Павлодарда «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі өтті

Қаламыздағы Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында дәстүрлі музыка фестивалі өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Фестивальді өткізудің басты мақсаты – жыр, терме, ән, күй секілді дәстүрлі музыка өнерін кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу.

Өнер кешінің қонақтары алдында сөйлеген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аталған фестивальдің қазақ өнерін насихаттаудағы ерекше маңыздылығын атап өтті.

— Қазақ өнеріне Иса мен Майраны, Естай мен Иманжүсіпті берген қасиетті Ертіс өңіріне қош келдіңіздер, — деді Мейрам Бегентаев. – Өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу үшін осы фестивальге жастарымызды көптеп шақырттық. «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі еліміздегі дәстүрлі музыканың дамуына сүбелі үлес қосады деп сенеміз.

Аталмыш фестивальді «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айқындалған идеяларды жүзеге асыру мақсатында өткізуде. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаеваның айтуынша, Павлодар фестивальді қабылдаған екінші қала.

— Нұр Отан» партиясы аталған мақалада көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі істерді жалғастыра отырып, «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалін өткізуді қолға алды, — дейді Жұлдыз Тәйкебаева. – Сонымен қатар, бұл фестиваль партиямыздың 20 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралардың аясында өткізілуде. Фестивальді 2019 жылғы қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірлерінде өткізу жоспарлануда.

Концерт кезінде көрермендер көптеген майталмандарының өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Кешті атақты жыршы-термеші Алмас Алматов жүргізіп, Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, Гүлмира Сарина секілді әншілер концерттің көркін қыздырды. Залға жиылған қауым белгілі күйші Батыржан Мықтыбаевты үлкен қошеметпен қарсы алды. Өз кезегінде, өнерпаз Құрманғазының күйлерін зор шеберлікпен орындап, залдың ерекше ілтипатына бөленді.

— Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау, — дейді дәстүрлі әндерді орындаушы Медғат Манапов. – Бүгінгі концерт – ертеңгі тарих. Сол себепті бүгінгі әртістердің өнері болашағымызға, яғни келер ұрпақтың тәрбиесіне қосқан үлесіміз деп білемін.

Айбек Жұматов