Болат Бақауов көп балалы анаға штаттан тыс кеңесші болуды ұсынды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «Нұр Отан» партиясы өңірлік филиалында көп балалы аналармен кездесті.

Бұл күні әйелдер қауымын білім беру, ТҮКШ, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары қабылдап, тиісті көмек пен кеңес берді.

— Бұл алаң күн сайын жұмыс істейтін болады, — деді Болат Бақауов.

— Дүйсенбі күні аудандар және қалалардың әкімдерімен жиын өткізіп, көп балалы отбасылардың әлеуметтік төлқұжатын құрастыру туралы тапсырма берілді. Мен өзім де 11 бала дүниеге келген отбасынан шыққанмын. Оныншы баламын. 14 жасымнан жұмысқа салып, тәрбиелеген ата-анама ризамын. Өзім бес бала тәрбиелеп отырмын. Бүгінгі кездесуге 300-ден астам адам жиналды. Көтеріліп жатқан мәселелерді жақсы білеміз. Бір күннің ішінде барлық мәселені шешу мүмкін емес. Дегенмен, әрбір жағдайды қарастырып, қажет болса үйлеріңізге барамын. Облыс әкімі бірқатар мәселелерді облыс деңгейінде шешуге болса, кейбір сұрақтарды республика көлемінде қарастырылатынын атап өтті.

— Көпшілікті тұрғын үй, жәрдемақының көлемін арттыру, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жеңілдікпен ем алу, қоғамдық көлікте жүру жолақысы мазалайтыны белгілі. Көп балалы отбасыларға депутаттар, бизнесмендер, шаруа қожалықтардың басшылары бекітіледі. Олардан бір реттік көмек талап етілмейді. Адамдарға балық емес, балық аулау үшін қармақ беру керек. Яғни, жұмысқа орналастырып, білім алуға және тағы басқа мәселелерін шешуге көмек көрсету қажет, — деді аймақ басшысы. Көп балалы аналардың мұңын бастамашыл топтың жетекшісі Динара Салықова жеткізді.

— Біздің негізгі үш мәселеміз бар: баспана, көп балалы аналар үшін төленетін жәрдемақы мен бір жасқа дейінгі берілетін жәрдемақы, — дейді жалғызбасты ана.

– Мен өзім төрт бала тәрбиелеп отырмын. Мемлекет ұсынатын бағдарламаларға қатыса алмаймын. Себебі, тапқан ақша бірінші жарнаға жетпейді.  Әйелдер қауымы төрт бала үшін мемлекет тарапынан төленетін 10,5 мың теңге ешқайда жетпейтінін айтып шағымданды.

— Мысалы, Астанада бұл мәселе қарастырылуда. Неліктен әйел адам бала туғаннан кейін бір жасқа дейін ғана жәрдемақы алады. Баланы үш жастан ғана балабақшаға қабылдайтыны белгілі, — дейді олар. Болат Бақауов Динара Салықоваға штаттан тыс кеңесші болып, көп балалы аналардың мәселелерін шешу үшін бастамашыл топқа кіруді ұсынды.

— Аптасына бір рет кездесіп, бірге жұмыс істейтін боламыз, — деді облыс әкімі. Әйелдер қауымы облыс әкіміне Telegram мессенджеріне қосылу туралы ұсыныс білдірді. Әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 8625 отбасы тұрады. Оның ішінде 3839-сі төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отыр. Жергілікті деңгейде 2000 адам жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек алса, оның 336-сы көп балалы отбасылар. Жыл басынан бері шамамен 1000 отбасына 4,2 млн теңгеге көмек көрсетілген. Оның 135-сі көп балалы жанұя.

Ақбота Сейсенбаева Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz