Елді елеңдеткен 2000 қазақ қайда?
Неше күннен бері арғы беттегі ағайындар туралы, сәл де болса көңілге медеу боларлықтай бір хабар әлеуметтік желілерде таралып кетті. «Қытай 2000 қазаққа елден шығуға рұқсат берді» деген ақжолтай жаңалықпен сүйіншілегендер, дереккөзді анау-мынау емес АҚШ сайттарына қарай бірақ сілтеп жатыр.
Шыңжаңда саяси қысымдар астында өмір сүріп жатқан қазақтарға алаң болып отырған адамдар, бұл хабарға кәдімгідей елеңдесіп қалды. Қатардағы сайттарды қойып, «Қытайда қысым көріп жатқан қазақтар» туралы қазірге дейін жақ ашпаған, қабырғалы басылымдардың өзі, АҚШ сайттарына сілтеме жасай отырып жұртты құлағдар етті. Сосын жаңалықтардың ішіне біз де бойлап көрдік. «Бақсам, бақа екен» демекші, олар дереккөзді біздің СІМ-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарай сілтепті. Бұны өзімізде естіген болатынбыз. 2018 жылдың 12 қарашасында, Сыртқы істер министрлігінің кезекті брифингінде ведомство баспасөз қызметінің басшысы Айбек Смадияровтың жақсы жаңалығымен бөліскені белгілі. «Қазақстанның 14 азаматы әлі күнге дейін әртүрлі себептермен Қытайдан шыға алмай отыр. Біздің консулдар ол азаматтарға көмек көрсетіп жатыр. Қытай тарапымен дипломатиялық арналар арқылы жұмыс жүргізіп жатыр. Қытай тарапы 2000-нан астам қазаққа өз территориясынан шығуға рұқсат берді», — деген еді Айбек Смадияров. Сөйтсек, кезінде қуануға «үлгермеген» журналистер Смадияровтың сөзін сырттан естіп, шаттанып жүр екен.
ҚХР-дағы саяси жағдай, қазіргі таңда әлем назарындағы «күйіп тұрған» тақырыптардың біріне айналды. Соның ішінде Қазақстан үшін өте күрделі болып тұр. Қазірге дейін қанша отбасының екі елде бөлініп қалғандығы туралы мәліметтер нақты болмаса да, бұл сандардың күн өткен сайын молайып келе жатқандығы анық. Оған себеп, арғы бетте қалған отбасы мүшелеріне іздеу салу — олардың жеке басына деген қатерді онан ары күшейтіп жібере ме деп алаңдаған адамдардың көбі қазірге дейін үнсіз күтіп отыр. Ал нар тәуекелге басып, еліміздің СІМ, сондай-ақ халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар арқылы іздеу салушылар да күн сайын молайтып келеді.
2018 жылдың қараша айында, СІМ-таратқан жағымды жаңалықтардың ішінде, министр Қайрат Әбдірахмановтың «Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кездесіп, Қытайдағы қазақтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау төңірегінде ортақ мәмілеге келгендігі» туралы да сөз болып еді. Осыдан кейінгі жаңалық «Қытайдың 2000 қазаққа елден шығуға рұқсат бергендігі» болды. Осылайша, ҚХР-дағы қандастарымыздың артында, Қазақстан Республикасы сынды үлкен жоқтаушысы бар екендігіне көзі жеткендей болған ағайын, тағы бір үмітке қол созып жатты. Ол — Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Қытайға жасаған ресми сапары еді. 2018 жылдың 21-22 қарашасы аралығында Бейжіңге барған Сағынтаев туралы, ел ішінде аса қатты талқылаулар болған жоқ. Осы қарсаңда, Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласы жарық көрді де, жұрт осы тақырып төңірегінде қызу талқылаулар жүргізіп жатты. Қытай мәселесіне, соның ішінде Шыңжаңдағы қазақтар мәселесіне жіті назар салып отырған адамдар, «Бақытжан Сағынтаев осы жолғы кездесулерінде, ол жақтағы қандастарымыз туралы әңгімелер қозғауы мүмкін» деп дәмеленгені де жасырын емес.
Сол сапар кезінде, екі елдің БАҚ-тарын бақылап отырған біздер, қанша үңілсек те, «Шыңжаңдағы қазақтар» туралы ештеңе айтылмағандығын болжадық. Әйтпегенде, қазақ Премьеріне көрсетілген құрмет, Президенттердікінен кем болған жоқ. Аса маңызды саналатын кездесулер көп болыпты. Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, инфрақұрылымдық, индустриалды-инновациялық даму, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын одан әрі нығайту және тереңдету мәселелері қарастырылған.
Еліміз үшін тиімді болар деген талай ірі жобаларды бірлікте игеру туралы біраз құжаттарға мөр басылып, талай алпауыт кәсіпорынның басшыларымен қол алысқан Бақытжан Әбдірұлының кезекті Қытай сапары, осылайша «үнсіздеу» аяқталды. Ал өзінің құзіретін пайдалана отырып, Қытайдағы қандастар мәселесіне назар сала бастаған Қайрат Әбдірахмановтың ісін ендігі жерде Бейбіт Атамқұлов мырза жалғай ма, жоқ па ол алдағы күннің еншісінде.
Енді бастаған сөзімізге қайтып оралайық. Сымадияровтың сөзін сырттан естіп, жаңалық тапқандай болып отырған ағайынның да қуаныштарына құтты болсын дейміз. Ырымшыл қазақ, «жақсылықтың басы болсын» деп, жақсы лепеске жорып жатқанда, «сабан өртеніпті дегенді, Самарқан өртеніпті» деп еститін тағы бір топ қазекең, «Қытай үкіметі Шыңжаңдағы қазақтарды, Қазақстанға көшулеріне рұқсат беріпті» деп те айтысып жатты. Еліміздің СІМ- таратқан ақпаратта, «Қытай үкіметі кетуге рұқсат берген 2000 қазақтың» кім екендігі, қандай адамдар екендігі ашып айтылған жоқ. Осы жерде жұрт көңілінде, «Шыңжаңда тұрып жатқан қандастарымыз ішінде Қазақстанға қоныс аударуға өтініш білдірген адамдар ма, әлде, Қазақстан жағынан іздеу салынып жатқан қазақтар ма?» — деген сұрау туындап отырғаны анық. Қазірге дейін белгілі болғанындай, Қазақстан Республикасының Ықтиярхатын алған, ҚР азаматтығына өте қоймаған бір бөлім адамдардың, Қытайға барғаннан кейін бері қайта алмай қалғандары да бірмұнша санды құрап отыр. Сонымен қоса, ҚР азаматтығын алған, бірақ «Қытайдағы тіркеуін өшірмеген» яғни Қытай азаматтығынан шегінбеген, «қос азаматтықпен жүрген қылмысы үшін» төлқұжаттарынан айрылып отырған адамдар да бар. Олардың барлығының төлқұжаттары мен ҚР тарапынан берілген Ықтиярхаттары түгелдей, Ішкі істер мекемелеріне жиналып алыныпты. Бұлардың көбі, бір отбасы екі елге бөлініп қалғандар болып есептеледі. Ендеше, жұрт назарына ілініп отырған «2000 қазақ» Қазақстандағы жанашыр-жақындары тарапынан іздеу салынып, СІМ-не тиісті мәліметтері жіберілгендердің арасындағы «тәлейі жанғандар» деуге толық негіз бар. Ал, бұдан өзге, «мені атажұртым-Қазақстанға жіберіңіздер» деп, Қытайдың құзырлы мекемелеріне арыз айтып баратындай, «жүректі адамдардың» төбесі көрініп те тұрған жоқ. «Саяси тәрбие лагері» деген аса қорқынышты түрменің үрейлі елесі мен қатаң режимге көшкен қоғамдық тәртіп жағдайында қандастарымызыдң барлығы әліптің артын бағып отырғаны анық.
Көңілге медеу боларлық тағы бір жәйіт, халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары мен АҚШ бастаған батыс елдері соңғы жылдары «ашық аспан астындағы абақтыға» айналып кеткен Шыңжаңға назар сала бастады. Олар өздерінің дипломатиялық арналары арқылы Қытай үкіметіне қайта-қайта ескертулер жасап келеді. Халықаралық ұйымдардың күшті аңысы, Қытай үкіметін де бей-жай қалдырмаған сияқты. Шетелдік бақылаушыларды, Шыңжаңдағы «тәрбиелеу орталықтарында білім алып, мамандық игеріп жатқан, аз ұлт адамдарының, жақсы тұрмысын» көзден кешіріп қайтуға шақырып та жатыр. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары арасында, «Қытай былығы» төңірегіндегі, халықаралық талқылаулар осылай жалғаса берсе, Қытай үкіметінің де табан тіреп тұра беруге шыдамы жетпесі белгілі. Алайда 1966-1976 жылдар аралығында «Мәдениет төңкерісі» сынды, саяси сойқанның, үрейлі елесі 40 жыл өтсе де бойларынан кете қоймаған, қандастарымыздың, соңғы жылдардағы бастан кешіріп жатқан жағдайлардан кейін өз тағдырлары туралы қандай шешім қабылдайтындығы алдағы күннің еншісінде.
Ерқазы Сейтқали