Тағдыр тәлкегіндегі Венесуэла
Бір елде екі президент болады дегенді естулеріңіз бар ма? Бүгін Венесуэла осындай күйді бастан кешіп отыр. Бұған дейін елдің заңды президенті Николас Мадуро болса, енді оған қарсы оппозицияның жетекшісі 35 жастағы Хуан Гуаидо өзін-өзі елдің уақытша президенті ретінде жариялап жіберіп, отқа май құйғандай болды. Ресми Вашингтон болса, оны Венесуэланың мемлекет басшысы ретінде мойындап та үлгерді. Көшедегі қақтығыстардан 40 адам көз жұмды. Қазір елдегі жағдай ушығып тұр.
АҚШ кінәлі ме, әлде басқа ма?
Былтыр өткен сайлауда жеңіске жетіп, биылғы жылы 10-ы қаңтарда қызметіне ресми түрде кіріскен Николас Мадуро бұған аң-таң қалып, бәріне АҚШ-ты айыптап, ел алдында сөз сөйлеген сөзінде: «Оппозицияға қолдау білдіріп, елдің ішкі мәселесіне араласқаны үшін АҚШ-пен ат-құйрығын кесісеміз. Елді жайлаған жаппай бей-берекетсіздікке Америка айыпты. Мемлекет тұтастығына ешкімнің де қол сұғуына жол бермеймін. Осы бір тарихи күні егемендігімізді айқындау үшін мен дипломатиялық нотаға қол қойып, АҚШ елшілігінен 72 сағат ішінде елден кетуді талап етемін. Бұл нотаға мен күллі Венесуэла халқының атынан қол қоямын»,— деген ресми мәлімдеме жасады. Алайда Мадуроның бұл ұстанымын Венесуэла халқының бәрі бірдей қолдап отырған жоқ. Николас Мадуроның саяси режиміне көңілі толмаған Латын Америкасының халқы Гуаидо сынды жас саясаткерге үміт артып, оған қолдау көрсету үшін ағылып көшеге шықты. Венесуэладағы саяси өзгерісті қолдауда көрші елдер де қалыс қалмады. Колумбия, Перу, Аргентина сынды Оңтүстік Америка елдері Мадуроның биліктен кетуін қолдаса, Венесуэладағы саяси төңкерістің белең алуына АҚШ-тың қатысы бары рас. Бұған дейін Американың вице-президенті Майк Пенс Гуайдомен телефон арқылы сөйлесіп, оны Вашингтон қашан да қолдайтынын айтқан. Іле-шала Америка мемлекеттері ұйымының төрағасы Луис Альмагро да «Твиттер» арқылы уақытша президентке қолдау білдіретінін айтты. АҚШ президенті Дональд Трамп болса: «Венесуэла халқы ұзақ жылдар бойы Мадуроның режимінен зардап шекті. Бүгін мен ресми түрде Венесуэла Ұлттық ассамблеясының президенті Хуан Гуаидоны осы елдің уақытша президенті ретінде танимын. Николас билік басына сайлау бюллетеньдерін қолдан көбейтіп, алаяқтық жасаумен келді»,— деп салды.
Шын мәнінде бүгінде Венесуэлада сайлау бюллетеньмен емес, электрондық түрде өтеді. Трамп мұны білмейді емес, біледі, бірақ, ілік іздеген адамға қандай өтірікті алға тартса да бәрібір емес пе. Америка мемлекеттері ұйымының төрағасы Луис Альмагро да Трампты қолдап: «Конституцияның 233-бабына сәйкес Хуан Гуаидоны Венесуэланың уақытша президенті ретінде мойындаймыз. Оны біз қолдаймыз. Сондай-ақ халықаралық қауымдастық пен Венесуэла халқы да Гуаидоның жағында. Венесуэла мен халықаралық қауымдастық Мадуроның билікте қалғанына қаламайды. Сондықтан Николас Мадуроға қарсыласудың еш мәнісі қалған жоқ. Біз Николас Мадуро билікті бейбіт түрде тапсырып кетеді деген үміттеміз. Себебі бұл халықтың қалауы. Олар жаңа президент Хуан Гуайдоның жетекшілігімен келешекке бет алуы тиіс»,— деп шықты. Бірақ АҚШ-тың бұған дейін де Ауғанстанға, Ирак пен Ливияға, бертінде Сирияға демократия орнатамыз деп барып, аталған елдерді қанға бөктіріп, артынан елдеріне тайып тұрғанын басқа елдер көріп, біліп отырса да, америкалықтар бұл жайлы жақ ашпайды. Сондықтан АҚШ билігіндегілердің ұсынысын Мадуроның қабылдай қоюы екіталай. Онсыз да интервенция жасап, елге бүлік салғанына наразылардың саны аз емес. Олардың арасында Мадуроның елдегі жақтастары мен әлемнің бірқатар көшбасшылары да бар. Мәселен, Ресей мен Түркия, Венесуэланың бас инвесторы Қытай Николас Мадуроға қолдау көрсетсе, Боливия мен Куба президенттері де Мадуроны жақтайтындықтарын ашық айтты. Еуроодақ пен бірқатар оған кіретін мемлекеттер Венесуэладағы жағдайды соңына дейін бақыламақ болып шешті.
Америкалық сарапшылар: «Латынаме-рикалық мемлекетте саяси өзгерістер болатыны анық. Тіпті төңкеріс болып, саяси режим алмасқан күннің өзінде қоғам тыныштығы бірден орнай қоймайды. Керісінше, оның арты зорлық-зомбылыққа ұштасып, одан әрі ушығуы мүмкін. Бұл жағдай 2014 жылғы Украинаның жағдайына ұқсайды»,— десе, орыс сарапшысы Александр Асафов: «Демократиялық оппозиция билік басына келсе, онда ол ең алдымен Құрама Штаттармен жаңа қарым-қатынас орнатуға ұмтылады, яғни америкалық компанияларға көміртегі кеніштеріне жол ашып, бұрын оларға қарсы болған саясаткерлерден өшін алуға тырысады. Осылайша, биылғы жыл Венесуэла тарихында төңкеріс жылы ретінде қалатыны анық. Ал елдегі жағдайдың қалай өрбитіні алдағы уақыттың еншісіне қалады»,— деген болжам жасайды.
Хуан Гуаидо да қашты, ал халық ше?
Күні кеше ғана өзін-өзі елдің уақытша Президенті деп жариялаған Хуан Гуаидо телеарна арқылы берген сұхбатында: «Николас Мадуро елде демократия орнатуға жол беріп, биліктен бас тартса, оған амнистия жарияланады»,— деп сендірді. Өзін Президент деп жариялап, көпшіліктің алдына шыққан Гуаидо сол жиыннан кейін бойын тасалап, жұрт көзіне түспей жүр деседі. Қазір оның нақты қайда екенін ешкім білмейтін болып шықты. Сірә, Гуаидо өзінің қауіпсіздігін алдын ала ойластырған сыңайлы. Қазір Венесуэланың экономикалық жағдайы онсыз да тұралап тұр. Сарапшылар пікірінше, саяси теке-тіресте кімнің жеңіп, кімнің жеңіліс табатынына байланысты елдің сыртқы байланысы мен экономикалық даму бағыты солай қарай бейімделеді. Венесуэладағы үкіметке қарсы өтіп жатқан жаппай наразылық әрі қарай жалғасып, Мадуроның саяси режиміне көңілі толмайтын 500-ге тарта адам тұтқынға алынды. Бейберекетсіздік салдарынан онсыз да тұралап қалған инфрақұрылымға нұқсан келді. Экономикалық жағдайы шатқаяқтап, халықтың әл-ауқаты нашарлаған тұста Николас Мадуро дағдарыстан шығар жолды табуға уәде берген еді. Алайда сеніміне селкеу түскен халық бұдан арыға шыдамайтынын аңғартты. Наразы жұрт: «Бұл күрес ұзаққа созылады. Бізді үкімет бұған дейін талай басып келді. Алайда елде өзгеріс орнамайынша, біз көшеге шығып, наразылығымызды білдіруден шаршамаймыз. Әрине, халықтың үкіметке, ал үкіметтің халыққа ызалы екенін түсінеміз. Қорқыныш та жоқ емес, оның үстіне халықаралық қысым бар»,— деген уәжді алға тартады. Саяси билік үшін таласта қарапайым халықтың зардап шегетіні белгілі ғой. Өзін-өзі Президент деп жариялаған Хуан Гуаидоның Мадуроны тақтан ығыстыратын ешбір тетігі жоқ. Әскер Мадуроға бағынады. Саясаттанушылардың пікірінше, Гуаидоның азаматтық соғысты тұтатудан өзге амалы жоқ. Іс бұдан әрі насырға шапса, Венесуэланың жағдайы тіпті нашарлайды. Латын Америкасы бойынша сарапшы, Whitecap» консалтингтік компанияның басқарушы директоры Фернандо Капабланка: «Қос бірдей Президенті бар Венесуэланың жағдайы қазір мүшкіл. Мәселе жуық арада шешіледі деп ойлаймын. Себебі екі Мемлекет басшысы бар халық мұндай түрімен ұзаққа бармайды. Венесуэладағы саяси оқиғаның өрбуі бірнеше факторға байланысты. АҚШ дипломаттарының Венесуэладан кетуден бас тартуы, Мадуроның армия қолдауынан айырылуы не болмаса оның билікте қалуы, осының бәрі түрлі нәтижеге алып келетіні анық. Мәселен, Мадуро билігін сақтап қалса, АҚШ Венесуэлаға қарсы мұнай санкцияларын салуы мүмкін. Соңғы сценарий елге соққы болып тимек. Мәселен, RBC Capital Markets 2019 жылы Венесуэланың мұнай өндірісі күніне 300,000 баррельден 500,000 баррельге дейінгі күрт төмендейді деген болжам жасап отыр. Егер Трамп әкімшілігі энергетикалық санкциялар салатын болса, онда бұл көрсеткіштердің мыңдаған баррельге дейін жетуі ғажап емес. Венесуэлаға қарсы санкция әлемдегі мұнай нарығына да кесірін тигізіп, бұл ОПЕК пен АҚШ-тың арақатынасын суытып жібереді. Венесуэладағы саяси дағдарыс ресейлік «Роснефть» компаниясына да теріс әсерін тигізеді. Себебі аталған компанияның Венесуэламен бес бірдей мұнай жобасы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысындағы Ресейдің үлесі 40 пайызға дейін жетеді. Елдің билігіне талас «Ростнефть» акцияларының өсімін осыдан бір ай бұрынғы деңгейге түсірді. Венесуэлада билік алмасса, Каракас пен Мәскеу арасындағы «Роснефть» пен PDVSA келісімшарттары қайта қаралады. Сонда «Роснефть» 3 миллиард доллар көлемінде төленуі тиіс қарызын қайтарып ала алмауы ықтимал. Сондықтан Ресей тарабы Венесуэладағы жағдайдың тездетіп тұрақтанғанын қалайды. Мәскеуге билікте АҚШ қолдайтын Хуан Гуаидо емес, Мадуроның қалғаны тиімді. Сондықтан Кремль Венесуэланың ішкі мәселесіне араласқан АҚШ-тың құйтырқы әрекетін ашық түрде айыптайды»,— десе, Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі ресми мәлімдемесінде Американың үкіметтік «Шатдаунға» қатысты шаруасын тындырмай тұрып, сырттағы Венесуэла мен Сирияның ішкі мәселесіне араласуын құп көрмейтінін жеткізді. Венесуэладағы саяси дағдарысты еңсеру үшін Николас Мадуро жақтастарымен кездесіп, диалог құруға әзірленіп жатқан көрінеді. Алдымен ол Мексика мен Уругвай Президенттерімен кездеседі деседі. Осылайша, Мадуро 2013 жылдан бері тығыз қарым-қатынас орнатқан көрші елдердің қолдауына сенім артатын сыңайлы. Ал Венесуэладағы саяси шиеленіс әлем елдерін екіге қақ жарып, біреулері Мадуро билігін, екіншілері Гуаидоны жақтап жатыр. Қалай десек те, Венсуэланың тағдыры қыл үстінде тұрғаны хақ. Ондағы саяси ахуал қалай шешілері алдағы уақыттың еншісінде. Ендеше, әліптің артын бағалық…
Бет қатталып жатқанда:
Венесуэланың Жоғарғы соты елдің бас прокуроры Тарек Саабаның талабына сәйкес, өзін-өзі президент деп жариялаған Хуан Гуаидоға елден сыртқа шығуға тыйым салып, оның елдегі банктердегі барлық есеп-шоттарын бұғаттап тастады. Бас прокуратура Гуаидоның үкіметке қарсы іс-әрекеттерін тексеруге кірісті. Сыртқа шығармау мен есеп-шоттарды бұғаттау мерзімі тергеу аяқталғанша созылады. Бұл шара АҚШ билігінің 29-ы қаңтар күні Венесуэланың Нью-Йорктегі Федералдық резервтік банкте сақталып жатқан есеп-шотындағы қаржыны тәркілеп, Гуаидоға Венесуэла үкіметінің есеп-шотындағы қаржыны пайдалануына құқық беруіне қарымта ретінде іске асырылуда.
Дайындаған — Ермек Сахариев