Өмірде көп, жауабы жоқ көңілдің сұрақтары
Өмір мен өнерде қаншама қыруар еңбек етсе де ол қызметі еленбей жүрген қарапайым жандар көп. Солардың бірі — Салима Мешітбайқызы. Бүгін жетпіске келіп отырған ол кісінің еңбегін, өнерін там тұмдап көрсетуге тырыстық. Салиманы «сегіз қырлы, бір сырлы» деп әспеттесек артық кеткендік емес деп ойлаймыз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей «мен, мен» деп ешқашан тасынбайтын Сәкеңе Аллам шынында да сан қырлы талантты сыйлаған. Сазгер, ақын, ең бастысы қоғам қайраткері. Салиманың «Жас қанат» конкурсында бас жүлде алған «Ықылас сазы» әніне қазақтың Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Нұрлан Оразалин, Ақселеу Сейдімбек сынды дүлдүлдері риза болып, баталарын берген. Өмірдерегінен қараған боларсыздар Сәкең үлкен қызметтерде болып, кезінде депутат та болған. Жалпы біздің кемшілігіміз осындай талантты қарапайым жандарды бағалай білмегендігіміз.
Сонымен бүгін әріптесіміз Сәлима Мешітбайқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, ол кісінің отбасына, өзіне бар жақсылықты тілейміз. Сәке, қазір нағыз кемел шағындасыз. Шабыт тұлпарыңызды тағы да қамшылай түсіп, өнерде де, өмірде де биіктен көріне беріңіз. Әмин!
Өмірдерек сыр шертеді
Салима Мешітбайқызы 1949 жылы 10 ақпанда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Шу ауданы Новотороицкое (Төле би) селосындағы қазақ орта мектебін, 1972 жылы Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институты жаратылыстану география факультетінің география және биология мамандығын алып шықты. Мойынқұм ауданы орталығындағы орта мектепте пән мұғалімі, аудандық тарихи өлкетану музейінде ғылыми қызметкер, аудандық мәдениет бөлімінде аға инспектор, аудандық атқару комитетінде жасы толмаған балалардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы, КСРО және Қазақ ССР-і халық депутаттарының көмекшісі, аудандық жергілікті теледидарда бас редактор, тележүргізуші қызметтерін атқарды.
1995 жылы Қарағанды облысы Приозерск қаласына қоныс аударды. Приозерск қаласы теледидарында балалар редакциясының редакторы және тележүргізуші, Приозерск қаласының әкім аппаратында бас маман, қалалық мәслихатта бас маман, қалалық мәслихаттың (екі шақырылымна) депутаты, тексеру комиссиясының төрайымы қызметін атқарып, зейнетке шықты.
Композитор Салимаға өнер әжесінен дарыған
Бала кезінен өнерге жақын Салиманың бойындағы өнер — әжесі Сарыарқа өңірінің тумасы Ақбала әжеден дарыған деседі. Кезінде Ақбала әженің ақын-домбырашылығы Сарыарқа–Мойынқұм өңіріне кеңінен танымал болған деседі. Салима: «әкем кей кездерде көзін жұмып алып (солақай еді) апамның күйі деп әдемі шертпе күй тартатын», — деп есіне алады. Ағасы Данық та гармонь мен баянды шебер меңгерген өнерлі жан еді.
Мектептегі рухани ұстазы Әбдімомын Желдібаев Салиманың домбыраны меңгеруіне, жалпы өнерге деген ынтасына үлкен ықпал жасаған жан.
1967-1971 ж.ж. Қазақтың қыздар педагогикалық институтындағы «Ай-гүл» вокалды – инструменталды ансамблінде биші – солист, институттың ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашы ретінде ортасына танымал болды. Ансамбльдің балетмейстрі Қазақтың опера және балет театрының бас хореографы Дәурен Әбіровтен би өнерінің қыры мен сырын үйренгенін мақтан етеді.
Институтты тәмамдап елге келіп еңбекке араласа бастағанда аудандағы «Мойынқұм» ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі ретінде көптеген конкурстар мен жарыстарда ансамбльдің мерейі үстем болуына еңбектенді. Бишілердің төрт буынын тәрбиелеп шығарды. Салима сахнаға дайындап шығарған «Қос алқа» вокалды-хореографиялық сюитасы, «Өрнек», «Қимаймын» т.б. билері облыс, Республикалық деңгейдегі конкурстарда жүлдегер болса, «Ата толғауы» биі осы бидің авторы танымал хореограф Райбаевтан жоғары бағаға ие болды.
Мойынқұм ұлт-аспаптар оркестрінде прима, шертер аспаптарында ойнады.
Аудан, облыс және Республика деңгейлерінде өткен көптеген мәдени іс-шаралардың, театрландырылған және сахналық қойылымдардың сценарийлерінің, бірнеше әндердің авторы және қоюшысы.
Салима Мешітбайқызының 1998 жылғы Республикалық «Жас қанат» конкурсында орындалған «Ықылас сазы» әні («Қара қобыз» деген атпен шықты) бас жүлдеге ие болды.
«ЖАУАБЫ ЖОҚ КӨҢІЛДІҢ СҰРАҚТАРЫ» атты өлеңдер топтамасы кезінде облыстың газеттерінде жарияланған. Айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаеваның алғашқы рухани ұстазы, жетекшісі.
Жүректің қылын шерткен қылқобыз
Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында көптеген мәдени іс-шараларды барлық мекемелердің қатысуымен өткізу туралы тапсырма келді. Мен ол кезде жергілікті теледидарда едім. Аудан орталығындағы банк қызметкерлері ұжы-мы көмек көрсетуімді сұранды. Ең қызығы өмі-рінде ешқашан сахнаға шықпаған ұжыммен жа-саған еңбегім ақталып «Армандастар» атты сахналық қойылым Республикалық конкурста жүлделі екінші орынды иеленді! Осындай ұсыныс аудандық емхана қызметкер-лерінен түсіп, емхана дәрігерлерінің шеберліктері нәтижесінде «Сырластар» атты сахналық қойылымы да көрермен көзайымына айналды.
Ықылас Дүкенұлының Сарысуда ЮНЕСКО аясында өткен 150 жылдық мерейтойға Салиманың Тынышбай Рахымның «Ықылас сазы» өлеңіне жазған әні туралы журналист Құттымбет Райымбектегінің «Жү-ректің қылын шерткен қылқобыз» атты мақаласынан:
Ықылас бабаның дүниеге келген жері Сарысу жайлауында сары даланы сазға бөлеген Салиманың «Ықылас сазы» әні тойдың мерейін арттыра түскендей. Мерейтойға келген құрметті қонақтар Қазақстан Республикасының мемлекеттік Кеңесшісі, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев бастаған, «Қазақстан мемлекеттік телерадио» компаниясының төрағасы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза, Қазақстанның Ирандағы елшісі Мырзатай Жолдасбеков, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы Нұрлан Оразалин, ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбек, Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың, осы өлеңнің сөзін жазған ақын Тынышбай Рахым, т.б. сыйлы қонақтарды Мойынқұм ауданы тіккен еңселі киізүйге шақыра келген облыс әкімі Өмірбек Байгелді «Ықылас сазы» әнін қонақтар назарына ұсынды. Әннің авторы Салима Мешітбайқызы сазсырнай аспабында, қылқобызда музыка мектебінің мұғалімі Гүлнар және әнші Асылхан Шүңіреков әнді тамаша сезімде орындап шықты. Қонақтардан әнді қайталап орындауға ұсыныс түсіп, әуелей шырқалған ән тыңдарманның жүрегіне жол тартты! «Жүректің қылын шерткен қылқобыздың» үнін жеткізе білген ән тыңдарман жайсаңдарымыздың жоғары бағасына ие болды.
Ризашылық сезімде алғаш сөз алған Әбіш Кекілбай: «осы той болады дегенде арнау өлеңдер көптеп жазылады, дегенмен, той өте ол өлеңдер ұмыт болып қала береді. Ықылас бабамызды мәңгі есте қаларлықтай ән осы тойда шырқалар ма екен деген сұрақ көңілімде тұрған еді. Мынау «Ықылас сазы» әнінің сазы мені ерекше күйге бөледі! Сазды әуен, ұлттық мәнері бар ән еш өшпек емес, бұл ән ғасырларға кететініне сенімдімін!» — деп ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Шер-аға алдағы уақытта өтетін жоспардағы «Кеш жарық» бағдарламасында әннің орындалуына арнайы шақырды.
- Жалғыз ұлы Өмірханнан қалған жалғыз тұяқ Абылайханымен
«Қайда асығып барасың, минуттарым?»
* Осы жақын арада елге танымал, тұрақты оқырманы бар халықаралық газеттің ұжымынан маған Астана қаласы бойынша үйлестіруші болыңыз деген ұсыныс түсті. Аз күнде жұмысты бастап кеттім. Бірнеше жерде болып мектеп, кітапхана, арнайы орта білім ошақтарымен бірнеше кездесулер өткіздім. Көпшіліктің ортасында жүріп, қоғамның тынысымен бірге демалып, шамаң келсе тигізер пайдаңның болғаны абзал.
— Өнерге деген қызығушылыққа себепкер болған бауырым Данық болды. Әжемді көрген жоқпын, әкеміздің айтуымен ғана білемін. Үлкеніміз Лиза: «сен бала кезіңде шыбынның ызыңына билейтінсің. Келген қонақтарға киімперденің артынан шығып өзің хабарлап, өзің ән салатынсың, — дейтін. Ауылға келген өнер адамдары, ақын-жазушылар біздің үйге тоқтайтын (ол кезде қонақүй деген болмаған).
Мұқағали, Фариза, Тұманбай, Жүсіп Қыдыров, Расул Ғамзатовтардың шығармаларын жастанып оқитын кездер болды. Алған әсерлерден болар, 27-30 жастың арасында аздап өлең жаза бастадым.
Өкініш, реніш, қуаныш үйіп бәрін,
Қайда асығып барасың минуттарым?
Сағыныш саз жырым бар жүрегімде,
Қалай тастап барасың қиып бәрін?
Асықпашы, айтылар бар сыр талай,
Терезеден көрінер жылтырап Ай.
Таң да атып қалды міне қасақана,
Қоя тұршы, қу сағат сыртылдамай!
***
… Мен әзірге бәріңнен жырақтамын,
Еш дүниемен үндеспес құлақтағы үн.
Кейде талып жетеді, кейде анық,
Жауабы жоқ көңілдің сұрақтары…
«Бұл Алланың берген
сыйы мен бақыты»
— Сұрақтар көбейіп, жауаптар азайып бара жатыр… Жас келе айтар сөзге, ой-толғауға деген жауапкершіліктің артқанынан болар…
* Жазайын деп жазбайсың, кейде көрген, білгендерің ішкі дүниеңе еніп алып сыртқа шықпайынша маза бермейді… Шығармашылық дейміз бе, не дейміз, жауап таппадым. Әліме қарамай қалам аламын қолыма.
* Ән қалай туды дейсіз ғой?
Менің көкірегімде үнемі көптеген аспаптардың үндері қосылып саз ойнап тұратын. Әттең нотаны тиісті дәрежеде меңгермегенмін, осы уақытқа дейін небір дүние шығатын ба еді… (жақсылап тұрып күліп алды)
* Журналистикаға деген талпыныс кезінде аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып жүруді күн тәртібіме енгізген едім.
* Мені үйдегілер бала кезімде «пірадар» дейтін. Үлкен кісілер келгенде әңгімелерін қызыға тыңдайтынмын. Әңгімелері ертегі сияқты болушы еді.
Алла екі перзент берді, бір ұл, бір қыз. Ұлым Өмірхан бала кезінен өнерге жақын болды. Табиғатында мейірімді, жаны нәзік еді. Оның бала кездегі аты «Сұңқар». Ол кішкентайынан құс асырап, өскенде құс баптаушы боламын дейтін. Домбыра, пианино, баян аспаптарын жақсы меңгерді. «Биназар баба» атты күй, «Мойынқұм» атты ән де жазды. Құқық қорғау саласында қызмет атқарып қызмет барысында отыз бес жасқа қарағанда жол апатынан қаза болды. Менің ешқашан жазылмайтын жанымның жарасы болып өмірімнің аяғына дейін жететін ауыр қаза болды. Аллаға шүкір, артында Абылайхан атты ұл қалды. Абылайханым Алматыда С. Демель атындағы ЖО орнының екінші курс студенті
Қызым білім беру саласында қызмет атқарады. Бір қызы, бір ұлы бар.
Қызметке кеткен 39 жылдың бес жылы орта мектепте пән мұғалімі болумен өтсе, қалған 35 жыл уақытым мемлекеттік қызметке арналыпты.
Қазіргі нарық заманының талабы солай ма, кезіндегі біз атқарған «қоғамдық жұмыстар» бар болса да өте аз. Бұл жағына келгенде біздің буын тегін, ақысыз жұмыстарды ешқашан бөле жармаушы еді. Қай салада жүрсем де менің тікелей қызметтік міндеттеріме кірмесе де ауданның толып жатқан мәдени – көпшілік жұмыстарын өткізу, ұйымдастыру маған жүктелетін. Қарап отырсам алынған асулар баршылық екен. Ел игілігіне жараған оймақтай үлесім болса мен үшін сол награда, сол марапат!
Менен «осынша жыл еңбегіңізде қандай наградаларыңыз бар» деген сұрақтарға айтарым: қағаздан үй соғатындай баршылық, темір тақпадым. Бұйырғаны болар…
Мұсылман үшін ең абзалы Алланың алдындағы дәрежең деп түсінемін.
Аллаға сансыз шүкірлер болсын!
Өмірдегі Алланың маған берген үлкен сыйлығы — НАМАЗ. Аллаға жасаған құлшылығымда сұрағаныма бұйырғаны — ҚАЖЫЛЫҚ! Алғашқы қажылық 2012 жылы өзімнің парызымды, ал өткен жылғы қажылықты Анамыз үшін өтеп қайттым.
Саналы, салиқалы, иманы берік ұрпақ — Алланың берген сыйы, бақыты деп түсінемін!
Ертай Айғалиұлы