«Әулиекөл» субсидиядан қағылды
Үкімет қазақтың «Әулиекөл» асыл тұқымды ірі қарасын субсидиядан неге қалыс қалдырды? Бұл жөнінде бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаты Ерлан Барлыбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына депутаттық сауал жолдады.
«Осы жылы Үкімет асыл тұқымды малдың өнімділігін арттыру үшін субсидияның жаңа Ережелерін бекітті. Алайда, Ережеде отандық ірі қара малдың етті тұқымдарының санын ұлғайтуды ынталандыру шаралары қарастырылмаған. Яғни, импорттық аналық мал басын субсидиялауды сақтап қалып, ал отандық асыл тұқымды таналарды сатып алу мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр», — деп мәлімдеді Барлыбаев.
Депутаттың айтуынша, елімізге кез келген тұқымның аналық мал басын әкеліп, ол үшін субсидия алуға болады. Дегенмен, Әулиекөл тұқымы Қазақстаннан басқа жерде жоқ, сондықтан оны ешқайдан әкеле алмаймыз. Егер елімізде асыл тұқымды аналық басты сатып алуды субсидиялау тоқтатылса, ет өндірушілер толығымен импорттық асыл тұқымдарды әкелуге мәжбүр болады. Осының салдарынан уақыт өте келе жалғыз қазақстандық, экспорттық потенциалы жоғары тұқымның саны азаяды.
Естеріңізге сала кетейік, 1992 жылы елімізде жаңа Әулиекөл арнайы етті ірі қара тұқымын шығару жұмыстары сәтті аяқталды. Осы жұмысқа отандық селекционерлер мен ғалымдардың 30 жыл қажырлы еңбегі мен өмірі арналды. Дәл осы Әулиекөл тұқымы қазақстандық брендке айнала алатын отандық селекцияның алғашқы және әзірге жалғыз жетістігі болып отыр.
Қазақстанда ет өндірісі, ауыл шаруашылығының ең негізгі және басым саласының бірі болып табылады. Елбасы 2014 жылғы Жолдауында елімізді аса ірі аймақтық ет экспортёрі ету жөнінде міндет қойған.
«Бірақ, мемлекет импортты субсидиялауға және шетелдік ірі қараны бағып-қағуға әжептеуір қаражат бөліп, ал қазақтың «Әулиекөл» асыл тұқымын назардан тыс қалдырып отыр», — деп атап өтті халық қалаулысы.
Айта кеткен жөн, бұл тұқымның ең басты ерекшелігі — ол біздің қатаң климатқа бейімділігі және етінің жоғары сапасы. Төлдеу қабілеті өте жоғары, орташа көрсеткіші 80-85 пайыз, жақсы күтім көрсе 97-100 пайызға жетеді.
Кооператив қажет, бірақ кемшін тұстары көп
Пікірсайыс клубының модераторы Қалқаман Сарин: «Жалпы, «ауылы аралас, қойы қоралас» деген қарапайым қағиданы ұстанған қазақ деген халық үшін кооператив деген ұғым әуелден жат емес. Сондықтан ежелден бірлесіп, ұжымдасып өмір сүрген, еңбек еткен қазақ қоғамы үшін кооперацияны бүгінгі заман талабына сай өңгеріп алып кету онша қиын іс көрінбеуі мүмкін. Әйтсе де, ежелден үйір-үйір жылқы ұстаған, отарымен қой айдап, табын-табын сиыр баққан халқымыз бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына келгенде, неге күрделі мәселелерге тіреліп қалып отыр?!» — деп жиналғандарға көптің көкейінде жүрген өзекті сауалды ортаға салды.
Осы орайда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «ішкі нарықты төл өнімдерімізбен қамтып, экспорт сұранысын да қанағаттандыруға не кедергі болып отыр?» деген мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, оның маңызды бірнеше себептерін анықтағанын айта кету керек. Алдымен, палата мамандары «Магнум», «Арзан», «Рамстор», «Метро» сияқты ірі сауда желілерінің бірінші басшыларымен тікелей кездесіп, олардың негізінен қандай тауар сатып тұрғанына назар аударған. Аталған сауда орындарында ауылшаруашылық тауарларының көбі импорттық тауарлар болып шыққан. Мәселен, картоп Пәкістаннан, жеміс-жидек Өзбекстан мен Қырғызстаннан, сүт өнімдері мен ет өнімдерінің көбі Ресей мен Беларуссиядан. Мұның себебін түсіндірген сауда желілерінің басшыларының сөзімен де келіспеске.
«Қазақстанда шаруашылықтар өте майда. Сондықтан олар бізге тиісті деңгейде тауарларды жеткізіп бере алмайды. Мәселен, тауарды сауда айналымына кіргізу үшін оны алдын ала дайындау қажет. Оны жуу, тазалау, арнайы орамдарға орау, колибровкасы бар. Міне, осындай жұмыстар бізде ұйымдастырылмаған. Екіншіден, тұрақтылық жоқ. Науқанның кезінде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында жаппай бәрі бізге арзан бағада жеткізеді де, қалған уақытта ол тауарлар жоқ Қазақстанда. Ал менің сауда орталығыма жыл он екі ай, 365 күн бұл тауарлар келіп тұруы керек. Себебі, тұтынушылар бізге бір келеді, екі келеді, үшінші келгенде сол тауарды тағы таппаса, келесі жолы мүлде келмейтін болады. Сондықтан мен ондай үлкен тәуекелге бара алмаймын», — дейді олар.
Жалпы, қазір мемлекет ауыл шаруашылығы саласын қолдаудан кенде қылып отырған жоқ, тек сол қолдауды пайдалана білу тетіктерін білген жөн. «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені хатшылығы хатшысының орынбасары Дінмұхамед Әбсаттаровтың айтуынша, әр өндірілген сүтке, етке және де ол асыл тұқымды мал асырайтын болса, жоғарғы деңгейде сүт пен ет беретін мал асыраса, оның жемінен бастап, сауылған сүтіне, өткізілген етіне дейін мемлекет тарапынан қолдаулар бар. Соның барлығы жеке тұрғындарға қолжетімсіз болып отырса керек.
«Мәселен, ет бағытында үш деңгейде қаржылай көмек беріледі. Ең алдымен, малдың азығын дайындауға мемлекет тарапынан қолдау бар. Асыл тұқымды мал асырап жатқан болса, оның бірінші деңгейінде 3000 бас ірі қара мал асырайтын болса, оған 220 теңгеден мемлекеттен қайтарымсыз қаражат беріледі. Екінші деңгейде, ол 1500 басқа 170 теңгеден береді. Үшінші деңгейде 400 бастан кем болмауы керек. Одан бөлек, асыл тұқымды бұқа сатып алатын болса, оған 154 мың теңге беріледі, ол бұқаны жыл бойына асырауға, жем-шөбімен қамтамассыз етуі үшін 108 мың теңге тағы беріледі», — дейді Әбсаттаров.
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты Аралтөбе ауылында жақында құрылған «Рахат+» кооперативінің төрағасы Абзал Нығметтің айтуынша, кооперативке бірігуді ауылдың 55 жеке үйіқолдап, алты жүз бес бас малын қосқан. Аудан әкімдігі тарапынан мал жайылымына 5 мың гектаржер бөлініп және арнайы құдықтар қазып беретін болыпты. Дейтұрғанмен, онда да күрделі мәселелер жетерлік екен.
«Біз кооператив құрар кезде оның артық-кем тұсын ешкім түсіндіріп бере алған жоқ, әу баста. Өзімізше жобалап, асыл тұқымды бұқа алып, онымен қосқан аналығымыздың субсидиясын халықпен бөлісеміз деп ойладық. Сөйтсек, мұның механизмдері біз ойлағаннан басқаша болып шықты. Адам болған соң, сенімсіздік болмай тұрмайды, қолында азғантай малынан айрылып қалам ба деген қауіп те жоқ емес ел-жұртта. Мен кооператив басшысы ретінде мемлекеттен бөлінген барлық игіліктерді алып, байып кетіп жатыр екен деп те ойлайтындар бар. Енді әне-міне, малды өріске шығарып, асыл тұқымды бұқамен қосып, тұқым өзгертуіміз керек, оған дайындығымыз да жоқ, шыны керек. Ауылдықтар кооператив құрамына алты жүздей бас мал қосты, оны түгел өріске алып кетем десем, біразы келіспеуі мүмкін, өйткені сауып отырған сиыры, бір отбасы соған қарап отыр. Сондықтан алты жүз бас малдың шамамен төрт жүзін сауынға алып қалуы мүмкін. Сонда екі жүз бас малға ғана субсидия аламыз ба? Қалған төрт жүз бас малға да алсақ деп сұрап отырмыз, ол жағы әлі белгісіз бірақ», — дейді өндірістік кооператив жетекшісі Нығмет. «Онсызда «шықпа жаным, шықпалап» отырған майда шаруашылықтарды кооперативке біріктірген соң, мәселен, сүтін өткізуге шағын зауыт ашуға, малдың жем-шөбін дайындауға тағы басқа керек-жарағына қаражат керек болады. Оны қайдан алады? Мысалы, «кооперативке қаржы кепілдіксіз беріледі» дейді, бірақ бұл сөз күйінде ғана айтылып отыр әзірге. Осы қаржы мәселесін шешу керек алдымен», — дейді Сарханов.
Сайып келгенде, бүгінгідей алма-ғайып кезеңде «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп әркім өз бетінше тірлік қылмай, ортақ мүдде, ортақ істің төңірегіне бірігіп, жұмыла еңбек ету уақыт талабы болып отыр. Пікірсайыстан ұққанымыз, кооператив құрудың артықшылықтары көп, бірақ әлі де нақтыланбаған кемшін тұстары да жетерлік екен. Қалай дегенмен, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын өрістетуге негіз қаланды. Ендігі мәселе соның дұрыс ұйымдастырылуында, бөлінген қаржыны ұқсата білуде болып отыр.