Павлодар облысы Қазақстанның ЕАЭО елдеріне жасайтын экспорты бойынша үздіктер қатарына енді  

 

Өңірдің экспорттық тасымалы 1,7 есе, шикізаттық емес экспорттың көлемі 2,5 есе өсті. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі аймақ тұрғындарымен есептік кездесуінде айтты.

Аймақ басшысы атап өткендей, 2018 жылы облыста экспорттық тауарлар тізбесі біршама кеңейді. Экспорттық тауарлардың қатарына қоспалы алюминий, алюминийден жасалған автомобиль дискілері, жаңа құрылыс материалдары бар.  

— Біздің облыс еліміздің өңдеу өнеркәсібі бойынша үздік үштіктің қатарында келеді, — деді аймақ басшысы. – Өңдеу секторына құйылған инвестициялардың көлемі бойынша біз республикада екінші орында тұрмыз. Осы саладағы өсім 6 пайызды құрады.  Соңғы екі жылда ЖӨӨ-гі өңдеу саласының көлемін 29%-дан 31,3%-ға дейін өсті. Қазіргі кезде өңдеу секторы өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінің 64%-ын құрайды.

Өңірде инвестицияларды тартуға көп көңіл бөлінеді. Өткен жылы негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 473 миллиард теңгені құрады, ал, соңғы үш жылдың ішінде бұл көрсеткіш 1,4 триллион теңгеге жуықтады.

— Осы инвестициялардың 100 миллиард теңгеге жуығы шағын және орта бизнес үлесіне тиесілі екендігі қуантады, — деді Болат Бақауов. – Кәсіпкерлік секторда 44 мыңға жуық субъект қызмет етеді. Олар 131 мың адамды немесе облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 32 пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл сектордағы салықтық түсімдердің көлемі 63 миллиард теңгені құрайды.

Аймақ басшысы осы жылы «Инвестор үйі» ашылатынын айтты. Мұнда Оңтүстік Корея, Жапония және Грузияның тәжірибесі бойынша әрбір инвестор «бір терезе» қағидасымен өз жобасына қатысты қызметтердің барлық түрін алады.

— Осы жылы жаңа «Достық» шағын ауданының құрылысы басталады, — деді облыс әкімі. – Жаңа құрылыс алаңында 470 мың шаршы метр немесе 7,5 мың пәтер салынады деп жоспарланып отыр. Әр отбасы үшін  «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі кезде бұл бағдарлама бойынша 70 несие берілді. Банктерде қосымша 155 өтінім қаралып жатыр. Өткен жылдан бастап медицина қызметкерлеріне 1 миллион теңгенің «тұрғын үй сертификаттары» беріле бастады. Қазіргі кезде 12 дәрігер жаңа тұрғын үйге ие болды. Тағы 8 дәрігер несие бойынша банктің шешімін күтіп отыр.

Есептік кездесудің соңында Болат Бақауов жергілікті басшылар халықтың проблемасын біліп қана қоймай, оларды шешу керек екендігін атап өтті. Аймақ басшысының айтуы бойынша мемлекеттік органдардың жұмысының нақты нәтижесі болған жағдайда ғана билік органдары халықтың сеніміне ие болады.