ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН МЕМОРАНДУМ ТҮЗДІ

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев Өзбекстанның ірі медициналық мекемелерінің директорларымен меморандумға қол қойды. Басқарма басшысы көршілес мемлекетке жасаған жұмыс сапары барысында Ташкент қаласының Эндокринология республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығының директоры, профессор Анвар Әлімовпен және Республикалық мамандандырылған педиатрия ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының директоры Дилором Ахмедовамен кездесті.
Екіжақты меморандум аясында қос елдегі медициналық мекемелерді жаңғырту, телемедицина саласындағы ынтымақтастық бойынша жобаларды жүзеге асыру, бірлескен ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру мәселелері келісілді. Сондай-ақ, аталған құжат көлемінде өзара кәсіби біліктілігін арттырып, ақпаратпен және тәжірибемен алмасады. Жаңа технологиялар мен жаңа медициналық жабдықтарды әзірлеу саласында да өзара біліктілігін жетілдіреді деп күтілуде.
Өзбекстандағы Эндокринология республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығы — бұл аталған елдің ең үздік медициналық мекемелерінің бірі. Бұл орталық ағайынды көршілес мемлекетте қазіргі заманғы емдеу-диагностикалық, ғылыми-зерттеу және эндокринологиялық бейіндегі педагогикалық кешен болып есептеледі. Эндокринология орталығының басым міндеттерінің бірі — йод тапшылығы жағдайын жою, қант диабетін диагностикалау мен емдеуге заманауи көзқарас, қалқанша безінің патологиясын емдеу жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде қалқанша безінің сараланған обырының түрлі түрлерін қоса алғанда, жедел құралдар мен нуклеарлық медицина әдістерін қамтиды. Бұдан басқа, негізгі міндеттердің бірі гипофиз аденінің және бүйрек үсті безінің ауруларының түрлі формаларының тіркелімін құру, нейроэндокринді науқастарды емдеудің халықаралық стандарттарын енгізу, гипофиз аденімен түрлі оперативтік емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізу болып табылады.
Өзбекстан Республикалық мамандандырылған Педиатрия ғылыми-практикалық медициналық орталығының директоры Диллор Ахмедова — 300-ден астам ғылыми басылымның авторы, дәрігер-педиатр, ғалым, Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау және халықтық білім беру ісінің үздігі. Орталық балаларға мамандандырылған көмек көрсету, педиатрия саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, 13 өңірлік көп бейінді балалар медициналық орталықтарының қызметін үйлестіру және мониторингілеу, ел өңірлерінде шефтік және консультациялық көмек көрсету жолымен оны көрсетудің барлық деңгейлерінде балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша ұйымдастыру-әдістемелік бағыттарында жұмыс атқарады. Онда клиниканың жаңа бөлімшелері ашылған, атап айтқанда, нәрестелердің патологиясы, кардиоревматология, нефрология, неврология, балалар хирургиясы, туа біткен және жүре пайда болған ЛОР аурулары.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі