Қытайлар «ұмытпаған» қырғыз жері

Қытайдың Орталық Азия аймағындағы көршілерінің бірі — Қырғыз Республикасы. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жерде, ҚХР басшылығы жаңадан бөлініп шыққан республикалармен тең дәрежедегі дипломатиялық қатынастар орнатуды бастаған болатын. Орталық Азия-Қытай елі үшін аса маңызды аймақтардың бірі саналады. Кеңес одағы құлап, социалистік лагерьдің бір қанаты қырқылып түскен алмағайып кезеңде Қытай үшін көршілерге көз алартқаннан гөрі, «Үлкен ағасының сәтсіз соқпағынан бұрылып», жаңаша даму бағытын таңдау тағдыр шешті мәселелердің біріне айналып шыға келді. Бұған қоса, ТМД- елдерінің өзара ынтымақтастық шарты да Қытай үшін маңызды ұйым болатын. Екіншіден, сол тұстағы Қытайдың жалпы әлеуеті де, үлкен тәуекелдерді көтере алмайтын еді.

 

Сөйтіп, БҰҰ-ға мүше өзге мемлекеттер секілді жаңа республикалардың тәуелсіздігін Қытай елі де толықтай мойындайтындығын жариялады. Сол тұстағы БАҚ беттерінде, «шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, босқындардың Қытай шекарасына кіруін тосу, былықпалыққа жол бермеу» секілді сақтық шаралары баса дәріптеліп жатты. Бұдан кейінгі жердегі ең маңызды мәселе шекара сызығын айқындап алу еді. Қытайлар өздерімен шекараласатын Ресей федерациясы, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерімен келіссөз үстеліне отыруға дайындала бастады. 1992 жылдың қазан айында төрт елдің делегаттары Бейжіңде бас қосып бұл тақырыпты ортақ талқыға салды. Сонан екі ай өткенде, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің басшылары ілгерінді-кейінді болып Қытайға сапарлап барды. Әрине мұндағы маңызды мәселе шекара туралы келіссөздерді ілгерілету үшін аса қажет еді. Олар бастапқы қадамда халықаралық заңдардың тармақтарын басшылыққа ала отырып, бұрынғы мойындалған Кеңес-Қытай шекарасын сол күйінде қалдыру туралы ымыраға келді. Осы уағдаластықтардан кейін Қытайдың шекараға жақын орналасқан Ланжоу-Шыңжаң әскери округінің мамандары шекараны қайтадан картаға түсіріп, оны БҰҰ-ның қарауына жөнелтті. 1993 жылдың қыркүйегінде шекара сызығын айқындау мәселесі түгелімен аяқталды.
Осыдан кейін бірнеше жылдың ішінде 17-18 рет өткен келіссөздердің нәтижесінде Қытай елі Орталық Азия аймағында, қазақтардан кейін екінші болып, қырғыздармен шекара мәселесіне нүкте қойды. 1999 жылы тамыз айында ҚХР басшысы Жияң Зымин (Цзян Цзэми́нь) Қырғызстанға ресми сапармен келді. Осы рет екі ел басшылары шекара мәселесіндегі келіссөздерді аяқтап, 1000 шақырымға созылатын шекара туралы соңғы құжаттарға қол қойысты. Қытай баспасөзі бұл жөнінде, «Қырғызстанмен арадағы шекара мәселесін шешуде ҚХР кеңпейілділік таныта білді. Халықаралық заң талаптарына құрмет етті. Көршілермен тату-тәтті болған бабалардың ғасырлық дәстүрін сақтай отырып, шекара мәселесін сәтті шешуге күш салды», — деп жазды. Әрине, соңғы келісімдер қырғыздардың да көңілінен шыққан болуы керек. Кейінгі жылдары орын алған «Түрлі-түсті төңкерістерден» кейін билік басына келген басшылар да жоғарыдағы келісімдерді құрмет ететіндіктерін айтыпты.
Күнделікті өмірде қытай тілді баспасөз беттерінде қырғыз тақырыбы аса көп талқыға түсе бермейді. Дейтұрғанмен, ресми тарих баяндалатын кітаптар мен беделді басылымдарда және танымал сайттарда, «қазіргі қырғыз жері, XIX ғасырдың ортасына дейінгі ұзақ тарих бойында, Қытайға тәуелді жерлер болатын» деген сөздерді ешқашан ұмыт қалдырған жоқ. «Эрамыздан бұрынғы III ғасырда Қытай жерінде билік құрған Батыс Хань патшалығы кезінде, қазіргі Қырғыз Республикасының аумағы түгелімен Қытайға қарасты болатын. Жаңа эрадан бұрынғы 59 жылы Ғұндардың ішкі алауыздығы себебінен, олардың батыс өңірдегі ықпалы әлсіреп, бұл өңірлер түгелдей Қытай патшаларының құзырына бағынды. Оларды «Батыс өңірді басқару әкімшілігі» біртұтас басқарып тұрды. Таң династиясы кезінде, шамамен 640 жылы қазіргі Тоқмақ өңірінен бастап Қытай қарастылығында болды. 657 жылы Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін олардың иелігіндегі жерлер түгелімен Қытайға тәуелді аймақтарға айналды. 661-663 жылдары Таң әскерлері Батыс Түркілерді түгелдей бағындырды. Қазіргі Алтай тауының батысынан Арал теңізіне дейін Әмудариясының екі жағындағы қалалар, соның ішіндегі қазіргі Қырғыз Республикасының аумағы тұтасымен Қытайларға тәуелді аймақтарға айналды. 670 жылы «Анши басқару мекемесі» Сұяб қаласына көшірілді. Таң империясының орта мезгілінде Орталық Азиядағы Қазақстанның шығыс бөлігі, Тәжікстанның негізгі территориясы мен Қырғыз Республикасына қарасты жерлер, сонымен қоса, Ауғанстан мен Иранның бір бөлім аумағы Қытай патшаларына бағынышты болатын.
Кейінгі замандарда да қырғыз жері Қытай билеушілерінің иелігінде болды. Юань патшалығы кезінде Шағатай хандығына қарасты еді. Қазіргі қырғыз ұлты XV ғасырдың соңғы жартысында қалыптасты. Олар XVI ғасырда көршілес елдердің күшті қысымына шыдай алмай, Енисей өзенінің жоғарғы ағарынан ауып, қазіргі қырғыз жеріне келіп орнықты. Цин империясы кезінде тағы да қытай қарауында болды.
1864 жылы 7 қазанда Патшалық Ресейдің қысымы астында Цин империясы «Қытай, Россия солтүстік-батыс шекараны айырып белгілеу шартына» сай 440 мың шаршы шақырымдық территория Патшалық Ресейдің уысында кетті. Соның ішінде қазіргі Қырғыз Республикасы аумағы да бар еді», — деп жазады қытай баспасөзі.
Қытай тарихшыларының «өздерінде сақталған жазба деректерге сүйене отырып» дәлелдейтін мұндай тарихи деректері көрші мемлекеттердің қитығына тиетіні даусыз еді. Олардың көзқарасы бойынша, «Еуразия даласындағы ұлан-байтақ аймақтар тарихта Қытайға бағынышты өлкелер екен». Осы тұста қазіргі Түркі тілдес ұлттардың арғы бабасы болып есептелетін Еділ патша еске түседі. Еуропа жерін жаулап алған ол қазіргі Римді де өзіне бағындарғандығын тарихшылар бірауыздан мойындайды ғой. Ал қазіргі таңда бізден шыққан ғалымдардың біреуі де, «тарихта Рим біздің боданымыз болған, сондықтан ол өлкелер негізінен біздікі болуы тиіс еді», — деп жазған емес.
Мұндай «тарихи деректерді» жұрт назарына ұсынудан жалықпайтын қытайлардың нені көздейтіндігі белгілі болса керек. Ресми баспасөз, «Қытай, Қырғыз шекара мәселесі толығымен шешім тапты, тең құқықты көршілес елміз», — дегенді басты орында дәріптеп отырса да, жоғарыда сөз етілген «деректерді», тағы бір шеттен «жылтыңдатып» отыруын қояр емес. Соңғы кездері мұндай «тарихи деректерді», коммерциялық бағыттағы «жеңіл-желпі» сайттар ауыздарынан тастамайтын болды. Тіпті кейбіреулері, жоғарыда келтірілген «деректерді» жаза келіп, «экономикасы дағдарыстан арыла алмай келе жатқан Қырғыз елінде орын алған бірнеше реткі төңкеріс халықты әбден шаршатқандай. Қазіргі таңда халықтың тұрмысы төмен деңгейде. Қоғамы орнықсыз. Көше толы сұлулары қытай жігіттеріне тұрмысқа шығуды теріс көрмейді. Олардың түр-тұлғасы қытайларға қатты ұқсайды», — деп «сілтеп» жататыны бар. Бұл сайттардың сипаты, арзанқол басылымдардың қатарында тұрғанымен, оқырмандарының қаншалық көп екенін, әрі халықтың басым бөлігіне идеологиялық ықпал ететінін естен шығармаған жөн. Олар бүгін Қырғыз елін сөз етсе, ертең Қазақстанды, бүрсігүні Ресейдегі «бай таппай отырған кәрі қыздар» тақырыбын қозғаудан жалыққан емес. Сөйте отырып, қазіргі таңдағы Қытай қоғамында орын алған ер-әйел санының алшақтығы себебінен қатынсыз қалып отырған, 30 миллион бойдақ жігітке жөн сілтейтіні тағы бар.

Бүгінгі таңда, «Қытай қаупі» деген саяси термин ресми түрде қалыптасып болды. Қытаймен көрші отырған елдерді қойып, алыста жатқан Америка құрлығындағы елдердің өзі Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына күдікпен қарап отырғандығы мәлім. Мұнымен салыстырған, ҚХР-мен жанасып жатқан әрі тығыз байланыста отырған Орталық Азия елдерінің тағдыры адамды ойландырмай қалмаса керек.

 

Ерқазы Сейтқали