Арнайы мониторинг тобының алғашқы отырысы

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде арнайы мониторинг тобының биылғы жылдағы алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға Агенттіктің аумақтық департаментінің басшылығы мен қызметкерлері, облыс, қала, аудандардағы арнайы мониторинг тобының мүшелері қатысты.

 

Отырысқа төрағалық еткен Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Нұргүл Жанназарова жиналғандарды күн тәртібімен таныстыра отырып, арнайы мониторинг тобының мақсаты мен міндеттері, топ ережесінің талаптарымен, 2019 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасымен таныстырып өтті.

Бұдан басқа аумақтық департамент басшысы былтырғы жылдың жұмыс қорытындысы мен нәтижелеріне тоқталып өтіп, алдағы уақыттағы қоғамдық мониторинг өткізілетін салаларды белгіледі.

Өз кезегінде облыстық арнайы мониторинг тобының төрайымы Рухия Алдоңғарова 2018 жылы атқарылған жұмыстарды айта отырып, негізгі қол жеткізген нәтижелерді айтып өтті. Атап айтқанда, өңірдегі денсаулық сақтау мекемелеріне жүргізілген мониторинг барысында Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы емдеу мекемелерінде бірқатар кемшіліктер анықталып, облыс әкімінің қатысуымен өткен облыстық алқа отырысында жұртшылықтың назарына жеткізілді. Нәтижесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті тапсырмалар берілді.

Жиында сонымен бірге өңірдегі оқу орындарына қарасты студенттік жатақханаларға жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесі сөз болды. Яғни, қоғам белсенділерінің анықтағанындай, жатақханаларда жөндеу жұмыстарын айтпағанда, студенттерге тиісті бөлмелерде шетел азаматтары да заңсыз тұрып жатқандығы анықталды. Қазіргі таңда студенттік жатақханаларда анықталған кемшіліктерді жою бойынша білім беру ұйымдарымен тиісті шаралар қолға алынды.

Еліміздің ақпараттық кеңістігінде біраз резонанс тудырған «Қазақстан Темір Жолы» АҚ өңірлік бөлімшелеріне қатысты қоғамдық мониторинг нәтижелері де назардан тыс қалған жоқ. Қоғам белсенділері мен блогерлер Маңғыстау облысына қарасты теміржол вокзалында бақылау жүргізу барысында вокзал қызметкерлерімен жолаушылар пойызына билеттердің жетіспеушілігін қолдан жасап, адамдарға қиыншылық тудырып, сол арқылы жолаушылар билеттерін үстеме ақысымен қолдан сату, сондай-ақ билетсіз жолаушылардан заңсыз түрде ақы алу сияқты деректердің жүйелі түрде орын алып отырғандығы анықталды.

Арнайы мониторинг тобының жүргізген рейдтік шаралары нәтижесінде тиісті ұсынымдар беріліп, «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамымен алдағы уақытта «Маңғыстау» стансасынан қатынайтын жолаушылар пойыздарына жаңа вагондар берілетін болады.

Арнайы мониторинг тобының мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелерге жедел түрде әрекет етіп, тиісті мемлекеттік органдарға хабарлау тәжірибесін жалғастырып, күшейту қажеттігін ұсынды. Қоғам өкілдерінің пікірінше, тұрғындармен кері байланыс механизмдерін жетілдіруде арнайы мониторинг тобының әлеуеті зор болмақ.

Жиынды қорытындылай келе, аумақтық департамент басшысы Нұргүл Жанназарова 2019 жылға арналған арнайы мониторинг тобының қоғамдық бақылау жүргізілетін салалар бойынша ұсыныстарын қабылдап, облыс, қала топ құрамын жаңарту, әлеуметтік желілер мен БАҚ бетіндегі қоғамды толғандырған мәселелерді конструктивті, заң талаптарына сәйкес шешу қажеттігін баса айтып, мониторинг тобының атына кір келтірмей, Агенттіктің аумақтық департаментімен бірлесіп қоғам игілігі үшін жұмыс жасауға шақырды.