ТҮРКІСТАНДА ЯСАУИ ТУРАЛЫ ТЕЛЕХИКАЯ ТҮСІРІЛЕДІ

Түркістан облысында 678 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Оның 387-сі кiтапхана, 251-і клуб, 24-і музей, 3-і кәсіби театр, 7-і саябақ, 2-і орталық, 1-і облыстық филармония, 1-і көркемсурет галереясы, 1-і «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1-і «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі. Бұл туралы басқарма басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа 2018 жылғы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беру кезінде баяндады.
«Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты 12 облыстық мәдениет және өнер мекемесі Шымкент қаласына берілді. Яғни, 5 театр, 3 кітапхана, 2 мәдени орталық, 1 музей, 1 цирк. Ал, облыстағы мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 117 млн. 741 мың теңге қаржы қаралды. Оған автокөлік, сахналық киімдер басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды», – деді басқарма басшысы.
2018 жылы аймақта отандық және әлемдік мәдениет туындыларына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 29 967 іс-шара ұйымдастырылған. Өткізілген шаралар негізінен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Астананың 20 жылдығына орай өткізілді.
Бұдан өзге, «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясы Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Ордабасы бірліктің туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдерін және «Төле би» атты 10 сериялы тарихи телехикаясын таспаланды. 
Сондай-ақ, өткен жылы түсірілген «Күш атасы − Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телехикаясы жергілікті және республикалық телеарналарынан көрсетілді. Сонымен қатар, биыл Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ахмет Ясауи» телехикаясын, «Әл-Фараби» көркем фильмін және «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіру жоспарланған.
Өткен жылы атқарылған шаруалар және жұмыс жоспарымен танысқан аймақ басшысы басқарма басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Қ.А.Ясауи кесенесінде жатқан тұлғалардың тізімі, өмірбаяны мен тарихи деректері және Түркістан қаласы туралы ақпарат жинақтап, кітап шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, әр сала бойынша Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын және Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру мақсатында мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру керектігін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі