Күтушілер күң емес…

«Сиделка», «Няня», «Домработница» дегендер қазіргі уақытта ең табысты және қолжетімді қызмет түрі болып тұр.  «Сиделканың» — науқас адамды күтіп-бағушы, «Нянканың» — бала күтуші, «Домработницаның» — үй қызметшісі, яғни біреудің үйін жинастырушы екенін бәріміз білеміз.

Мұндай қызмет түрлері бұрын Кеңес дәуірінде қазіргідей кең таралмаған болатын. Ол кезеңде де кейбір басшылық қызметте болған адамдардың үйін тазалап, тамағын пісіріп беріп  жүретін адамдар болды, әрине. Бірақ мұндай қызмет көрсетушілер жұмысын ел ішіне дабыра қалмай, жасырын жасауға тырысатын. Өйткені, ол заманда біреудің үйінің жұмысын ақшаға жалданып жасау ұят саналатын. Олар «Біреудің күңі» атанудан қатты қорқатын.

Ал қазіргі кезде қоғам да, адам да өзгерді. Қазіргідей ел ішінде жұмыссыздық белең алған уақытта адамдар жұмыс таңдамай істей беретін болды. Бала күтуші, науқас күтуші, үй қызметшісі деген «вакансиялар» бүгінде қолдан қолға тимейді, қоғамда үлкен сұранысқа ие. Мұндай жұмыстарды арнайы білімі жоқ адамдармен қоса, жоғары білімді адамдар да жасауға аса пейілді. Өйткені, олардың мамандығы бойынша жұмыс істейтін жерден алатын жалақысы аз, бала-шағасын асырауына жетпейді. Жоғары білімділердің бірқатары қазіргі уақытта өздерінің негізгі қызметін амалсыздан күтушілікке айырбастап жіберген. Есімдерін атамауды өтінген жоғары білімді бірнеше танысым күтушілік жұмыстан аса бір ләззат алмағанымен, жүйкесі мен жаны тыныш екенін және жалақысы да мемлекеттік қызметтегіден гөрі едәуір мол екенін айтты. Олардың айтуынша, күтушілер мен үй қызметшілерінің орташа айлығы — 150-200 мың теңге аралығында. «Егер сол үйде тұрып, күтушілік пен үй қызметшісін қатар алып жүрсеңіз, онда бұдан да көп табыс табуға болады», — дейді олар.

Осы әңгімені естігеннен кейін жаңа замануи жұмыс орындары жайлы сараптама мақала жазуға ниет қылып, осы бағытта жазылған хабарландырулармен жұмыстанып көрдім. Енді «Сиделка», «Няня», «Домработница» сияқты көпшілік аузында жүрген атаулармен  тақырыпшаларға бөліп, алған ақпараттарымды көпшілікпен бөлісіп көрейін.

 

Науқас адамды күтуші — «Сиделка»

 

Алдымен «Сиделканың» қызметі жөнінде жазып көрейік. «Сиделканың, яғни науқасты күтушінің негізгі міндеті — ауру адамдарды күту, оның тамағын және дәрігердің нұсқамасымен белгіленген дәрілерін беру, жуындыру-шайындыру. Жеңіл-желпі науқастарды немесе көп ауырмайтын, бірақ ұмытшақ болған қарт адамдарды қарайтындардың айлығы айына 50-70 мың теңгені құрайды. Немесе олар тәулік бойғы еңбегіне 2000-4000 теңгеден алады. Ал сырқаты ауырлау адамдарды қарайтын күтушілерге тәулігіне 5000-7000 теңгеден төленеді екен. Өте ауыр халде жатқан науқастарды күтушілерге қожайындар тәулігіне бұдан екі есе, яғни 10 000-12 000 теңгеден беретін көрінеді. Мұндай науқастарды күтушілердің міндетіне оның ас-ауқатын әзірлеу, арнайы медициналық құрылғылармен тамақтандыру, дәрі-дәрмегін беру, массаж жасау, дәрігер белгілеген дәрісін құюмен қоса, ауру адамның астын тазалау, памперсін ауыстыру, бөлмесін таза ұстау секілді жұмыстар кіретінін ескерсек, мұндай қомақты қаражатты (айына – 250 мың – 300 мың теңге) табудың оңай емес екенін көреміз. Қазіргі кезде осындай мол жалақысы бар қызметті табу қиын. Мұндай еңбекақыны мұнай-газ өнімдерімен айналысатын кәсіпорындарда немесе шетел компаниясында көптен жұмыс істейтін адамдар мен тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер ғана табады. Осындай мол табысқа қызыққан қыз-келіншектер Алматы қаласына сонау Тараз, Шымкент, Түркістан, Қостанай, Семей қалаларынан келіп, күтушілік қызметке жалдануда. Алыстан келген күтушілер қожайындарының келісімімен вахталық әдіспен жұмыс жасайды екен. Яғни, екі күтуші кезек-кезек 15 күннен алмасып келетін көрінеді.

Кейбір қожайындардың айтуына қарағанда, күтушілердің дені бұрынғы медицина қызметкерлері мен оқытушылар, балабақша тәрбиешілері, кітапханашылар.

— Менің анамның сал ауруына ұшырағанына бес жыл болды. Осы жылдардың ішінде талай күтушіні жұмысқа алдым. Солардың арасында ауыр жұмысқа шыдамай өздері кетіп қалғандары да болды. Керісінше, менің және науқас анамның талабынан шыға алмағандарды өзім жұмыстан шығарып жібердім. Күтушілік оңай жұмыс емес. Бір қарағанда, бұл  жұмыс кез келген адамның қолынан келетін сияқты. Бірақ, мүлдем  олай емес. Күтушілікке де білім керек. Өйткені, күтуші аурудан әбден қажыған, көңілі пәс адамдармен жұмыс жасайды. Олар науқас немесе қарт адамдармен дұрыс сөйлесе білуі керек. Күтушілер тек науқастарды күтіп қана қоймай, олардың  жағдайын жасап, түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құра білуі қажет. Мәдениетті қарым-қатынасты ұстап тұруы керек. Оқымаған, өзін-өзі ұстай алмайтын адамдарға анамды тәулік бойына, тіпті айлар, жылдар бойына сеніп тапсыра алмаймын. Сондықтан мен анамды күту үшін бұрын мұғалім болған адамдарды немесе медицина қызметкерлерін жұмысқа алған дұрыс деп есептеймін, — дейді Сайын дейтін танысым. Сайынның рұқсатымен оның үйіне кіріп, анасын күтіп-бағып отырған келіншекпен сөйлесіп көрдік.

Өзін Маржан деп таныстырған күтуші сонау Жамбыл облысынан келіпті. Бұрын мектепте бастауыш сыныптарға сабақ берген екен. Былтырдан бері күтушілікпен айналысады. Бұған біріншіден, жұмыстағы шектен тыс жоғары талап пен жалақысының аздығы және қағазбастылықтан шаршағаны себеп болса керек. Екіншіден, отбасының ауыр жағдайы да алыстан арбалап ақша табуға мәжбүр еткен. Балаларын анасына қалдырған Маржан бүгінде Алматыда Сайынның анасын күтіп-бағуда. Сайын оған тәулігіне 7000 теңге төлейтін көрінеді.

— Тамағымды осы жерден ішемін. Көшеге шықпаймын, ешкіммен араласпаймын. Бала-шағамның амандығын ұялы телефон арқылы анамнан біліп отырамын. Сондықтан менен шығын шықпайды. Жалақымды айына бір рет аламын да, анамның карточкасына салып жіберемін. Ол кісі менің ипотекалық қарызымды төлейді және бала-шағамның тамағы мен киім-кешегіне жеткізеді. «Заманына қарай — адамы» деген. Бұрын мұндай қызмет түрін біреуге жалдану деп түсінетінмін. Сөйтем, мүлдем олай емес екен. «Сиделка», «Нянка» дегендер табысты қызмет түрі болып шықты, — дейді Маржан.

Бала оқытып тапқан азын-шоғын ақшасын ештеңеге жеткізе алмаған келіншек қиындықтан осылай шығуға ұйғарыпты. Несі бар, енді бір 2-3 жыл шыдаса, Маржан бұл қиындықтан да құтылып, ипотекадағы үйін жекешелендіріп алып, өзі айтқандай, «адамша өмір сүрмек».

Қалада күтушілердің жұмысын ұйымдастырып отырған бір азамат бар. Есімін атамауды өтінген бұл жігіттің айтуынша, күтушілік жұмыс бүгінде ең көп сұранысқа ие болып тұр. Өйткені, жеке адамдар «Үкіметтей» емес, көп талап қоя бермейді. Ең бастысы, еліміз бойынша тұрақты тіркелуде болсаңыз болғаны. Сосын туберкулезбен, СПИД-пен және басқа да жұқпалы аурулармен ауырмайтыныңыз жөнінде және ақыл-есіңіздің дұрыстығы туралы анықтама қағазы керек. Кейбір қожайындар 3х4 өлшемдегі фотосурет пен бұрын сотталмағандығыңыз жайында анықтама сұрап қалуы мүмкін.

— Күтушілер қожайындардың қалауынша әртүрлі мерзімге алынады. Бұл жұмысқа көбінесе, 20-50 жас аралығындағы оқыған, сауатты адамдар қабылданады. Күтушілікке баратындардың көбі науқас адаммен бірге тұрады. Өйткені, жағдайы қиын адамдарды күтетіндер ауру адамның қасында күндіз-түні болуы керек. Мұндай жағдайда күтушілер вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Олардың еңбекақысы да жақсы, айына 100 000-150 000-200 000 теңге көлемінде табыс табады. Кейбір күтушілер ауысыммен жұмыс істейді. Мұндай жағдайда қожайынның ұсынған ақшасын күтушілер істеген уақыттарына қарай бөліп алады. Сондай-ақ, күндіз күнде келіп, кетіп жүретіндер де бар. Олардың түнгі ауысымын көбінесе, негізгі жұмысы бар, бірақ қосымша табыс тапқысы келетіндер жалғастырады, — дейді үйлестіруші бізге мән-жайды түсіндіріп.

Күтушілердің жұмысын үйлестірушілердің айтуынша, қазіргі уақытта қалада науқас адамдар мен қарияларды күтетін оншақты орталық бар көрінеді.

 

бала күтуші — «Нянка»

Бала күтушілік те — заман талабына қарай соңғы кездері пайда болған қызмет түрі. Науқас күтушіге қарағанда, бала күтушінің атқаратын қызметі жеңілірек, бірақ оларға қойылатын талап көп. Бұл қызметті мойнына алған адам білімді әрі жаңашыл болуы керек, кейбір жұмыс берушілер бала күтушіден ағылшын тілін білуін  талап етеді. Өйткені, жұмыс берушілер баласын қыруар қаражат төлеп бақтырғасын, ұрпақтарының жан-жақты, білімді, тәрбиелі болып өсуін қалайды. Көңілінен шықсаңыз, қожайын сізге жалақыны молырақ төлейді. Қызмет көрсету ақысы атқаратын жұмысына қарай 40 000 теңгеден бастап 120 000-150 000 200 000 теңгеге дейін. Жоғары жалақы көбінесе, жаңа туған балаларды күтіп-бағатындарға беріледі. Мұндай күтушілер қожайынның қалауына қарай сол жанұяда, күтілетін баланың қасында тұрады. Жаңа туған нәрестелерді күтуге, көбінесе, жас баланы күтіп-бағудан мол тәжірибесі бар үлкен кісілер алынатын көрінеді.

Балабақшаларға бармайтын балаларды өз үйінде немесе тапсырыс берушінің үйінде кешке дейін бағып беретіндер де бар. Олар сағатына 500-1000 теңгеден алады. Сондай-ақ баланы балабақшадан немесе сабақтан кейін алып, оларды ертеңгі сабаққа әзірлейтін күтушілер де болады. Мұндай күтушілердің педагогикалық білімі болуы шарт. Оларға күніне 2000-3000 теңге төленеді. Соңғы кездері «Балаларды дамыту орталығы» мен жеке балабақшалардың көптеп ашылуына байланысты мұндай қызметке тапсырыс берушілер азайды. Айтпақшы, бала күтушілердің педагогикалық тәжірибесі жеткілікті болуы керек және олардың жинайтын анықтама қағазы науқас күтушілерге қарағанда едәуір көп. Осындай қызмет түрін үйлестіруші делдал бойжеткеннің айтуына қарағанда, бала күтушілікке, көбінесе жұмыссыз жүрген мұғалімдер мен тәрбиешілер келеді екен. «1-2 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді бағу үшін  кейбір қожайындар зейнеткер әжелерді жалдағанды жақсы көреді», — дейді ол.

Бір айта кететін жәйт, бала күтушілер науқас күтушілер сияқты вахталық әдіспен немесе  ауысыммен жұмыс істемейді. Баланы бағуға тек бір ғана адам келуі керек. Өйткені, жас балалар бір адамға үйренеді де, тек соның қасында болғанды жақсы көреді. Және қожайындар да баласының бір қалыпты, жақсы тәрбиеде болғанын қалайды.

Айтпақшы, қазіргі уақытта «Няня на час» деп аталатын орталықтар да бар. Бұл топтың адамдары қоғамдағы сұранысты тез аңғарып, оны сәтімен пайдаланып  отырғанға ұқсайды. Бұлар қандай да бір тығыз шаруасы шығып қалып, баласын кімге тапсырарын білмей дағдарып қалғандар үшін өте тиімді екен. Топ қызметкерлері ата-ананың қалауына қарай, балаларды тапсырыс берушінің үйінде немесе өздерінің жұмыс орнында бірнеше сағатқа немесе тәулікке қарап, күтіп-бағып береді. «Туыстарға жалынып жүргенше, балаларды барлық тиісті құжаттары бар, тәжірибелі мамандардан жасақталған орталыққа тапсырғанды анағұрлым тиімді санаймын» дейді осындай орталықтың қызметін үнемі пайдаланып жүрген бір көршім.

 

Үй қызметшісі — «Домработница»

 

Үй қызметшісі, бұл да — заман талабынан пайда болған мамандық. Үй қызметшісі болу оңай емес. Өйткені, ол өзі жұмыс  істейтін үйдің бүкіл тыныс-тіршілігіне жауапты. Оның мойнында сол үйдің тазалығынан бастап, ас мәзірі, кір жуу, үй иелерін жұмыстан күтіп алу, шығарып салу, қонақ күту және тағы басқа да толып жатқан жауапкершілік бар. Осы айтылған талаптардың бәріне жауап бере алатын үй қызметшісінің жалақысы 300 000-400 000 теңге дейді білетіндер. Өзім қанша әрекеттенсем де, үй қызметшісі болып жұмыс істеп жүрген адамдармен де, олардың қожайындарымен де сөйлесе алмадым. Қос тарап та, меніңше, осы бір қызмет түрінен қысылып тұрған сияқты. Естуімше, кейбір жұмыс берушілер тамақ пісіруге арнайы аспаздарды қабылдайды. Мұндай жағдайда аспаздың өзі 150 000-200 000 теңге төңірегінде жалақы алатын көрінеді. Үй қызметшісіне де білімді, инабатты, қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін алатын әдепті адамдарды қабылдайды. Ағылшын тілін білетіндердің жалақысы одан да жоғары болмақ.

 

Уақытша «күйеу» немесе «Муж на час»

 

Атауы күлкілі болғанымен, қызметтің бұл түрінің көпшілікке аса қажет екені анық. Бұл ретте ер азаматтар қажет еткендерге өздерінің қолдарынан келетін қызметтерді, мысалы, істен шыққан тұрмыстық заттарды жөндеу, электр жүйесін қосу, сантехниканы ретке келтіру секілді қызметтерді ұсынады. Естуімше, бұларға да тапсырыс көп түсетін көрінеді. Өздерінің негізгі жұмысымен қоса, осындай қосымша жұмыстармен ретін тауып айналысып, бала-шағасын асырап жүрген ер-азаматтар да аз емес.

Қазіргі таңда үй жинау, аула тазалау, кір жуу, жиһаздарды құру, сантехниканы жөндеу сияқты жұмыстардың барлығын бір орталықтан тапсырыс беру арқылы да алуға болады.  Мұндай орталықтарды клинингтік орталық деп атайды. Осындай орталықтар бүгінде еліміздің барлық өңірінде бар. Ақыры, қызметтің жаңа түрлері жөнінде жазған соң оқырмандарды өзімізге бұрыннан таныс қызмет көрсетушілердің заманауи атауларымен де таныстырып қоялық. Кәсіпорындарда жұмысты ұйымдастырушы бұрынғы бригадирлер бүгінде компанияның супервайзері, ал хатшылары менеджер деп аталады. Еден жуушыларды техоператор, күзетшілерді секьюрити  дейтін болдық.

Бүгінде жұмыс іздеп, сабылып жүрген адам көп. Мамандықтың «современный» атауларын солардың бірі білсе, бірі білмейді. Тіпті, хабарландыру арқылы ұсынылып отырған бос жұмыс орнының өзінің бұрынғы мамандығы екенін түсінбей қалуы да ғажап емес. Сондықтан, бос жұмыс орнына жиі ұсынылатын осындай вакансиялар жөнінде біліп жүрудің еш зияны жоқ.

P.S.   Бұрынғылар «Заманың түлкі болса, тазы боп шал!» деп бекер айтпаған ғой. Заман ағымына қарай пайда болған жоғарыдағы қызметтің жаңа түрлерінен қоғам ұтпаса, ұтылмай тұр. Өйткені, жеке адамдар ұсынған мұндай қызметтер арқылы жұртшылық жұмыспен қамтылуда. Және қандай жалақымен десеңізші?! Жалақысы жоғары мұндай жеке жұмысқа бүгінде тұрмыстан таршылық көріп жүрген жоғары білімді қызметкерлер де ойланбастан баруда.

Бұл жағдай, бір жағынан бәрімізді ойландыруы тиіс. Егер осы қалпымызбен жүре берсек, таяу жылдары жоғары білімді, тәжірибелі қызметкерлерімізден айрылып, кейінгі жастарға тәлімгерлік ететін адам таппай қалуымыз мүмкін. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы онсыз да қоғамды талай тәжірибелі мамандардан айырды.  Бұған қазіргі уақыттағы жеке компаниялардың  қырық жастан асқандарды жұмысқа алмайтынын қосыңыз. Сонда ел экономикасын алға қарай сүйрейтін жастар жұмысты тиімді жүргізу тәсілін кімнен үйреніп, қайдан тәжірибе жинамақ?..

Қалай болғанда да мұндай қолжетімді қызмет түрлерінің мамандарын мемлекеттің қамқорлығына алу керек болар. Оларды үйрететін арнаулы колледж ашса да артық болмас. Салық төлеу, зейнетақының қорына төлемді де оларға заңды түрде қарастырған жөн.

 

Айша ӨТЕБӘЛІ