ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2700-ГЕ ЖУЫҚ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқарма басшысының орынбасары Мұхит Тұрысбеков 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы өңірімізде 2639 нысан қадағалауға алынған. Олардың қатарында бюджеттік, әлеуметтік, жеке тұрғын үй және кәсіпкерлік нысандар бар.
«Заңдарда белгіленген нормалар мен талаптарды бұза отырып салынған нысандарда анықталған кемшіліктер бойынша жалпы 430 нысан тексеріліп, заң аясында тиісті шара қолданылды. Атап айтсақ, Әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде 724, бюджеттік нысандар бойынша 162, жеке нысандар бойынша 562 хаттама толтырылған. Олардың барлығы дерлік заң аясында тиісті шаралар көріліп, сотқа жолданды», – деді Мұхит Сексенбайұлы.
Жалпы басқарма тарапынан салынған әкімшілік айыппұл соммасы – 106 млн. 695 мың теңгеге жеткен. Оның 99 млн. 167 мың теңгесі өндірілген. Өткен жылмен салыстырғанда айыппұл мөлшері біршама азайған.
Былтыр облыста заңсыз салынған 67 нысан бұзылды. Мәселен, Төлеби ауданындағы Әл-Фараби орта мектебіне оқу блогы, спорт залы, асхана, шеберхана және кітапхананың құрылыс нысаны құрылыс саласындағы талаптарды, яғни сапасыз құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізгені үшін «Югин Строй LTD» ЖШС-не 240500 теңге айыппұл салынып, өндірілді. Сондай-ақ, тиісті талаптарды сақтамаған Арыс қаласы, «Көктем-2» тұрғын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық қадағалаушы аттестаты 6 айға тоқтатылды.
Одан бөлек, Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінде екі қабатты коммуналдық тұрғын үйінің сапасыз құрылысы үшін бас мердігер мекеме «СтройЖолСервисKZ» ЖШС-не әкімшілік шара қаралып, 240 500 теңге айыппұл салынды.
Бүгінде Түркістан қаласының облыс орталығы болуына байланысты шахарда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Түркістан қаласында 43 нысан бұзылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі