындай беріктігіне қайта оралып, ұлы даланың ұлы мұратына қол жеткізіп, бабалар аманатына ие болып, Елбасы аңсаған біртектілік пен бірізділік биігінен табылып, Ұлы даланың Мәңгілік Елі делбесіне ие болар еді.
— Сіз осы еңбек қолға тигенде, неден қорқар, неге қуанар едіңіз?
— Жаратқан Ием жар болса, келер жылдың басында қолға тиіп қалар. Мені қорқытатыны — бар сұраққа өлшеу-қатесіз жауап беретін құндылықтарымызды түсіне алар оқырманымыздың қатарының селдіреуі, оны түсіндіре алар ақпарат құралдарымыздың әлі де нақылмен емес, ақыл сөзге құралданған тіршілігі. Ел түсінгенді биліктің түсінуге асықпайтыны. Ең қорқыныштысы — ел болып қолдаған жобаны терең талдап, ой елегінен өткізудің орнына, қырық құлаш хаттың құрбанына айналдырған Білім-ғылым министрлігінің тірлігі.
Қуанатыным ерлік, елдік, бірлік, бақ, ардың бәрін жоюға бағытталған нарықтың жойқын, дүлей күшіне қарсы тұра алар таза-терең, кең-өткір, алғыр-күшті тілім барлығы және сол тілде сөйлейтін ұлы дала ұлағаты ілімінің барлығы. Дүниеде жоқты тауып, ақыл-ойының күшімен Ұлы даланың сәулет сарайын бейнелеп берген Елбасымыздың болуы. «Бәрін алсаң да пейілімді ала көрме» деген биік ойлы халқымның болғаны. Білімімен де, білек күшімін де, өнерімен де қазақты әлемге паш еткен Елба-сының ізбасарларының мыңнан  миллионға қарай ойысқаны. Қуанышымыз мақтанышқа айналмаса, алар асуымыз әлі алда…
Сұхбаттасқан — Ертай Айғалиұлы