Қытай қашанғы «қыңыр айтады?»
Қытайдың сөзі тағы да қитығымызға тиді.
Неше күннен бері, әлдебір қытайдың аузынан айтылған, түсінген қазақтың түсін бұзатын бір сөз, ең әуелі ватцап мессенджерінде таралып барып, іле-шала қазақ тілді сайттардан бір-ақ шықты. Қазақ баласының қанын қайнатқан жағдай былай еді.
Қазақтың алты қанат ақордасының алдында тұрып, саяхатшыларға әлденені түсіндіріп жатқан қытай әйел былай дейді. «Қазақстан жері бұрын Қытайдікі еді. Цин империясының соңғы дәуірінде, Сычидың әлсіздігінен қолдан кетті. Негізі Қазақстан жері Қытай территориясы болатын…», — дейді. «Білеміз» деген азаматтардың айтуына қарағанда, бұл видео ҚХР-ның Шыңжаң автономиялы өлкесіне қарасты Құмыл аймағының Баркөл қазақ автономиялы ауданындағы мұражайда түсірілген деседі. Бұл сөз рас болса, сол Баркөлдегі қазақтардың жасаған «Әлемдегі ең үлкен киіз үйі», бір кездері Гиннестің рекордтар кітабына кірген болатын.
Қазақтың намысына тиетін мұндай сөздер қытайлардың аузынан айтылып жатқаны бүгін ғана емес еді. 1993 жылдардан бастап, Шыңжаңдағы өз ана тілдерінде білім беретін, ұйғыр, қазақ, монғол, сібе, қырғыз, тәжік мектептері (қазір көп бөлігі жабылып қалды) мен қытай тілді мектептерде «Шыңжаңның жергілікті тарихы» дейтін оқулық қосымша пән ретінде оқытыла бастады. Сол оқулықтың ішінде Шыңжаңмен шекараласатын мемлекеттер туралы айта келіп, «Қазақстан Республикасының Балқаш көлі аумағынан тартып тұтас Жетісу алабы, кезінде Қытайға тәуелді жерлер еді. Мемлекеттің әлсіреген кездерінде патшалық Ресейдің қарамағына өтіп кетті» дейтін абзацтары картамен қоса көрсетілген еді. 2000 жылдарға дейін оқытылып келген бұл пәннің, қазіргі таңда мектеп бағдарламасында бар-жоғын біле алмадық. Бұдан өзге де Шыңжаң тарихы туралы жазылған кітаптардың көбінде, осы тектес мәселелер шетін қалып көрген жоқ.
«1864 жылы 7 қазандағы «Патшалық Ресей мен Цин империясы арасындағы солтүстік батыс шекараны айырып белгілеу туралы келісімнен» кейін Балқаш көлінің шығысы, Жайсаң көлінің (Зайсан көлі) түстігі мен терістігіндегі 440 мың шаршы метр територия Патшалық Ресейге бөліп берілді», — дейді. Онан да тереңдей түскісі келетін тарихшылар «Абылайдың Цин императорына өз еркімен хат жазып бодан болғандығын» да ұмытпай айтады. Бір қызығы, осыны жазған тарихшылардың, Абылай ханның «Тәңір тауының терістігіндегі жерлер ата-бабамыздан тартып алған қазақтың жері еді…» деп хат жазғанын «білмей қалатындығы». Осыдан барып «білгіш» болып кеткен қытайлар, ғаламторда отырып көпіргенде кез келген тарихшыңды бет қаратқысы келмейді. «Ұлы Жібек жолы бойындағы Қытайдың жібегі мен шәйі барған жердің барлығы тарихта Қытай патшаларының боданы болған немесе ант беріп, мансап алған» деп те «періп жіберетіндері» бар.
Бүгінгі ҚХР, өз төңірегінде құрлық және теңіз айдыны арқылы 15 мемлекетпен шекараласып жатыр. Қытайдың кер ауыз тарихшыларына құлақ түрсең, сол 15 мемлекеттің шекарасының ішінде «тарихта Қытайға тиесілі болған талай құйқалы аумақ қалып кетіпті». Мұндай даулы мәселелер, көбінше ғаламтор беттерінде құжынап жүр. Сондай мақалалардың соңындағы коментарийлерге көз жүгіртсеңіз: «сол елге кеткен жерлерді қайтарып аламыз» дегенге тіреліп бірақ тоқтайды. «Бұл не қылған бассыздық» дейсіз де қоясыз. Алайда ресми БАҚ-тарда мұндай «нәзік» мәселелер талқылана бермейді. Мемлекеттік шекара, көршілес елдермен болған дипломатиялық қатынас тақырыптары қаузалатын кітаптарда бұлар ашық айтылмайды.
Қытайдың Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғыз Республикалары, Тәжікстан қатарлы 3 мемлекетпен жалпы шекарасының ұзындығы 3300 шақырымды құрайды. Осының ішіндегі 1770 шақырымдық көлемді аумақ Қазақ-Қытай шекарасы болып табылады. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі кезде тәуелсіздігін алған жас мемлекеттер Қытай елімен шекара мәселесін талқылай бастады. Осылардың ішінде алғашқы болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен арадағы шекара мәселесін өте сәтті түрде шешті. Алғаш рет 1994 жылы 26 сәуірде «ҚХР мен Қазақстан Республикасының мемлекет шекарасы туралы келісіміне» қол қойылып, 1995 жылдың 11 қыркүйегінен бастап ресми күшіне енді. Бұдан кейін 1997 жылдың 24-25 қыркүйегі аралығында «ҚХР мен Қазақстан Республикасы мемлекеттер шекарасы туралы келісіміне толықтыруларға» қол қойылды. Бұл жолы 1994 жылғы келісімде шешілмей қалған 10 шақырымдық шекара мәселесіне нүкте қойылды. Осыдан кейінгі уақытта, 1998 жылдың маусым айындағы Алматыдағы екі елдің басшыларының кездесуі барысында, шекара туралы маңызды мәселелерде ортақ қарар қабылданды. 1999 жылы 5 мамырда «ҚХР, Ресей Федерациясы, Қазақстан республикасы қатарлы үш мемлекеттің шекараласатын аумақтары туралы келісімге» қол қойылды. Осылайша Алтай тауындағы шекара сызығы ресми қалыптасты. Бұл Қазақ-Қытай екі елдің шекара мәселесінің толық шешім тапқан келісімі еді.
Жоғарыда айтылған келісімдер Қытайдың ресми құжатары мен бертінде шыққан тарихи кітаптарында еш боямасыз, еш «әттеген-айсыз» көрсетіліп келе жатыр. Алайда БАҚ-тың барлық саласын қатаң бақылауда ұстайтын Қытай билігінің, жоғарыда айтылғандай шетін мәселелер сөз болып жататын, әлеуметтік желілері мен бейпіл ауыз тарихшысымақтарын «байқамай қалатындығы» түсініксіз. Осындайда Қытай билігінің Тайвань, Гонконг, Макао секілді жерлерді «картада қате белгілегені үшін», «авия билеттерде алдына China сөзін жалғамай, дербес мемлекет ретінде көрсеткені үшін», «аталған аймақтармен дипломатиялық қатынас орнатқаны үшін»… деген секілді қаптаған қалың наразылықтары еске түседі. Қазіргі Қытай билігі, өте-мөте Тайваньмен барыс-келіс жасаған мемлекетерге дереу нота жолдап, наразылық танытып жататыны бар. Яғни, өз мүддесіне тірелетін мәселелердің барлығына қырағы да, өзге елдердің мүддесіне келгенде тым селқостық танытады.
Қытай елі өздерін «5 мың жылдық тарихы бар мемлекетпіз» деп санайды. Сол ұзақ тарих жазылған, сүзгіден өткен деректеріне үңілсеңіз — қазіргі Қытай территориясы, онда өмір сүрген патшалықтар туралы айтылады. Бір анығы — Қытай территориясы уақыт өткен сайын кеңейе түскенін, айналасындағы талай-талай ұлттар мен ұлыстардың, біртіндеп қытай ұлтының құрамына сіңіп кеткендігін байқайсыз. Шыңғыс ұрпағы Құбылай хан кезінде Қытай жерінде өз патшалығын құрды. Қытай тарихында «Юань династиясы» деп аталынатын 1271-1368 жылдардың арасында дәурендеген мемлекет туралы, Қытай тарихшыларының өзі «бұл монғол мемлекеті ме әлде қытай мемлекеті болып есептеле ме?» деген сауалдар төңірегінде жиі бас қатырады. Онан кейінгі Цин империясы да тура осындай мәселені алдыңызға әкеледі. 1636-1912 жылға дейін өмір сүрген Цин мемлекетінің ірге тасын алғаш рет, қазіргі Қытайдың солтүстік шығысында мекендейтін Жүржіндер қалаған еді. Алайда осының барлығы да қазіргі ҚХР-дың тарихына «Қытай тарихы» болып енгізіліп кетті. Тіпті қытайға сіңген ұлттар туралы жазбаларда да бетіне қалқып өте шығады.
Бүгінгі ҚХР тарихы бүкілдей саясилан-ған, Қытай компартиясының ыңғайына қарай икемделіп жазылған тарих екені жасырын емес. Оны Қытай туралы мағлұматы бар зиялы қауым жақсы түсінеді. Қытай қол астындағы аз ұлттардың тарихы, олардың ата-бабаларынан бері қарай өмір сүріп келе жатқан меншікті аймақтары секілді маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыдан сөз етудің өзі қазіргі таңда «қылмыспен тең»… Дейтұрғанмен саясаттың, биліктің өтпелі дүние екенін ескерсек, дөкейлердің тақымында басулы жатқан талай тарихтың беті ашылатын күн туарына бек сенімдіміз. Осындайда шетелдермен дипломатиялық қатынас мәселесін жөнге салатын құзырлы орындар, «мінез көрсетіп», «аузыңды ти» деген сарындағы ноталар жолдап жатса құба-құп болар еді. Ал қарапайым халық болса, «ит үреді, керуен көшеді» деген мақалды місе тұтқаннан арыға бара алмайтын секілді…
Ерқазы Сейтқали