«Орысша түсінбегендіктен, қып-қызыл шығынға баттым» деп қынжылады Қытайдан келген қандасымыз

Тіл комитетінің назарына!

 

Жақында газет редакциясына Әлпейіс Қобыланов дейтін азаматтан хат келді. Онда бұл азамат Алматы қаласындағы ««Алматыгаз» Абоненттік есептеулер орталығы» ЖШС қызметкерлерінің тұтынушыларға таза мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтінін айтып, бұған өзі куә болғанын жазған еді.

 

Хабарландырулардың көбі орыс тілінде

Ол сондай-ақ, өз хатында аталмыш мекеме қызметкерлерінің құжатты тек қана орыс тілінде дайындауы кесірінен Қытай елінен көшіп келген азамат Расул Сәдудің қып-қызыл шығынға батқанын хабарлаған болатын. Осы хатқа байланысты байланысты жақында хат авторымен кездесіп, орын алған жағымсыз жәйтті асықпай баяндап беруін өтіндік.
— Расул Сәдуұлы Қазақстанға Қытайдың Үрімші қаласынан 2017 жылы көшіп келген. Бүгінде бала-шағасымен бірге осы Алматы қаласында Алатау ауданында жеке үйде тұрады. Азаматтықты былтыр шілде айында алған. Қазіргі уақытта жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне, тіліне, дағдысына үйреніп, бір жағынан өзіне тұрақты жұмыс қарастырып жүрген жәйі бар, — деп Әлпейіс өзімен бірге жүрген жігітті бізге таныстырды.


— Бұл жігітті осында ілестіре келген себебім, мына хатта айтылған жағдайлар негізінен осы кісіге қатысты болып отыр. Өздеріңізге белгілі, Қытай қазақтары орыс тілін түсінбейді. Өйткені, ол елде бұларды қазақша және қытайша оқытқан. Енді болған жағдайды Расулдың өзі әңгімелеп берсін, — деп Әлпейіс сөз кезегін Расулға берді.


— Шүкір, қазіргі жағдайымыз жаман емес, азаматтықты да тез алдық. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының «Бір терезе» жүйесі арқылы жұмыс істей бастағаны біз үшін өте жақсы болды, соның нәтижесінде ойға алған шаруаларымыз тез жүзеге асырылуда. Осы жүйені енгізген ел ағаларына мың да бір алғыс. Көшіп келген жылы алғашқыда қиын болғаны рас, бүгінде ақырындап бәріне үйреніп келе жатырмыз. Балаларым қазақша мектепте оқиды, өзім әзірге жеке тірлігіммен айналысып жүрмін. Бұйырса, сұранысы жоғары мамандықтың біріне оқып алып, жұрт қатарлы жергілікті кәсіпорындардың бірінде жұмыс істегім келеді.
Айтайын дегенім, қазіргі уақытта Алматыға біз секілді шетелден көшіп келген қазақтар тіл мәселесінде үлкен қиындық көріп жүр. Мен мұны өзім басымнан кешіп жүргесін айтып отырмын. Мысалы, былтыр күзде менің үйіме Алматы қаласындағы газбен қамтамасыз етуші мекеме орыс тілінде жазылған құжат әкеліп тастады. Әлгі құжатты отбасымызбен әрі қарап, бері қарап, түсінбедік. Біраз уақыттан кейін ол қағазды ұмытып та кеттік. Арада күндер өтіп, пайдаланылған газ үшін төлем төлейтін кез келді. Сол кезде әлгі мекеменің қызметкерлері әкелген түбіртекті қарасам, көрсетілген төлем ақысы бұрынғыдан бірнеше есе көп екен. Сөйтсем, олар маған бұл жолы төлемақыны тұрбаның көлемімен өлшеп бекітілген тариф бойынша есептепті. Күзде маған әкеліп бергендері – ескерту қағазы екен. Ол құжатта газдың есептегіш құралын (счетчик) бес жылда бір ауыстыру керектігі айтылып, осы ережеге сәйкес үйдегі газ есептегіш құралды жедел ауыстыру қажеттігі ескертіліпті. Бұлай етпеген жағдайда төлемақыны тұрбаның көлемімен өлшеп бекітілген тариф бойынша есептейтіндерін олар сол кезде-ақ айтыпты. Бірақ мен орысша түсінбегендіктен, аталмыш ескерту қағазға мән бермеппін. Сөйтіп, орыс тілін білмегеннің кесірінен газ есептегіш құралды уақытында ауыстырмай, аз ғана уақыт ішінде әлгі мекемеге қыруар қаражат бережақ болып қалдым. Айтпақшы, күзден бері сол ескерту қағазын алып мұнда не жазылғанын сұрап, Айнабұлақ ықшамауданындағы газбен жабдықтау мекемесіне бірнеше рет бардым. Ол жерде кезекте кісі көп, жарты күн тұрып, кезегім түске таман әрең жетті.

Терезенің ар жағында тұрған қызметкерден қағазда не жазылғанын түсіндіріп беруді сұрасам, «Соны да түсінбейсің бе?» деп өзімді біраз жерге апарып тастады. Ашуланып жартысын орысша, жартысын қазақшалап, ақыры мені олар аталмыш мекеменің басшылығына (Байзақов-Гоголь көшелерінің қиылысындағы) жолдады. Ол жерде де жөнді жауап болмады, мекенжайға қарасты бөлімшесіне мені қайта жұмсады. Сөйтіп, екі ортада біраз сандалған соң, сол кездері шаруасымен Мәскеу қаласында жүрген Әлпейіс ағаны күтуді жөн көрдім. Бұл кісі Алматыға тек желтоқсан айында ғана келді.
Жақында Әлпейіс ағамен бірге газбен жабдықтаушы мекемеге барып, осы кісінің көмегімен газға не үшін көп төлеп жүргенімді білдім. Мен секілді оралмандарға қарапайым канцелярия, школа, этаж деген сөздердің өзі түсініксіз. Сондықтан еліміздегі мекеме-кәсіпорындарда құжаттар екі тілде, қазақша және орысша жазылса екен деймін. Ең болмаса, қазақшасын оқып түсінер едік. Орыс тілін білмегеннің кесірінен ауруханаларда, үлкен сауда орындарында немесе басқа да қоғамдық орындарда зардап шегіп жүрміз. Қазақстанда жұрт бір-бірімен көбінесе орыс тілінде сөйлеседі екен. Өткенде «Апорт» Сауда Үйінде қазақшалап арба сұрап едім, сол жерде отырған орыс әйелі маған қатты ұрсып тастады. Не дегенін түсінбедім, бірақ біраз ауыр сөздер айтқанын ұқтым, — деген Расулдың сөзін бұдан әрі Әлпейіс ағасы жалғастырды. Әлпейістің сөзінше, өздері барған газбен жабдықтаушы мекемеде тұтынушылардың басым көпшілігі жергілікті ұлт өкілі болса да, қызметкерлері негізінен, ресми тілде, яғни орыс тілінде қызмет көрсетіп тұрған.


— Тұтынушыларға арналған құжаттардың көбі орыс тілінде толтырылатынына Расулдың үйіне әкелінген құжат (хаттама) дәлел. Қызметкерлерінің жұмыс барысында көбінесе ресми тілде сөйлеп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Сондай-ақ, қабырғада ілулі тұрған тұтынушыларға арналған ақпарат тақтасында да хабарландырулар көбінесе, орыс тілінде жазылған. Осы жөнінде мекеме басшылығына айтып көріп едім, ол кісі Қазақстан тұрғындарының бәрі орысша жақсы түсінетінін және айтылған кемшіліктерді орнына келтіретінін айтып, шығарып салды. Дегенмен, қазақ жерінде тұрған соң тұрғындардың бәрі мемлекеттік тілде сөйлеп тұрса дейміз. Бұл мемлекетіміздің мәртебесін арттырып, абыройын асқақтатады емес пе? — деген Әлпейіс тек бұл мекеме ғана емес, еліміздегі көптеген мекемелердің іс қағаздары тек бір ғана тілде, яғни, ресми тілде ғана жүргізілетінін және қызметтің де тұтынушыларға орыс тілінде көрсетілетінін бірнеше дәлелдер келтіре отырып, жеткізді.


— Қазақстан Республикасы Тiл туралы заңында бәрі де тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Сонда құжаттарын тек орыс тілінде ғана толтыратын еліміздегі мекеме-кәсіпорындардың барлығы аталмыш заңның 4-ші бабын орындамай отыр ма? Өкінішке орай, солай деп айтуға мәжбүрміз. Шынын айту керек, өз елімізде өз тіліміздің шеттетілуіне біз, қазақтар, өзіміз кінәліміз. Осы күнге дейін басқа ұлт өкілдері тарапынан қазақша сөйлеуге тиым салып жатқан ешкімді көргенім жоқ, — деген Әлпейіс БАҚ-да осындай жағымсыз жағдайлар туралы жиі жазып, халықтың санасын сілкінту керектігін айтты.

 


Тіл туралы заңнан үзінді

— Қазақстан Республикасы Тiл туралы заңының 4-бабында
«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi».


 

Мекеме қызметкерлері  ресми тілде сөйлеуге неге құмар?

Осы мақаланы әзірлеу барысында, әдеттегіше, қарсы тарап өкіліне жолығуды жөн көрдік. Сөйтіп, Байзақов-Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан ««Алматыгаз» Абоненттік есептеулер орталығы» ЖШС-не бардық. Аталмыш мекемеге кіріп келгенде, өзімізді шынымен-ақ Ресейдің бір мекемесінде тұрғандай сезіндік. Есіктен бастап, қабырғаларға және тұтынушылар көп баратын терезелердің жақтауларына дейін негізінен орыс тілінде жазылған хабарландыруларды көрдік. Арасында қазақша баламасы бар хабарландырулар да болды, әрине. Бірақ олар тым аз. Куәгер ретінде қасымда жүрген, хат авторы Әлпейіс Қобыланов «Ақпарат» тақтасындағы мемлекеттік тілде жазылған хабарландырулардың кейбірінің өткен жолы болмағанын айтты. Анықтап қараған адамға, расында да қазақ тіліндегі хабарландырулардың жақында ғана қосымша ілінгені байқалады. Қасындағы ресми тілдегі хабарландырумен салыстырғанда қазақша баламасы жазылған хабарландырудың қағазы, шынымен су жаңа. Біз мұны Әлпейістің өткен жолғы ескертуінен кейін мекеме басшысының жасаған әрекеті деп болжадық. Сол кісінің айтуымен мекеме қызметкерлері хабарландырулардың қазақша баламаларын жақында ғана қоса салғаны көрініп тұрды.
Қызмет көрсету залында мекеме қызметкерлерінің халыққа қызмет көрсетуін біраз уақыт бақыладық. Ондағы мақсатымыз — шағымданушылардың айтқаны шындыққа қаншалықты жанасатынын білу еді. 15-20 минуттың ішінде байқағанымыз, шынымен де мекеме қызметкерлері, негізінен, орыс тілінде сөйлеуге әзір тұрады екен. Рас, арасында тұтынушылардың сөйлегеніне байланысты мемлекеттік тілде жауап беріп жатқан қызметкерлер де болды, бірақ ондайлар тым сирек. Кейбір қызметкерлер қазақ тілді тұтынушыларға мемлекеттік тілде жауап бергісі келгенімен, қазақшалары жетпей қала ма, әлде әдет болып кеткен бе, білмеймін, әйтеуір, сөздерінің соңын сиырқұйымшақтандырып, орысша аяқтап жатты.


Бұдан соң мекеме басшысына жолығып, аз уақыт ішінде көрген- білгенімізді баяндауды жөн көрдік. Өкінішке орай, сол мезетте ол кісімен кездесе алмадық. Оның орнына бізді мекеменің бас директорының орынбасары Күлпаш Шалбекова қабылдады. Келген шаруамызды айта бастағаннан-ақ ол кісінің көңіл-күйі түсіп кетті. Біз ол кісіге шағымхат мәселесімен жүргенімізді және онда жазылған мәселелерді анықтау үшін қызмет көрсету залында аз-кем аялдағанымызды, сондай-ақ ол жерде көрген-білгенімізді жеткіздік.
— Бұл мүмкін емес. Қабырғалардағы хабарландырулардың барлығы да екі тілде жазылып тұр еді ғой. Бізде құжаттар да екі тілде, мемлекеттік және ресми тілде жүргізіледі. Сенбесеңіздер, іс жүргізу қағаздарын қараңыздар. Ал қызметкерлеріміз ылғи жастар, олар екі тілде бірдей сауатты сөйлейді, — деді бізге басшылық өкілі орыс тілінде.
— Сіздер мекемеде аудармашы ұстайсыздар ма? — дедік біз ылғи орыс тілінде сөйлеп отырған қызметкерлердің қазақ тілінде құжат толтыра алатынына күмән келтіріп. Күлпаш Дүйсенқызы біздің бұл сұрақты қандай мағынада қойып отырғанымызды түсінбеді-ау деймін, «Иә, бізде арнайы аудармашылық штат бар, осы вакансияда жұмыс істеп отырған қызметкер құжаттарды аударумен айналысады», — деді ол аспай-саспай. Бұдан 4-5 жыл бұрын балаларын қазақша мектепте оқытып жүрген бір орыс азаматының «О заманда бұ заман, өз елінде жүріп, өз тілін түсінбей, аудармашы ұстаған халықты бірінші рет көріп тұрмын!» деп ішегін тартқанын көріп едім. Сонда қазақша сайрап тұрған өзге ұлт өкілінің алдында кірерге тесік таппай, қатты қысылғанмын. Сол есіме түсіп кеткені. Сонда деймін-ау, жергілікті халықтың сол бір өзге ел азаматының намысындай намысы болмағаны ма?
Қайта-қайта сағатына қарағыштап, «Селекторға асығып отырмын» деген басшылық өкілінен аты-жөнін сұрағанымызда, ол кісі өзін бізге таныстырғысы келмеді ме, әлде бізді жақтымағаны ма, «Есіктің сыртынан өзіңіз жазып алыңыз» деді…

 

Заңды бұзып жүргендерді жауапқа тартатындар жоқ па?

Бұдан соң Күлпаш Дүйсенқызының шақыртуымен келген осы мекеменің тұтынушылармен жұмыс істеу бөлімінің бастығы Әлима Асылбековамен бірге қызмет көрсету залына келдік. Қабырғадағы хабарландыру қағаздарының қазақша баламалары бар екенін жеткізген Әлима Асылбекова кеңес берушілер отыратын терезе маңайында жапсырылған орыс тіліндегі қағаздарды жұлып алып тастай бастады. Мұны ол «Бізге қатысы жоқ хабарландырулар» деп түсіндіріп, өз қызметкерлеріне «Артық қағаздарды неге алып тастамайсыңдар?!» деп жекіді. Түсінбедік, сонда өзге мекемелердің хабарлама қағаздары ««Алматыгаз» Абоненттік есептеулер орталығы» ЖШС-ның қызмет көрсету терезесінде не қып тұр?


Хабарландырулар мәселесін талқылап, бір-бірімен ресми тілде айтысып- тартысып жатқан мекеме қызметкерлерінің дауыстарынан екі кештің арасында келіп, мемлекеттік тілді түгендей қалған «бейресми қонақтарды» жақтырмай қалғандары ап-анық білініп тұрды. Және олар мұны жасырып әуреленген де жоқ, біздің қойған қосымша сұрақтарымызға дөрекі жауап беріп, жақтырмаған түрмен шығарып салды…

P.S.
Міне, өз елінде шеттетіліп, теперіш көріп жатқан қазақ тілінің қазіргі халі осындай. Тек ««Алматыгаз» Абоненттік есептеулер орталығы» ЖШС-нда ғана емес, еліміздің көптеген мекемелерінде осындай жағдай орын алған. Мұны біз өзіміз тұтынушы ретінде барғанда талай мекеме-кәсіпорындардан көріп жүрміз. Әдетте, заң бұзушыларды жергілікті билік тезге салып, жауапқа тартып жатады ғой. Ал «Қазақстан Республикасының Тiл туралы» заңын, «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңын және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» (ҚР 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңы) заңын бұзып жүрген мекеме-кәсіпорындарды тәртіпке салып, жауапқа тартатын ешкім жоқ па?
Еліміздің мекеме-кәсіпорындарында жауапты қызмет атқарып жүрген ылғи жоғары білімді қазақтың қыз-жігіттерінің өз елінің, ұлтының тілінің маңызын түсінбегені, әрине, қайран қаларлық жағдай. Олар, сірә, қаншама тыраштанса да, өзге ұлт өкілдерінің өздерін тек қана «қазақ» деп қабылдайтындарын білмейді-ау…

 

 

Қоғам қайраткерлерінің пікірлері:

 

«Сотқа берсе жеңіп шығар еді…»

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, «ҚР Азаматтық Альянсының» вице-президенті:
— Біздің елімізде Қазақстан Республикасы Тiл туралы заңының толықтай орындалмайтыны рас. Еліміздегі мекеме-кәсіпорындардың көбісінде іс-қағаздары негізінен ресми тілде, яғни орыс тілінде жазылып, сосын қазақшаға аударылады. Сөйтіп, олар құзырлы органдарға іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп жатырмыз деп есеп береді. Осындай жалған есеп берулердің нәтижесінде мекемелердегі іс қағаздарының көп пайызы мемлекеттік тілде жүргізілетін сияқты болып көрінеді. Іс жүзінде олай емес. Мына жігіттердің басынан кешіп отырған жағдайы — осы сөзіміздің нақты дәлелі. Мұндайда жігіттер аталған мекеме қызметкерлерін сотқа беруі керек еді. Сонда Қазақстан Республикасының Тiл туралы заңын бұзғаны үшін әлгі «ресми тілде сөйлегіштер» жауапқа тартылып, тұтынушылар жеңіп шығатын еді.
Елімізде Қазақстан Республикасының Тiл туралы заңынан басқа «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» деген заң да (12.01.2007 ж.) бар. Бұл заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру және қорғау мақсатында олардың өтiнiштерiн беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Осы заңның 10-бабы 1-ші тармағында былай деп жазылған: «Өтiнiштерге берiлетiн жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негiзделген және дәлелдi, мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде болуға, арыз берушiнiң қабылданған шешiмге шағым жасау құқықтарын түсiндiре отырып, оның дәлелiн жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректердi қамтуға тиiс». Яғни, жеке және заңды тұлғалар тарапынан түскен өтініштерге жауаптар мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде қайтарылуы тиіс. Осы заңмен шықса да, жігіттер жеңіске жететін еді.
Сондай-ақ, еліміздің әрбір өңірінде Тұтынушылар Одағы деген мекеме жұмыс істейді. Құқы бұзылған тұтынушының осы Одаққа барып, шағым жасауына болады. Елімізде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» (ҚР 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңы) деген де заң бар. Осы заң бойынша да тұтынушының өзін қорғауына құқы бар.
Құқы бұзылған жағдайда тұтынушылар, біріншіден, болып жатқан жағдайды ұялы телефондарына түсіріп алып, сол мекеменің басшылығына хабарлауы керек. Немесе екі адамнан кем емес куәгерлерді ілестіріп алып, мекеме басшылығына шағымхат жазуы тиіс. Екіншіден, шағымдану кезінде адамдар мәдениет сақтауы керек. Яғни, қарсысында отырған адамға айқайламай, дауыс көтермей, арыз-шағымын өте мәдениетті түрде жеткізуі тиіс. Егер ол жердегі басшы тыңдамаса, одан да жоғары тұрған басшылыққа баруы керек. Мұның бәріне асықпай жүріп қол жеткізуге болады. Ал бізде адамдар үнемі асығыс жүретін болғандықтан, бәріне қолын бір сілтеп, кете береді. Бұл жағдай құқық бұзушылықтың одан әрі өрістеуіне жол береді. Шетелдіктер біздің қазақтар секілді, құқық бұзушылыққа көзін жұма қарамайды. Олар бәрін дер кезінде байқап, тұтынушыларға қажетті нәрсенің барлығын талап етіп отырады. Біздің елдің азаматтарына да осылай істеп үйрену керек. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылық азаяды деп ойлаймын.

 

«Мен мұны қылмыс деп есептеймін!»

Оғыз ДОҒАН, Туркология ғылымдарының докторы:
— Жалпы, Қазақстанда мекеме-кәсіпорындардың тұтынушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуін мен қылмыс деп есептеймін. Өйткені, олар Қазақстан Республикасының Тiл туралы заңын көрер көзге бұзып отыр. Және орыс тілін түсінбейтін адамдарға құжатты ресми тілде беріп, тұтынушыларды үлкен шығынға батырды. Бұл — олардың екінші қылмысы. Мұндай жағдайда ең жақын жерде орналасқан мемлекеттік мекемелердің біріне барып шағымдану керек. Егер бұл жігіттердің айтып отырғандары рас болса, қызметкерлердің орыс тілінде сөйлеп, халыққа сол тілде қызмет көрсетіп жатқан сәтін аудио және бейнетаспаларға түсіріп алуы керек еді. Сөйтіп, оларды құқық қорғау органдарына шағымхатпен бірге тапсырулары керек еді. Осылай еткенде ол жігіттер мемлекеттік тілде сөйлемейтін мекемені сотта жеңіп шығатын еді. Мен, мысалы, Эйр Астана компаниясын сотта осылай жеңдім. Ал «Казкоммерцбанкі» АҚ қызметкерлері өздерінің қателіктерін түсініп, менен кешірім сұрады. Олармен соттасқан жоқпын.
Айтайын дегенім, Қазақстан Республикасы — Африканың алыс ауылы емес, бұл — өзінің дербес заңы бар тәуелсіз мемлекет. Қазақстан Республикасының Тiл туралы заңы бойынша осы елде жұмыс істеп жатқан барлық мекемелер құжаттарын мемлекеттік және ресми тілде жүргізуі керек. Барлық жазбаларда және кәсіпорын, қоғамдық орындардың атауларында мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі бірінші кезекте тұруы керек. Бұлай істемеген мекеме-кәсіпорындар заң алдында жауап берулері тиіс.

Айша ӨТЕБӘЛІ