Асылхан Мамашұлы, журналист: Халық үлкен Арал теңізі қалпына келер деп үміттенеді
Ғалымдар экологиялық дағдарысы Чернобыль апатынан кейін екінші орынға қойған Арал теңізі жайлы «Азаттық» радиосының журналисі Асылхан Мамашұлының «Қария мен теңіз» атты деректі фильмі жарық көрген болатын. «Қария мен теңізді» көрермен жылы қабылдады. Режиссерлік салада бағын сынап көрген журналист Асылхан Мамашұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Арал туралы «Қария мен теңіз» атты деректі фильміңіз көпшілік назарына ұсынылды. Әлеуметтік желідегі пікірлерден фильмді көп адам көргенін байқадық. Арал туралы деректі фильмді түсіруге не түрткі болды?
– Біраз жылдан бері «Азаттық» радиосында жұмыс істеп жүрмін. Азаттықтың үздік идеялар арасында жобалар байқауын өткізген сәттердің бірінде мен эксклюзив болар деп, Арал тақырыбын ұсындым. Ресми ақпарат көздерінен Кіші Аралдың тола бастағанын біліп, өз көзіммен көру үшін арнайы іссапармен барып қайтқан едім.
Шетелдіктер Кіші Аралдың тола бастағанынан бейхабар екен (Ел ішінде де мұнан хабары барлар көп емес деп ойлаймын). Аралды мүлде құрып кетті деп ойлайды. Сондықтан болар Арал апаты, Арал экологиясы жайында көп айтады. Дәл осы себепті Кіші Аралға су келе бастағаны олар үшін қызық тақырып болар деген оймен осы жобаны қолға алдым.
Арал проблемасы 1989 жылдан бастап айтылып келеді. 1993-95 жылдары бұл экологиялық апат аймағы болып жарияланып, ел ішінде ғана емес, теңіздің тартылып бара жатқаны туралы жазбаған, айтпаған халықаралық ақпарат құралы қалмаған шығар. Осыдан кейін қоғам Арал апаты жайлы тереңірек біле бастады, ел тұрғындары Аралдың күйін апат ретінде санасына сіңірді. Арал десе, жұрттың көз алдына көшкен құм, кенезесі кепкен жер, шаңды сор, тұз, қайырда қалған кеме, азып-тозған ауыл елестеді.
1993 жылы Қызылорда қаласында Аралды қорғау мақсатында Орта Азия мемлекеттері басшыларының қатысуымен жиын өтіп, «Аралды қорғау» халықаралық қоры құрылды, ақша жиналды. Одан кейін де Аралды қорғауға байланысты қаншама конференция өтті десеңізші?.. Тіпті, кілең ақ жағалыларды жинаған түрлі симпозимунан көз аша алмай қалған кезеңдер болды. Бірде — біреуі Аралда тұрмайтын спикерлер үстел басында жиналып Арал проблемасын шешуге талпынды. Осылай жылдар өте берді…
2005-2006 жылдары Қазақстан мен Дүниежүзілік банк ақшасына Көкарал бөгеті салынды. Бұл бөгетке санаса шаш жетпейтіндейтіндей қыруар қаржы кетті деп ойламаймын, дегенмен 1993 – 2006 жылдар аралығында Арал проблемасын шешу үшін жасалған жалғыз дүние – осы Көкарал бөгеті сияқты көрінеді. Кіші Аралдың тола бастағанын көргенде мүлдем басқаша сезімге бөлендім. Арал тартылып кетіпті дегенге құлағымыз үйреніп, көзімізге сор дала елестеп жүрген біздің жүрегімізді Кіші аралдың толқыны жібіткендей еді. Өмір тоқтап қалған жоқ, су арнасына қайта келіп жатыр. Қызылорда облысының Қазалы, Арал аудандарының бұрынғы балықшы ауылдарына жан біте бастады. Осы жайларды көзім көріп, көңілім сүйсінген соң, Арал қайта қалпына келе бастағанын неге көрсетпеске деген ой келді. Сөйтіп, жобаны ұсындым. Мұндай ақпараттар көп таралса, Кіші Аралдың толып жатқанын халық көрсе үміт артады, Аралды қорғаймыз деп жүрген жандарда сенім пайда болады. Дәл қазір тек Кіші Аралдың арнасына ғана су біршама толды. Ол Ұлы теңіздің кішкентай ғана бөлігі. Кіші Аралды ұстап тұрған Көкарал бөгетінен асқан су Үлкен Аралдың табанына кетіп жатыр, одан еш пайда жоқ.
– Бұған көзіңіз анық жете ме?
– Әрине. Бөгеттен шыққан су батпаққа айналады, қорыс болады. Үлкен Аралдың табанына барған кезде, мүлдем жоқ болып кетеді. Кіші Аралды қалпына келтіру үшін салынған Көкарал өзінің міндеті мен қызметін толық атқарды. Жергілікті тұрғындар осы бөгетті тағы да көтеруді күтіп отыр. Бөгет көтерілсе су далаға кетпейді.
2016 жылы Астанадағы Су шаруашылығы басқармасы маманынан арнайы сұхбат алған едім. Ол кісі Кіші Аралдың Арал қаласына 20 шақырым жақын қалғанын айтқан болатын. Содан әлі ешнәрсе өзгерген жоқ. Көкарал бөгетінен суды шлюздар арқылы жіберген. Сырдариядан қанша су келсе, сонша су қайта ағып кетіп жатыр. Мен бұл деректі фильм арқылы Көкарал бөгетінің жергілікті тұрғындар үмітін қайта жаққанын көрсеткім келді. Арал тартылған соң жан-жаққа көшкен ағайын Қапшағай, Көкшетау, Қостанайға дейін жетті. Кіші Арал қайта толған соң қайта көшіп келе бастады. Қазір керісінше, су бар, балық бар, бірақ балық аулайтын қайық аз. Бұрынғы Аралдан қалған ескі-құсқы қайықтарды мініп жүр. Оның өзін Арал тартылғанда жан-жаққа алып кеткен екен, кәсіпкерлер жинап әкеліп жатқан көрінеді. Жоспар бойынша Көкарал бөгетін бұдан да биіктетіп, көтеріледі, Сырдария өзенінің арнасы да тазаланады дейді. Әрине, бір күнде шешілетін мәселе емес, біраз уақыт алады. Бұл процесс өте баяу жүріп жатқан сияқты. Кезек күттірмейтін мәселе ғой, жылдам шешілсе дейсің.
— Жақында әлеуметтік желілерде Арал қаласында жер астынан су шығып жатқанын көрсеткен видеолар пайда болды. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?
— Желіде пайда болған видеоны зерделемедім. Аралға екі жақтан су барады: бірі — Сырдария, екіншісі — Әмудария. Сырдарияның суын Кіші Аралдан тоқтатып, алдын бөгедік. Ал Әмудариядан Аралға мүлдем құймайды. Қызылорда облысында бір парадокс жағдай бар. Сырдария үлкен өзен. Оған жергілікті тұрғындар дария дейді. Сырдариядан бөлініп шығатын «Жаңадария», Қуандария дейтін каналдар бар. Қуандарияның мен көрген кездегі ені 4 метр, тереңдегі 2 метрдей екен. Қармақшының тұсынан өтіп бара жатқанда көрдім. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл су Қазалыдан өткеннен кейін құмға сіңіп кетеді екен. Суды жан-жаққа жібермей, Аралға неге құймайды деп сырт көрген адам бірден таңырқайды. Алматыға келген соң Су шаруашылығына басшылығына қоңырау шалып, істің мән-жайын сұрадым. Қателсеспесем, 2014 жылдар шамасы. Арал бассейні бойынша маман екен. Мәселеден хабары бар боп шықты. Құмға сіңген су Аралдың түбінен шығады деді. Бұны ешқандай қисынға келтіре алмадым. Бәлкім, бүгін шығып жатқан су соның нәтижесі шығар? Оны да жоққа шығаруға болмайды.
– Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жайында не айтасыз?
– Кейде біздің Үкімет жасаған ісін анық көрсете алмай ма деп ойлаймын. Биліктің жасаған шаруаларының бірі — Арал өңіріне сексеуіл егуі. Сексеуіл егілген жерден бұрынғыдай тұз көтерілмейді екен. Тұрғындардың айтуынша, қатты жел тұрғанда ғана Үлкен Аралдан жақтан тұзды шаң келетін көрінеді. Бұрынғымен салыстырған әлдеқайда жақсы. Адамдардың көңіл-күйі көтеріңкі, теңізбен бірге сенімдері де оралғаны байқалады. Теңізімізді толтырған Елбасы дейтін пікірлерін естідім. Қостанайдан көшіп келген балықшымен әңгімелестім. Аралдың тумасы екен, кезінде жұмыс іздеп Қостанайға дейін кеткен. Ұн шығаратын зауытта жұмыс істепті. Кейін Кіші Арал толған соң қайтып келген. Жатпай-тұрмай тырысып жұмыс істесе айына 500-600 мың теңге табамыз дейді. Қарашалаң, Бөген дейтін екі ауылға бардым. Сырттан келген адам бірден байқайды. Үйлердің шатырының көбі жаңа. Ауылдағы үйлердің біразы жаңадан салынған. Бұл фильмді деректі фильм деп атай алмаймын, әрине, себебі бар – жоғы екі күнде түсірілді. Бір қарияның өмірбаяны баяндалған. 1950 жылдары Арал теңізінде балық аулаған қария Өмірзақ Досжанов теңіздің тартылғанын да, балықшылардың кәсібін тастап, өзге өңірлерге көшкенін де көрген. Тұтас дәуір көшіне куә болған қария Кіші Аралдың оралғанына шүкіршілік етеді, көшіп кеткендердің қайта оралып, теңізге шыға бастағанына қуанады. Үлкен Арал теңізі де қалпына келер деп үміттенеді. Тоқсанды алқымдаған қария «Құрдастарым қайтып кетті, Алла рұқсат еткен күні ол жаққа барам ғой, сонда ондағыларға Арал қайтып келді деп айтамын», – дейді.
– Сонда Арал өңірі тұрғындары мен балықшылардың бар мәселесі шешілді деп айта аласыз ба?
– Жер мәселесі толғандырса халық алаңға шығып кетуге дайын ғой… Оған 2016 жылы көзімізбен көрдік. Су мәселесін ешкім айтпайды, халықты алаңдатпайды. Фильм түсіру барысында балықшылар бір кәсіпкерге алғыс жаудырды, оның балықшыларға берген қайығын көрсетті. Өздерінде қайық жоқ, қайықты кәсіпкерден жалға алады екен. Кіші Аралдың бетін қаламмен сызғандай, ірі кәсіпкерлер бөліп алыпты. Су бетін игеру үшін балықшыларға жалға беретін көрінеді. Кіші Аралдың болашақ «латифундистері» жайлы зерттеу материалын жасауым мүмкін. Өте қызық тақырып. Құқықтық жағы қаншалықты дұрыс-бұрыс екенін айта алмаймын. Бәлкім, ол да дұрыс шығар? Балықшылар жол полициясы қызметкерлерінен емес, су полициясынан қатты қорқады. Балықшылар теңізді қара жер секілді жақсы көреді. Олардың негізгі проблемасы – ау. Қытайда шықан аумен балық аулауға рұқсат жоқ. Ал қазақ ауына балық түспейді. Қытай ауына жақсы түседі. Браконьерлер көбіне қытай ауымен аулап, кей уақытта ауды тастап кететін көрінеді. Қытай ауы суда шірімейді, ауға түскен балық су астында қырылуы мүмкін. Қытай ауымен аулағанын көрсе, су полициясы көп көлемде айыппұл салады. Ал қытай ауынсыз балық аулайтын балықшы жоқ дейді.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан —
Бауыржан Карипов