Ұрпағымызды жат тілде оқытқанымыз қалай?
«Қазақ мектебі латыншаға көшеді» дегеннен бастап ата-аналар «баламызды орыс мектебіне береміз» деп дүрлігіп жатыр дегенді естіген едік. (Өйткені орыс тілді мектеп латынша емес, бұрынғы кирилл жазуында қалады екен). Бекер болар, оған бармас деп ойлағанбыз.
Ия, естіген құлақта жазық жоқ, бұл хабар шындыққа айналды.
Тек Ақтөбе қаласында ғана орыс тілінде оқитын мектеп жеткілікті. №9 мектеп гимназияда 1900 оқушы оқиды, көбі қазақ балалары мектепте оқушының көптігінен жаңа мектеп салынбақшы екен. Ал аралас мектептер №56, №35 мектептер бір-біріне жақын орналасқан.
Арал қаласындағы №14 мектеп лицейде 1008 оқушы білім алуда. «Ата-аналардың сұрауымен шәкірттер саны жылдағыдан екі есе артық болып, 7-сынып ашылды», — деп аудандық газет қуана жазғанын көз көрді. Орысы жоқ қалада соншама үмітін үкілеген, ынтықтырған, өзінің ана тілінде оқитын оқу орнынан бездіргені қалай? Мұны ойлаған жан бар ма? Әлде Ресейге барып жұмыс істемек пе, болмаса мемлекеттік істерге оңай араласу ма? 2 қабатты 2 ғимарат солай қазақ балаларына лық толы.
Сонда қазақ тілін сауатты меңгертуді, оны көркейтуді кім қолға алмақшы? Келешекте латын альфавитімен оқымайтын мектептердің бағы жанатындай.
Ия, солай орыстандыру, ағылшындандыру ісі өрге басып, бақылаусыз ескексіз қайықтай алға жылжып бара жатқандай. Жоғарғы орындарда орыс мектебін бітірген сол тілде ойлап, сол тілдің жанашыры, болмаса орысша жазған заң-зәкүнді қазақшалап түсініксіз етіп аударып жүрген жайымыз бар. Мақсатымыз не?
Абай атамыз «баламды медресеге біл деп бердім.
Шен алсын, шекпен алсын деп бермедім», — деген еді. Орысша оқудың түбіне жетерліктей болған жоқпыз ба, осы ә?
«Ойбай, орысша оқыған, сауатты, әдет-ғұрыпты онша білмейді, тікбақай, қазақша түсінбейді, орашолақ», — деп мақтап отырғаны, не даттағаны белгісіз жандардың сөзін естіп жүрміз.
Тәуелсіз егеменді ел бола отырып, өз ана тілінен жиреніп, оны кейінге ысырып, қайтадан орыс мектебін қара көздерімізді толтыруға не түрткі болды? Ел ағалары не дейді?
Балада не жазық бар? Ертең өз елінің әдеп-ғұрпын, тілін-ділін білмей опық жесе обал емес пе? А.Байтұрсынов: «ана тілінде білім алмаған бала, ұлт көсемі бола алмайды», — деген еді ғой, ағайын-ау.
Ия, орысша оқығанның, ағылшынша білгеннің тасы өрге домалағанын күнделікті өмірде көріп жүрген ата-ана өз тілінен ат-тонын ала қашты. Келешекте қазақтың көшін алға сүйреп, жанын түсінетін ұрпағымызды жат тілде оқытқанымыз қалай?
«Халықтың өз еркінде» деген ұзын арқау кең тұсау бізді мұратқа жеткізе ме?
Орыс тілді мектептерде шектеу белгілі бір жоспармен қабылдау жүргізілуі керек еді. «Өз әліпбиімізді игереміз» деп талаптанып жүріп, басқа тілді оқытатын мектептердің тынысын кеңейтудің жөні қалай?
Қаладағы толған тіл басқармаларының ісіне қанағаттанбаймыз. Көше толған қате жазулар, латынша қате жазылған атауларды (әлі еміле бекітілген де жоқ) әркім өз білгенінше жазып қойған. Мекемелердің атын жазарда қателеріне қарайтын: тіл басқармасы, салық комитеті, қала әкімі қайда қарап отыр?
Мынау шаһар кімнің, қай мемлекеттің иелігінде, қазақша жазуды неге ұмыттық, бұған бақылау бола ма?
Айтып айтпай немене ана тілінің көсегесін көгертетін, әуезді үнімізді асқақтатар күніміз қашан туар екен?
Құралай Есқұлова