Алашорданың батыс бөлімі толық зерттеліп болған жоқ
Өткен ғасырдың 1930-1950 жылдарында Батыс өлке бойынша саяси қуғын- сүргінге ұшыраған, жазықсыз атылған мұғалімдер туралы зерттеп, жазып жүрген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымұлы көптеген деректердің бетін ашқан ғалым. Ол осы тақырыпта жазылған ғылыми еңбектердің авторы, біраз материалдарын жинақтап бірнеше кітаптарын да шығарған.
Жақында осы зерттеуші ғалым Шахман Нағымұлының ұйымдастыруымен аталмыш оқу ордасында «Алаш қозғалысы және Тәуелсіз Қазақстан: есімдер ұмытылмайды» деген тақырыпта ғылыми семинар ұйымдастырылды. Семинар жұмысы Алаштың көрнекті қайраткері Халел Досмұхамедов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, барлық алашордашыларды, репрессияға ұшырағандарды, аштық пен азап нәубетін тартқандарды аза тұтқан тағзым етумен басталды.
Семинарға тарихшы-ғалымдар, зерттеушілер мен оқытушылар, ғылыми қызметкерлер, жазықсыз жазаланған жандардың ұрпақтары, жас ізденушілер, студенттер мен жастар, БАҚ өкілдері қатысты. Семинаршыларға кіріспе сөз арнаған аталмыш университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры С.Идрисов Алаш қозғалысы идеяларының өзектілігін айта келіп, қазіргі заманымыз үшін ұрпақтар жалғастығындағы маңыздылығына тоқталды. Семинар көтерген жүктің тәрбиелік жағын айтты.
Семинарға дайындық барысында қала жастары арасында Алаш қайраткерлері туралы сауалнама өткізілген болатын. Сол түсірілім экран арқылы көрсетілді. Семинардың күн тәртібіне орай баяндамашыларға кезек берілді. Мінберге көтерілген оқытушы-профессор, тарих ғылымдарының докторы Л.Бердіғожин «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов және қазақ зиялыларының азаттық идеялары» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы Әлихан Бөкейхановтың өз кезеңінде ашына жазған жазбаларынан деректер келтіре отырып, мазмұнды мәліметтерді жария етті. Саяси айдауға ұшыраған, әлденеше рет тұтқындалып, азап көрген көрнекті қайраткердің көзқарасы мен айтқандары қазір де өзектілігін сақтап отыр.
Саяси репрессия жылдарында қудалауға ұшыраған және ату жазасына кесіліп жазаланған атыраулық мұғалімдер жайында «Азалы ақ кітап» деген кітабын шығарған оқытушы-профессор Шахман Нағымұлы өз туындысының кейіпкерлері жайында слайд қолдана отырып әңгімелеп берді. Зерттеуші қуғын- сүргін құрбандығына ұшыраған мұғалімдер дерегін жинақтаумен өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері айналысып келеді. «1937-1938 жылдары халық жауы деп айыпталғанға дейін Алашорданың батыс бөлімінің белсенді мүшелері: Есмурзин Өмірзақ, Ибрашев Қазмұқаш, Мунянов Құсайын (Хұснатдин), Шонбасов Мұхамеджандар облыс мектептерінде еселі еңбек етті. Мысалы, Ибрашев Қазмұқаш Гурьев қаласында 1920 жылы ұйымдастырылған мұғалімдер білімін жетілдіру курстарының меңгерушісі болса, Есмурзин Өмірзақ округтік оқу бөлімінің инспекторы ретінде өлке мектептерінің жай- күйін тексеру ісіне белсене араласқан. Бұл жөнінде облыстық мұрағаттың131-ші қорының № 13-ші ісінде материалдар сақталған. Ал Мунянов Құсайын 1937 жылы Гурьев қаласында ашылған О.Исаев атындағы қазақ орта мектебінде жұмыс істеп, болашақ академик С.Зимановқа сабақ берген». Осындай деректерді өз кітабынан келтірген ғалымның айтары да мол болды.
Келесі кезекте университет оқытушысы, профессор Алдар Сарсенов ұлт- азаттық қозғалысының 100 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығының маңызына, Әлихан Бөкейхановтың қазақ мемлекеттілігін сақтап қалудағы ерен еңбегіне тоқталып, құнды мәліметтерден мысалдар келтірді.
Сонымен қатар Алашорданың Батыс бөлімі жұмысына қатысқан жергілікті мұғалімдер тағдыры туралы зерттеп жүрген университеттің тарих факультетінің 3-курс студенттері ғылыми зерттеулерінен хабарламалар жасады.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау бөлімшесінің саяси жетекшісі Ә.Төлеуішов өз пікір алмасуында былай деді:
— Алаш партиясының бағдарламасы бойынша ұлт зиялылары қазақ елін бөлінбейтін өз территориясы бар, отаршылық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Партия мүшелері қазақтың алғашқы заманауи үкіметі Алашорданы құрды. Сөйтіп, ұлттың арманы болған өзін -өзі билеу идеясын аз уақытқа болса да жүзеге асырды.
Одан әрі «Ақ жол» партиясының «Алаш» партиясының ізбасары екендігін айтқан Әбілхан Сейтімұлы жастарды жыл сайынғы партияның осы мәселе төңірегіндегі дәстүрлі республикалық байқауына қатысуға шақырды.
Семинарда саяси репрессия құрбаны болғандардың кейінгі ұрпақтары да сөз алды. Солардың бірі осы жолдардың авторы, Светлана Муньянова атасы Хұснатдин Жұбайұлы Муньяновтың 1924 жылы Орал қаласында тұңғыш ұлттық мектеп болып ашылған, бүгінгі Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11-облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің тұңғыш директоры болғанын, «Казсемилетка» аталған осы мектеп жұмысын ұйымдастырудағы ерен еңбегін, қуғынға ұшырағанын, Гурьев облысына келгенін, батыс өлке ағарту ісінің негізін қалаудағы сіңірген ағартушылық қызметін әңгімелеп берді.
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған үш тілде білім беретін №30 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Әлия Кайыржанова репрессияға ұшырап, депортацияланған этностардың бірі корей халқы өкілдері туралы ғылыми жобасын жиналғандарға ұсынды. Мектеп оқушысының ғылым жолындағы ізденісі семинарға жиналған ғалымдарды бір қуантып тастады.
Қазақ халқының тағдырына қасірет әкеліп, басын қара күн орнатқан сол жылдарды ұрпақтар ешқашан ұмытпайды. Семинар қорытындысымен зұлмат жылдардың саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арнап арнайы ескерткіш орнатуға ұсыныс қабылданды.
Светлана Муньянова