ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҚАЗАҒЫМА БҰЙЫРСЫН!

Намыс деген өте биік, биік шың,
Сезіміңді нәпсіменен тыйыпсың,
Махаббатсыз отан құрып адасып,
Өміріңнің алтын құнын қиыпсың.

Жас өмірің ылаң болып жат елде,
Болашағың қалып тұр-ау қатерде,
Қазақ болып өзге ұлтты таңдасаң,
Өшерсің-ау – сақта мұны қаперде!

Тектіліктің тас қайнаған мекені –
Қазақстан әр қазаққа жетеді,
Жер жаннаты – туған мына өлкеден
Тексіз, епсіз, ессіз қыздар кетеді.

Мал-дүние – бақыттың шын құны емес,
Байлық үшін кеткендері сыр емес.
Бастысы, ол туған елдің төрінде
Жүрмеген соң, бақыт деген құр елес.

Ей, қаракөз қыздарым-ай әдемі,
Тектілікті сақтасаңыз кәні еді,
Талай-талай қазақтың жүр жігіті,
Жүрегіңнің төрі – арман, әлегі.

Маңғазданып мұздай болып қатқанша,
Тоқалы бол қазақ жігіт жар алса.
Өз көгіңде бұлыт болып қалқығын,
Өзге аспанда айдай еніп батқанша.

Шақырса да қиыр шығыс, қиыр шың,
Сен еліңнің ет бөлшегі түйірсің,
Ұлты ұлы рухы биік елімнің
Қазақ қызы қазағыма бұйырсын!

© Жасмин Ашимова