Ж.ТҮЙМЕБАЕВ ЖАСТАРДЫҢ ТЫҢ ИДЕЯЛАРЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Түркістан қаласында «Жаңарған Түркістан – жаңа мүмкіндіктер алаңы» атты өңірлік жастар форумы өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова қатысты. Еркін форматта өткен жиында түрлі салада еңбек етіп жүрген өңір жастары өз жобалары мен жұмыстары туралы баяндап, облыс әкіміне талап-тілектері мен ұсыныстарын да жеткізе білді.
Мәселен, Ақерке Әліпова атты жас кәсіпкер қаланың орталығынан ұлттық сусындар мен тағамдар ұсынатын үлкен дәмхана ашып, өз кәсібін кеңейткісі келетінін айтса, Азия ойындарының чемпионы Дидар Хамза Түркістан жастарына заманауи спорт ғимараттары қажет екеніне тоқталды. Өзге де жастар пікірлерін ортаға салды.
Әрбір жастың сөзін мұқият тыңдаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы жиындағы ұсыныстар түгел хаттамаға енгізіліп, арнайы жұмыс жүргізілетінін айтты.
 «Елбасымыз «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты жастар форумында жастарды қолдау бағытында нақты міндеттер жүктеді. Осыған орай, Түркістан облысында да жұмыстар қолға алынып жатыр. Биыл «Жастарды тұрғын үймен қамту» жобасы аясында түрлі көздерден 260 жас үймен қамтылады. Жалпы жастарды баспанамен қамту ісі жанданады. Жыл сайын облыста 4 мыңдай оқушы жоғары немесе арнаулы оқу орнына түсе алмайды екен. Олардың арасында көпбалалы отбасыдан шыққандар көп. Сол жастар үшін біз “Мобильді оқу орталықтары” жобасын қолға алып,  4000 баланы еңбек нарығында сұраныс жоғары мамандықтарға дайындаймыз. Бүгінгі ашылған жастар орталығы жастар үшін қызмет ететіндіктен мұнда бюрократия емес, демократия болсын. Осы орталықта жастар үшін елге танымал азаматтармен «Рухани жаңғыру дәрістері» тақырыбында кездесулер тұрақты өткізілгені жөн. Түркістанда спорт кешендері де, сәулетті ғимараттар да салынады. Бұның бәрі жастар үшін жасалып отырған мүмкіндік», – деді Жансейіт Түймебаев.
Сондай-ақ өңірде 100 гид арнайы оқу курсынан өтіп, жұмысқа орналасады және «Жастардың туристік ассоциациясын» құрылады. Елбасы қолдауымен Түркістанда салынып жатқан ғимараттардың құрылысына өңірдің 3000 жас өрені жұмысқа тартылып, 1300 жас «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтылады. Жас кәсіпкерлерге 4 пайызбен 2 млн. теңгеге дейін несие беріледі. “Жастар практикасы” бағдарламасы аясында 5500-ге жуық жасқа қолдау білдіру үшін 2 млрд. теңге бөлінеді.
Жиында ҚР қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова да құттықтау сөз сөйлеп, Түркістан жастарының еңбекқорлығы мен белсенділігін жоғары бағалады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі