Абзал ҚҰСПАН, адвокат: Ақордаға біз жақындамасақ, халық мұңын кім жеткізеді?
Еліміздегі білікті заңгер, адвокаттардың арасында Абзал Құспанның есімі ерекше аталады. Ол иісі қазаққа қатысы бар талай даулы істің басы-қасынан табылып келеді. Әсіресе, тіл, жер және қандастар мәселесіндегі құқық бұзушылықтарға жиі араласып, заңгерлік көмегін көрсетуден тартынған емес. Жақында қоғам белсендісімен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
Мемлекеттік тілді қорғау — әрбір қазақстандықтың парызы
— Абзал мырза, қазақтың құқықтық сауаттылығы қазір қандай деңгейде? Әңгімені осыдан бастасақ…
— Қазақ тілді ортаның құқықтық сауаттылығы артты деп ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, кеше ғана болған Сайрагүл Сауытбайдың ісін алып қарайық. Қарапайым халықтың белсенділігі өте жоғары болды. Халықаралық деңгейде сот процесін ұйымдастырдық. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарын тарта алдық. Сонымен қатар, барлық жаңалықты халықаралық деңгейдегі газет-журналдарға жариялап, сұхбаттар бердік. Елдің қолдауының арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бұл — біздің қазақи ортаның құқықтық сауаттылығының белгілі бір деңгейге көтерілгенін аңғартады. Бұдан бөлек тіл мәселесі бойынша құқық қорғау орындарына жиі жүгініп жүрміз. Соңғы кездері осы салада орын алған құқық бұзушылықтардың барлығы заң бойынша талап етіліп, өркениетті жолмен шешілуде. Егер халық тиісті орындарға қажетті заңнамаларға сілтеме жасай отырып талап етпесе, мұның бірі де болмас еді.
— Сізге көпшілік көбінесе қандай тақырып бойынша сұрақ жолдап, қандай мәселе бойынша көмек сұрайды?
— Маған тіл, жер және қандастар мәселесімен жиі хабарласады. Соның ішінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетпей, тұтынушылардың құқығын бұзған кәсіпорындардың заң бұзушылығымен тұрақты күресіп келемін. Қазірдің өзінде тіл төңірегінде қозғалған бірнеше сот ісіне адвокат ретінде араласып, зардап шегушілерге заңгерлік көмек көрсеттім. Соның ең соңғысы Атырау қаласында орын алған жағдай. Яғни, тұтынушыларға қазақша қызмет көрсетпеген «Атырау су арнасы» мекемесінің үстінен тұрғындар сотқа шағымданған. Қазір осы іс бойынша сот процесіне әзірленудеміз. Жалпы, қазақтың құқығы тапталған қандай мәселе болса да көмек көрсетуге әзірмін. Ол үшін міндетті түрде сол жерге бару, жүзбе жүз кездесу шарт емес. Ғаламтордың қызығын, әлеуметтік желінің әлеуетін осындай игілікті істерге пайдалануымыз керек.
— Өзіңіз білесіз, Қазақстанда қазақ тілді қауымның құқығы жиі бұзылып жатады. Мұндай жағдайда халық нені ескеріп, қандай жолмен талап етуі керек? Оқырманға осыны түсіндіріп өтсеңіз…
— 1948 жылы Франция астанасы Париж қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі қарары қабылданды. Міне, сол құжатта әрбір адам баласының өзіне ғана тән, өзінен ажырамайтын құқықтары болатыны жазылған. Соның бірі — өзінің ана тілінде сөйлеу мәселесі. Бұл тек қазаққа ғана тән дүние емес. Жер бетіндегі барлық ұлттың жанына жазылған табиғи құқығы. Бұған ешкімнің қол сұғуына жол берілмеуі керек. Сол секілді біздің ұлтымыз қазақ, мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болғандықтан, сол тілде қызмет алу құқығына ие екенімізді ұмытпайық. Иә, қазір тіл заңнамасы жиі бұзылатыны рас. Менің тәжірибемде тілге байланысты орын алған заңсыздықтардың 90 пайызы жекеменшік қызмет көрсету орындарында яғни, сауда үйлер, қоғамдық көліктерде кездеседі. Бірақ бәрі өзімізге байланысты. Біз көп жағдайда мемлекетке иек артып отырамыз. Әкімдік қайда қарап отыр, басқарма неге жұмыс істемейді деген секілді. Ал, қазақ тілін қорғау, оны дамыту ісі жоғарыда отырғандардың ғана емес, әрбір қазақстандықтың парызы. Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін тіл жанашыры ретінде емес, тұтынушы ретінде талап етіп үйренуіміз керек. Яғни, қандай да бір заң бұзушылықтың үстінен ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң арқылы шағымданар болсаңыз ақиқатқа жетуге толық мүмкіндік бар. Егер қызмет көрсетуші тарап сіздің айтқаныңызды, тұтынушы ретінде қойған талабыңызды орындамаған күннің өзінде өзінің аты-жөні мен лауазымы туралы мәлімет беруге міндетті. Бұл да заң талабы. Міне, сол арқылы құзырлы орындарға барып, қай жерде қай уақытта қандай заң бұзушылық орын алғаны туралы шағым түсіруге хақыңыз бар. Егер қолға алған ісіңізбен соңына дейін күрессеңіз құқығыңызды қорғай аласыз. Себебі, бұған дейін осы тіл бойынша қозғалған істердің бірде біреуі сотта жеңіліс тапқан емес. Бұл жерде бірінші сіздің тілге деген жанашырлығыңыз, екінші құқықтық сауаттылығыңыз, үшінші күресе білу күш-қайратыңыз біледі.
60 мың қандасымыздың азаматтығы жоқ
— Шетелден көшіп келген қандастар мәселесі де шаш етектен. Кейінгі жылдары Атамекенге ат басын бұрған кейбір бауырларымыздың арасында азаматтыққа қол жеткізе алмай жүргендер бар…
— Әсіресе, Қытайда тұратын және сол жақтан келетін қазақтардың тағдыры ауыр жағдайда. Тіпті, Қытай шекарасынан аман-есен асып келді дегеннің өзінде бұл жақта түрлі кедергілерге тап болатындар баршылық. Бұл жерде бар қиындық құжат жинап, азаматтық алу ғана емес. Оларға біздің тараптан әлеуметтік, психологиялық тұрғыда қолдауымыз ауадай қажет. Ресми деректер бойынша шетелден көшіп келген 60 мыңдай қандасымыз азаматтық ала алмай жүр. Неге десеңіз бір жылға берген оралман куәлігінің уақыты аяқталған. Қандастар сол бір жыл ішінде азаматтық алып үлгеруі керек еді. Бірақ кейбір кедергілерге байланысты олар қажетті құжаттарын жинап, рәсімдей алмай қалды. Ал оралман куәлігі жоқ адам Қазақстанның азаматтығына кіре алмайды. Қазір, олар ықтиярхатпен ғана жүр. Міне, бұл мәселе қазір үкіметте қайта қаралуда. Өткен жылдың қараша айында ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон комитетінде кең ауқымды жиын болып, қандастар мәселесі қаралды. Мен бір мыңнан астам адамның арызын алып бардым. Жауапты адамдар көрді. Соның нәтижесінде, бір жылға қайта амнистия жарияланатын болды. Сол уақытта қайтадан іске кірісіп, құжаттарын рәсімдеп, азаматтықтарын алуы керек. Мұны қосымша жариялап, ескертетін боламыз.
— Сіз миллиардтардың арасынан қашып келіп, қазақтан пана сұраған Сайрагүл Сауытбайдың елде қалуына ықпал еттіңіз. Қандасымыз енді қашан азаматтық алады?
— Алдымен Сайрагүлге босқын мәртебесін алып беруіміз керек. Сол үшін республикалық көші-қон комитетіне арыз бердік. Жауабын күтіп отырмыз…
— Сайрагүлге босқын мәртебесін сұраған-дарыңызға да біраз уақыт өтті ғой. Әлі ала алмай келеді. Ал Қазақстанға о жақ, бұ жақтан босып келген қаншама адамға, өзге ұлт өкілдеріне босқын мәртебесі берілгені жөнінде хабардармыз…
— Негізі босқын мәртебесін алу жолы аса қиын емес. Иә, бұған дейін Сириядан, Ауғанстаннан қашып келген жеті жүздей адамға берілген екен. Бұл жерде олардың біздің елге келу жағдайы, құқықтық салдары Сайрагүлдікінен мүлдем басқа. Яғни, сол елдерде соғыс болып жатқандықтан бұл адамдардың құқықтары қорғалмайды деген сөз. Ертең олар бізге «неге біздің адамдарды босқын ретінде қабылдадыңдар» деп айып таға алмайды. Ал Қытай сияқты алып державаның азаматына біз босқын мәртебесін беретін болсақ, сол елдегі ұсақ ұлттардың құқықтары бұзылып жатқаны әшкере болады. Яғни, Қытайда адам құқығы бұзылғандығы мемлекеттік деңгейде расталады. Ал олар оны қаламайды. Міне, бар қиындық осында. Дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі комиссариаттың ықпалымен шешеміз деп ойлаймын.
— Сөз басында жер мәселесімен де жиі айналысамын дедіңіз… осы тақырыпты тарқатып айтсаңыз…
— Мен бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы жұмыс тобы комиссиясының мүшесімін. Яғни, осы салада орын алған өзгерістерге, әзірленген заң жобаларына жиі қатысып келемін. Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін біз жердің құнын түсіріп алдық. Ал басқа мемлекеттерде бәрі керісінше. Яғни, ең қымбат, ең құнды дүние — жер болып саналады. Міне, біздегі сол қателіктің кесірінен бір кезде жер алмаған пенде қалмады. Көрінгенге ауыл шаруашылығы алқаптарын бердік, бірақ оны игеру, пайдаға жарату жағын бақылаусыз қалдырдық. Ал, тегін алғаннан кейін онда не құн қалады? Алған кезде шығын шықпаған соң, кіріс кіргізуге де асықпайтыны анық ғой. Соның салдарынан қазір мыңдаған гектар алқаптар пайдаланылмай, өңделмей жатыр. Ал, нағыз жұмыс істегісі келетін іскер азаматтарға беретін жер жоқ болып қалды. Шыны керек, қазір қазақы ортада ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтардың қатары көбейіп келеді. Кедергіге тап болатындардың көбі — осылар. Яғни, ауылдық жердегі халықтың мал бағатын кеңістігінің тарылуы, жаңа кәсіп бастаған азаматтарға жер тимеу, бар жерге қол жеткізе алмау секілді даулы мәселелерге жиі араласып келемін. Міне, осы мәселені шешу үшін жер кодексіне өзгеріс енгізуді ұсынып жатырмыз. Осы жылы заңды күшіне енуі керек…
— Бұдан бөлек жер салығы бойынша түсініксіз жәйттер бар ғой…
— Дұрыс айтасың. Жер салығын бір ізге түсіруіміз керек. Бізде игерілмеген жердің салығы үшін бір жылда гектарына 37 теңге ғана төлейді екен. Сонда 100 гектар жері бар адам жылына 3700 теңгесін салады да алаңсыз жүре береді. Әйтеуір, өзінің атында тұрса болды. Ал, жерді өңдеп, игере бастаған адам оның пайдасын көрмей жатып, жеті түрлі салық салады екен. Адам сенгісіз жағдай ғой. Сонда Қазақстанның Жер кодексі бастапқыда жердің иесіз қалуына емес керісінше игеріп, пайдаға асыруына қарсы құрылған ба деп ойлайсың. Міне, сондықтан, жер салығы туралы заңнаманы қайта қарап жатқан жайымыз бар. Яғни, жерді пайдаланбаса оның шығыны ұлғайып, жұмыс істеуге мәжбүр болатындай жағдайға жеткізуіміз керек.
— Өзіңіз білесіз, қазақ қоғамының наразы-лығын тудырып, дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі — жерді шетелдіктер меншігіне беру мәселесі еді. Елбасының араласуымен халықтың қалауы орындалды. Ал үкіметте енді әзірленіп жатқан заңнамада бұл қалай реттелуде?
— Үкіметте енді дайындалып жатқан заң жобасында жер шетел азаматына берілмейтіні туралы анық көрсетілген. Сондықтан, бұған алаңдауға негіз жоқ. Тіпті, шетелдіктер түгілі қазақстандықтардың өзіне сатуға болмайды. Себебі, жерді жекеменшігіне айналдырып алған адам, ертеңгі күні түрлі жолдармен шетел адамына сатып жіберуі ғажап емес. Міне, бұған заңмен тосқауыл қойған жағдайда ғана ата-баба мұрасын аман сақтап қаламыз. Сөз орайы келгенде, мына бір жағдайды айтқым келеді. Қазір осы жер мәселесі туралы әңгімені әлі де ушықтырып, халықтың наразылығын тудырып жүрген арандатушы топтар бар. Олар, сол секілді қандастар ісіне де жиі “араласып” келеді. Оларға, жер дауының немесе қандастар проблемасының шешілгені керек емес. Бар мақсаттары — халықтың наразылығын жоғары деңгейде ұстап тұру. Осы бағытта барын салып жүр. Міне, халық кімнің қандай пиғылда жүргенін ажырата білуі керек. Олар біздің билікпен жұмыс істеп жүргенімізді байқап, ашық түрде «сатқын» деп айыптай бастады. Тіпті, билік жақта жүргендердің бәрін солай ойлайды да, қазаққа жаны ашитындар оппозицияда жүруі керек деп санайды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Сонда Ақордаға біз жақындамасақ, ол жақындамаса халықтың жайын кім жеткізеді? Халықтың жағдайын жасайтын, мәселесін шешетін кім? Әрине, билік. Ал өз еліңнің Елбасына мақсатты түрде қарсы шығу — нағыз ақымақтық. Менің ұстанымым біреу ғана. Кім қазаққа пайдалы іс қылса, сонымен серіктес болуға дайынмын.
— Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Қазақтың құқығы тапталмасын!
Әңгімелескен –
Тілеуберді САХАБА